Жаңа автогаз құю станциялары сыйымдылықтарды жер астына орналастыруға міндеттеледі — заң жобасы
АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа автогаз құю станциялары сыйымдылықтарды жер астына орналастыруға міндеттеледі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында газбен жабдықтау және газды үнемді тұтыну мәселелері бойынша заң жобасын таныстырған депутат Еділ Жаңбыршин айтты.
— Тағы бір маңызды мәселе — автогаз құю станцияларының қауіпсіздігі ерекше алаңдаушылық туғызады. 3 000 автогаз құю станциясының 90 пайызының сыйымдылықтары жер үстінде орналасқан, оның ішінде модульдік станцияларда бар. Дәл осындай станцияларда 2025 жылы Түркістан және Атырау облыстарында жарылыстар болып, азаматтардың қаза болуына әкелді, — деді Еділ Жаңбыршын.
Осыған орай депутат қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында заң жобасында мынадай ұсыныстар бар екенін атап өтті:
— жаңа автогаз құю станциялары үшін сыйымдылықтарды жер астына орналастыруды міндеттеу;
— қолданыстағы станциялар үшін 2031 жылғы 1 қаңтарға дейін сыйымдылықтарды жер астына көшіру жөнінде өтпелі кезең белгілеу;
— заңнамада белгіленбеген орындарда көлік құралдары мен тұрмыстық баллондарды газбен толтыруға тыйым салу ұсынылады.
Айта кетейік, тауарлық газды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ жеке және коммуналдық тұтынушылар үшін сараланған тариф саясатын құруға бағытталған заң жобасына қатысты Еділ Жаңбыршин Kazinform тілшісіне сұхбат берген еді.