Жаңа базар салынуы жоспарланған Тараз сапаржайының төңірегіндегі жер телімдері бірнеше есеге қымбаттады
ТАРАЗ. 3 ақпан. ҚазАқпарат /Галина Скрипник/ - Орнында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілетіндіктен, басқа жерге жаңадан салынатын Тараздың орталық базарының құрылысына биыл 50 миллион теңге бөлініп отыр.
Бірақ та, Орталық базардың құрамына кіретін шағын базарлардың көшірілу мерзімі 2011-2012 жылдар деп көрсетілуде.
Тараз қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, бұл қаржы бастапқыда қала аумағынан 19 гектар жер сатып алуға жұмсалмақ болған. Ал бүгінде мәселе басқаша.
Қалалық әкімдіктің жер қатынастары бөлімінің бастығы Темірхан Әйменовтың айтуынша, қала өкіметі базарлардың қазіргі қожайындарына жаңа базардың құрылысы үшін жер телімдерін өз меншіктеріне сатып алуды ұсынбақ, ал бюджеттен бөлінген қаражатқа әкімдік инженерлік коммуникациялар тартып бермек.
Бірақ та, жаңа базар салынады деп жоспарланып отырған қазіргі Тараз сапаржайының төңірегіндегі жер телімдері бірнеше есеге қымбаттап кетіп отыр. «Бұл мәселеде ешқандай алаяқтыққа жол берілмеуі керек. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Жер ресурстарын басқару агенттігінің алқа мәжілісінде сөйлеген сөзінде, жер телімдерін мемлекеттік сатып алуды оңтайландыру үдерісін жеделдетуді тапсырды, заңнамаға енгізілетін түзетулер бойынша ұсыныстар әзір», - деді Т.Әйменов өз сөзінде.
Бөлім басшысының пікірінше, енді мемлекеттің мұқтаждығы үшін жер телімдері меншік иелері мен жер иелерінен, олар бұған дейін мемлекетке төлеген баға бойынша сатып алынатын болады.
«Қалалық әкімдік бұл мәселені, барлық тараптың мүдделерін ескере отырып, шешуге тырысады», - деп атап көрсетеді Т.Әйменов.