Жаңа АЭС-тің құрылысы қашан басталады — Сәтқалиев жауабы
АСТАНА. KAZINFORM — Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев жаңа АЭС-тің атауына қатысты пікір айтты.
— Оның атауына қатысты тиісті өлшемшартты айқындадық. Бұл тұрғыда тарихи әрі имидждік маңыздылығы ескеріледі. АЭС атауы тарихи-мәдени мұраны қамтиды, — деді Алмасадам Сәтқалиев.
Оның айтуынша, АЭС-тің құрылысы аясында Үлкен ауылындағы алаңда жобалау және сынама алу жұмыстары басталды.
— Стандарт бойынша бұл жұмыстар екі жылдан кем емес уақыт бойы жүзеге асырылады. Жобалау-сметалық құжаттамаға түзету енгізіледі. Осыдан кейін оның бәрі тиісті мемлекеттік сараптамадан өтіп, құрылысты бастауға рұқсат алуы керек. Сондықтан екі жыл уақыт керек. Қазір екі елдің қаржы министрліктері (Қазақстан мен Ресей) арасында мемлекетаралық несиені алуда бесенді келіссөз жүріп жатыр, — деді агенттік басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, жобалау мен құрылысты ескере отырып, орташа есеппен 10-12 жылда АЭС пайдалануға беріледі.
Бұған дейін хабарланғандай, Алматы облысы Жамбыл ауданында орналасқан Үлкен ауылында жақында Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысы жобасы басталды.
«Росатом» мамандары алғашқы барлау ұңғымасын бұрғылап, топырақ сынамасын алуға кірісті.
Еске салсақ, 5 қыркүйекте Атом энергиясы жөніндегі агенттігінде Алматы облысы Жамбыл ауданында салынуы жоспарланған атом электр станциясына атау беру бойынша жалпы халықтық конкурс өткізу мәселелерін қараған жұмыс тобының екінші отырысы өтті.
Жұмыс тобының мүшелері атом электр станциясының атауын айқындау шешімі бірқатар факторды ескере отырып қабылданатынын атап өтті. Конкурстық комиссия ұсыныстарды атаудың танымалдылығы, тарихи және мәдени маңыздылығы, атом энергетикасының имиджіне сәйкестігі, әуезділігі, есте сақтаудың жеңілдігі, бірегейлігі және өзіндік ерекшелігі секілді өлшем шарттар бойынша бағалайды.