Жаңа буын мамандары заманауи авиацияның сын-қатерлеріне дайын болуы тиіс — Ластаев
АСТАНА. KAZINFORM — Алматыда авиациялық оқыту және адами ресурстарды жоспарлау бойынша ИКАО аймақтық семинары өтіп жатыр.
ИКАО EUR/NAT аймақтық директоры Николас Ралло семинардың ашылуы кезінде іс-шараның негізгі мақсаттарының бірі сала көшбасшылары, оқытушылар және болашақ мамандар арасында кәсіби байланыс орнату екенін атап өтті.
— Орталық Азияны қоса алғанда, үкімет, азаматтық авиация органдары, өнеркәсіппен және академиялық ортаның өкілдерімен кездескенімде мен маңызды пікірлер естідім. Бұл пікірталастар авиация саласындағы кадрлық ресурстар мәселелерін бірлесіп, ынтымақтастық және ортақ міндеттеме арқылы шешуіміз керек деген сенімімді нығайтты, — деді ол.
Ал Көлік вице-министрі Талғат Ластаев авиациялық білім беру жүйесін дамыту мен білікті мамандарды даярлау саланың тұрақты өсуінің негізгі шарты екеніне назар аудартты.
— Бүгінде білім беру бағдарламалары мен еңбек нарығының қажеттіліктері арасындағы тығыз байланысты қамтамасыз ету ерекше маңызды. Жаңа буын мамандары заманауи авиацияның сын-қатерлеріне дайын болып, ұшу қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған инновациялық шешімдерді енгізуге қабілетті болуы тиіс, — деді вице-министр.

Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева баяндамасында биыл 9 айдағы саланың өсім көрсеткіштеріне тоқталды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жолаушылар тасымалы 7,2%-ға артты, ал соңғы үш жылда әуе кемелері паркі шамамен 15%-ға өсті. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті тағы 45%-ға арттыру жоспарланып отыр.
— Өнеркәсіптің қарқынды дамуымен авиация саласында кадрларға деген қажеттілік артып келеді. Осыған байланысты біз ИКАО-ның, соның ішінде NGAP бастамаларының маңызына ерекше назар аударамыз. Әсіресе жастар арасында кәсіби бағдар беру және авиация мамандықтарын насихаттау жұмыстарына айрықша көңіл бөлінуде, — деп атап өтті Салтанат Томпиева.
Екі күндік семинар спикерлерінің қатарында Еуропалық біліктілікті арттыру орталығының (JAA TO) бас директоры Паула В. де Альмейда; Eurocontrol әуе кеңістігі, жүйелері және процедуралары жөніндегі атқарушы менеджер Милена Боуман; GATE авиациялық оқыту бас директоры Дирх Янс; ENAC вице-президенті Николя Казалис және басқалар бар.
ИКАО (EUR/NAT) Авиациялық оқыту және кадрлық ресурстарды жоспарлау бойынша аймақтық семинарына Германия, Дания, Латвия, Португалия, Ресей, Сингапур, Түркия, Өзбекстан, Чехия, Швеция, Оңтүстік Корея және басқа да елдерден халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың, авиация саласының және оқу орталықтарының өкілдері жиналды.

Айта кетелік Қазақстан ИКАО Ассамблеясында 33 авиациялық бастаманы алғаш рет ұсынған еді.