Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жаңа бюллетень, дауыс берушілер тізімі: сайлауға дайындық қалай жүріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Конституциялық заңға сәйкес 2 тамызда өңірлердің әкімдіктері әрбір сайлау учаскесі бойынша сайлаушылар тізімдерін учаскелік сайлау комиссияларына ұсынды. Сайлаушылар тізімдерінің электрондық нұсқалары тиісті аумақтық сайлау комиссияларына берілді. Осылайша, заңнамада белгіленген кезекті кезең бойынша жұмыс толық орындалды. 

Жаңа бюллетень, дауыс берушілер тізімі: сайлауға дайындық қалай жүріп жатыр
Фото: Kazinform / ИИ

Бүгін елордада өткен Орталық сайлау комиссиясының отырысында ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлаушыларды ақпараттандыру жұмыстарын дауыс беру күніне дейін жүйелі түрде жалғастыру керек екенін атап өтті.

— Ендігі міндет — сайлаушылар тізімдерінің толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз ету, азаматтардың өтініштері бойынша енгізілетін өзгерістерді уақытылы қарау және оларды тізімдерге енгізу, — деді ол.

12,6 млн сайлаушы бар

ОСК мүшесі Азамат Айманакумовтың айтуынша, сайлаушылардың тізімін қалыптастыру Орталық сайлау комиссиясының 1 шілдедегі алғашқы отырысында берілген қаулысына сәйкес жүзеге асты. 

— Жергілікті атқарушы органдар 2 тамызда, яғни дауыс беруге 20 күн қалғанда сайлаушылардың тізімін сайлау комиссияларына ұсынды. Кеше барлық актіні жинақтадық. Бүгін жергілікті атқарушы органдардың өкілдері осы деректерді жариялады. Жиынтық ақпаратқа қарағанда, 12 млн 605 мың 788 сайлаушы тізімге енгізілген, — деп нақтылады Азамат Айманакумов Орталық сайлау комиссиясының отырысында.

Ең көп сайлаушы Астана мен Алматы қалаларында, Алматы және Түркістан облыстарында тіркелді.

Сайлау комиссиялары жұмысына кірісті

Нұрлан Әбдіров осы аптадан бастап Ортсайлауком мүшелері өңірлерге инспекциялық сапарға шығатындығын атап өтті. Олар барлық облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда болып, алдағы науқанға инфрақұрылымның дайындығын тексеретін болады.

— Бүгіннен бастап учаскелік сайлау комиссиялары өз жұмысына кірісті. Барлығы 10 400-ден астам сайлау учаскесі ашылды. Сайлауды ұйымдастыруға мүшелерінің жалпы саны 71 мың адам болатын 10 600-ден астам комиссия тартылатын болады. 4-17 тамыз аралығында біз Орталық сайлау комиссиясының мүшелерімен және аппарат қызметкерлерімен бірге еліміздің барлық 20 өңіріне инспекциялық сапарларға шығамыз. Осы сапарлар барысында сайлау учаскелерінің дайындығы, олардың материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі, сайлаушыларды ақпараттандыру жұмысының ұйымдастырылуы, Call-орталықтардың қызметі бағаланатын болады. Сонымен қатар, өңірлерге жасалатын инспекциялық сапарлар барысында аумақтық сайлау комиссияларының жұмысына, оның ішінде сайлау комиссиялары мүшелерін оқыту барысына да ерекше назар аударылады, — деді Нұрлан Әбдіров.

ОСК Төрағасы 7 тамыздан бастап әрбір сайлаушыға дауыс беруге қатысу құқығы бар азаматтардың тізіміндегі өзі туралы деректердің дұрыстығын тексеру мүмкіндігі берілетінін еске салды. Егер қандай да бір өзгерістер енгізу қажет болса, сайлаушы дереу учаскелік сайлау комиссиясына жүгіне алады. Мұндай өтініштер келіп түскен күні дереу қаралады.

Бюллетень нұсқасы таныстырды

ОСК мүшесі Михаил Бортник ОСК Құрылтай депутаттарын сайлау жөніндегі дауыс беру бюллетенінің нысаны мен мәтінін, оларды дайындау тәртібі мен қорғаныс дәрежесін белгілейтінін атап өтті. Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясы сайлау бюллетеньдерін дайындауды және оларды аумақтық сайлау комиссияларына жеткізуді қамтамасыз етеді. Дауыс беруге арналған бюллетеньге жеребеге сәйкес реттілікпен саяси партиялардың атауы және «Бәріне қарсымын» деген жол енгізіледі. Сайлау бюллетеньдерi учаскелiк сайлау комиссияларына сайлаудан ерте дегенде үш күн бұрын және сайлаудан кемінде бiр күн бұрын жеткiзiледi.

Атап айтқанда, дауыс беру бюллетенінің бланкісі — екі жақты, А4 форматында. Түсі — көгілдір түсті. Бірінші бетінде — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы, бюллетеньнің атауы. Екінші бетінде — 2026 жылғы 23 шілдеде өткізілген жеребе қорытындысына сәйкес ретпен саяси партиялардың атауы және «Бәріне қарсымын» деген жол. Бюллетеньдердің қорғаныс дәрежесін белгілеу жөнінде ұсыныстар әзірленді. Олар офсеттік баспа тәсілімен қолданылатын полиграфиялық қорғаныс әдісін, түсін, баспа қарпін және басқа да деректі қамтиды. Республика бойынша сайлаушылар тізіміне 12 605 788 сайлаушы енгізілген. Дауыс беруге арналған бюллетеньдер сайлау округіндегі сайлаушылардың жалпы санының 1 пайызы резервімен сайлау округіндегі сайлаушылардың санына тең мөлшерде әзірленеді. Осыған байланысты дауыс беру бюллетеньдері 12 731 847 дана көлемінде дайындалады.

Сайлаудағы онлайн-сервистер

Қазақстанда сайлаушыларға арналған онлайн-сервистер іске қосылады. Осы сервистердің көмегімен учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері азаматтың тіркелген мекенжайын тексере алады. Бұл оны сайлаушылар тізіміне енгізу үшін қажет. Ол үшін азамат тиісті өтінішпен жүгінуі тиіс. Екінші сервис тіркеуі жоқ азаматтарға сайлау учаскесінің мекенжайы бойынша уақытша тіркеуге тұруға мүмкіндік береді. Аталған екі сервис те қазақстандықтардың сайлау құқығын іске асыруына жәрдемдесуге бағытталған.

ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерманның сөзіне қарағанда, eGov порталы арқылы сервиске қол жеткізу құқығы берілген учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері азаматтың жазбаша өтініші негізінде оның тұрақты тіркелген мекенжайы туралы мәлімет ала алады. Егер өтініш берушінің тұрақты тіркелген тұрғылықты жері тиісті сайлау учаскесінің шекарасы аумағында екені расталса, комиссия оны сайлаушылар тізіміне енгізу туралы шешім қабылдайды. Бұл сервис 5106 сайлау учаскесінде қолжетімді болады. Сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығарылған және бұрын сайлаушылар тізіміне енгізілмеген азаматтардың сайлау құқығын іске асыру мақсатында дауыс беру күні оларды сайлау учаскесі орналасқан мекенжай бойынша уақытша тіркеуге жол беріледі.

Айта кетейік, бүгінге дейін Орталық сайлау комиссиясы шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан 251 халықаралық байқаушыны аккредиттеді. Аккредиттеуге қатысты ұсыныстар келіп түскен сайын халықаралық байқаушылар туралы мәліметтер жаңартылып отырады