Жамбылдықтар Түркістан облысына азық-түлік, киім-кешек жіберді

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Түркістан облысының су басқан ауылдарына гуманитарлық көмек жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жамбылдықтар Түркістан облысына азық-түлік, киім-кешек жіберді

Жамбыл облысының әкімдігі Түркістан облысының су басқан аймақтарына гуманитарлық көмек көрсетті. Жексенбі, 3 мамыр күні азық-түлік және алғашқы кезектегі қажеттілігі бар тауарлар тиелген жүк көліктері көрші облысқа аттанды.

«Жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен 30 тонна азық-түлік өнімдері жиналды. Оның ішінде 10 тонна ұн мен күріш, 5 тонна қант, 2 тонна макарон және өсімдік майы, 1 тонна қарақұмық бар. Сонымен қатар, қиын жағдайға тап болған отандастарымызға арналған гуманитарлық көмекке 10 мыңға жуық тауарлар , атап айтсақ аяқ-киім, футболкалар, жейделер, шалбарлар, балалар киімдері, төсек-орын жабдықтары және басқа да заттар жиналды», - деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календеров.