Жаңа ереже: музейлер мен кітапханалар «ұлттық» мәртебесін қалай алады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Президентінің Жарлығымен мемлекеттік мәдениет ұйымдары мен кәсіби көркемөнер ұжымдарына «Ұлттық» мәртебесін беру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Жаңартылған талаптар музейлер мен кітапханаларға қатысты.
Жарлық 2026 жылғы 10 наурызда күшіне енеді.
Жаңа қағидаларға сәйкес музейлер:
- кемінде 25 жыл тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуі тиіс (астанадағы республикалық меншіктегі мұражайлар үшін — кемінде 10 жыл);
- кәсіби деңгей мен қызмет сапасын арттыру мақсатында инновациялар енгізуі қажет;
- жеке ғимараты болуы тиіс;
- халықаралық жобаларға қатысуы керек;
- қорда ұлттық мәдени мұраға жататын мәдени құндылықтардың үлесі кемінде 10% болуы қажет.
Кітапханаларға қойылатын талаптар:
- кемінде 25 жыл тұрақты жұмыс істеу;
- қызмет сапасы мен тиімділігін арттыру үшін инновациялар енгізу;
- жеке ғимаратының болуы;
- халықаралық жобаларға қатысу;
- сирек қолжазбалар, көне кітаптар мен құжаттар қорының болуы және олардың кемінде 10 пайызы ұлттық мәдени мұраға жатуы тиіс.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық орталық музейде сирек киножәдігерлер көрмесі ашылғанын жазған едік.
Аружан Жәнәділ