Жамбылдықтар Отбасы күні спортшы және өнерлі әулеттерді таңдады
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында Отбасы күніне арналған мерекелік шаралар барлық қалалар мен аудандарда өтуде, деп хабарлады өңір әкімдігінің ішкі саясат басқармасы.
Тараздағы Тұрар Рысқұлов атындағы мәдениет және демалыс саябағында өткен фестивальға қатысушылар отбасылық құндылықтар және бақытты отбасылық өмірдің құпиялары жайлы әңгіме өрбітті. Саябақ сахнасында Жамбыл облысындағы жиырмаға тарта этнобірлестіктер өкілдері концерт қойды.
Облыс орталығының «Жеңіс» саябағында «Үлгілі отбасы» спорттық жарыстары өтті, оған 20-дан астам отбасылар қатысты.
Жуалы ауданында «Жас отбасы - 2014» аудандық байқауы өтуде. Жас жұбайлар отбасы өмірінің дағдыларын көрсетіп, күрделі тұрмыстық міндеттерді шешуге әзір екендіктерін байқатты. «Жуалы қанағат» қоғамдық бірлестігі «дөңгелек үстел» жанына Жуалы ауданының орталығы - Бауыржан Момышұлы ауылының отбасыларын жинап, «Жауапкершілік - бақытты отбасының негізі» деген тақырыпта өз ойларын ортаға салды. Қордай ауданындағы Сарыбұлақ ауылының №31 орта мектебінде «Үлгілі әке» атты спорт жарыстары өтуде.
Рысқұлов атындағы аудан орталығы - Құлан ауылының Шоқан Уәлиханов атындағы мектебінде «Әкем, анам және мен» деп аталатын спорт жарыстары қызықты өтті.
Мерке ауданында өнерлі отбасылар сайысқа түсті. Қостоған ауылында «Отбасы - өнер кеніші» атты отбасылық ұжымдардың фестиваль-концерті ұйымдастырылды.
Аудан орталықтарында Отбасы күніне арналған гала-концерттер, «Отан - отбасынан басталады» деген тақырыптарда «дөңгелек үстел» отырыстары, ақсақалдардың жастармен кездесулері өтуде, деп нақтылады Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы.