Жәмішев «Mega SilkWay»-ге жұмсалған БЖЗҚ ақшасын тездетіп қайтарудың себебін түсіндірді

"Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан займ алушы - Қазақстан даму банкі. Mega-ның өзі емес. Банктің қазіргі рейтингісі, яғни тұрақтылық пен сенімділік деңгейі жақсы. Қазақстанда ондай дәрежесі бар қаржы ұйымдары некен-саяқ. Сол себепті, қордың ақшасы банкке займ ретінде берілді. Аталған қарыздың мөлшерлемесі жоғары. Ол Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры үшін тиімді. Алайда Mega ол қарызды алдын ала өтеп жатыр. Олар бес миллиард теңгені өтеп тастады. Қазіргі кезде тағы бір миллиард бойынша келіссөз жүргізуде. Оның себебі белгілі, қарыздың мөлшерлемесі тым жоғары. Осыған байланысты олар қарызды тездетіп жауып тастауға тырысуда", - деді Жәмішев бүгін Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Айта кетейік, бұған дейін "Mega Management" компаниясы БЗЖҚ-ның қарызын тездетіп өтеудің екі себебін атаған болатын. Біріншісі - жоғары мөлшерлеме, екіншісі - қазақстандықтардың наразылығы. Займның жалпы соммасы - 15 млрд. теңге. Аталған қаржы 18,5 пайыздық мөлшерлемемен 15 жылға берілді.
Бүгінгі баспасөз мәслиxатында Болат Жәмішев девальвацияға қатысты өз болжамын да жариялады .
Сондай-ақ Қызылорда қаласындағы шыны зауытының құрылысы жайында айтып берді .
Ал шара соңында "Банктен займ алғандар - ірі кәсіпкерлер. Олар Forbes-тің тізіміне кіреді. Осының өзі Қазақстанның даму банкінің олигарxтардың мүддесіне жұмыс істеп жатқанын көрсетпей ме?" деген тілшінің сұрағына жауап берді.