Жамбылдық прокуратура ҚХР, Өзбекстан, Қырғызстан азаматтарын заңсыз еңбекке тартудың жүздеген фактілерін анықтады
ТАРАЗ. 23 тамыз. ҚазАқпарат - Жамбылдық прокуратура ҚХР, Өзбекстан, Қырғызстан азаматтарын заңсыз еңбекке тартудың жүздеген фактілерін анықтады, деп хабарлады қадағалау ведомствосынан.
«Жұмыс берушілердің шетелдік жұмысшыларды тартуға рұқсат алу мақсатында жалған құжаттар мен мәліметтерді ұсынуының көптеген фактілері анықталды», - деп баяндады Жамбыл облыстық прокурорының орынбасары Халидолла Дәуешов.
Шетелдік жұмысшылардың қазақстандықтармен арасалмағын сақтамау фактілері «Дженгиз Иншаат Санай» (20 рұқсат беру), «Азия Ирбис» ЖШС (13 рұқсат беру), «Аль-басар» ЖШС (50 рұқсат беру), «ДОКНИСГ» ЖШС (137 рұқсат беру), «Жаңатас құрылыс материалдарының комбинаты» ЖШС (66 рұқсат беру) қызметтерін тексеру барысында анықталды.
Өткізілген тексеру жұмыстарының қорытындысы бойынша облыстық прокуратура органдары өкілетті органдарға шетелдік жұмысшыларды тартудың 458 рұқсатын кері қайтарып алу мәселелерін қоюмен қатар, заңдылықты бұзуды жою туралы 9 ұсыныс енгізді. 182 шетелдік азаматқа қатысты әкімшілік істер қозғалды, соны қарау қорытындысында олардың барлығы әкімшілік қамауға алынды, соның ішінде 33 адам елден шығарылды, деп хабарлайды қадағалау ведомствосынан.