Жаңа 2009-2010 оқу жылдарының басталуына байланысты аумақтық ішкі істер органдары іс-шаралар кешенін жүзеге асырды
деп хабарлайды ҚазАқпарат Әкімшілік полиция комитетіне сілтеме жасап.
Аталмыш шара барысында білім беру органдарымен бірлесіп, тұрғылықты жері бойынша мектеп жасындағы балалары бар тұрмысы қолайсыз отбасыларының жағдайлары зерделенді.
«Мектепке жол» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу кезінде 10 мыңнан астам осындай отбасының үйлерін аралау ұйымдастырылды, оның нәтижесінде жергілікті атқарушы органдарға оқуға дайындау бойынша материалдық көмек көрсету үшін 400-ге жуық тұрмысы қиын жағдайдағы балалар туралы ақпарат жолданды.
Сонымен қатар білім беру органдары өткізген тамыз кеңесінде қалалық, аудандық басшылар сөз сөйлеп, жасөспірімдер арасындағы криминогендік жағдайлар туралы хабардар етті, оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша бірлескен шаралардың қажеттігін жеткізді.
Жаңа оқу жылы бастар алдында жедел ахуалды, сондай-ақ ұйымдастырушылық-штаттық өзгерістерді ескере отырып, жалпы білім беретін мектептерге кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары (мектеп инспекторлары) қайта бекітілді. Қыркүйектің 1-дегі салтанатты жиындар кезінде қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін тиісті қамтамасыз ету мақсатында республика бойынша 12,5 мыңнан астам полиция қызметкерлері жұмылдырылды, білім беру мекемелеріне 5 мыңнан астам патрульдеу бағыттары және жол полициясы бекеттері барынша жақындатылды.