Жаңа Ferrari Luce электркөлігі сынға ұшырап, акциялардың құлдырауына себеп болды

АСТАНА. КАZINFORM — Ferrari компаниясының жаңа Luce электркөлігінің таныстырылымы инвесторлар мен автокөлік әуесқойлары арасында екіұшты реакция тудырды. Премьерадан кейін Ferrari акциялары Милан мен Нью-Йорк биржаларында күрт төмендеді, деп хабарлайды BBC.

Жаңа Ferrari Luce электркөлігі сынға ұшырап, акциялардың құлдырауына себеп болды
Фото: Ferrari

Ferrari акциялары Милан қор биржасында 8%-дан, ал Нью-Йоркте 5%-дан астамға төмендеді. Сарапшылар мұны нарықтың алғашқы толық электрлі Ferrari көлігіне сақтықпен қарауымен және люкс санатындағы электркөліктерге сұраныстың жалпы төмендеуімен байланыстырады.

Жаңа Ferrari Luce бренд тарихындағы алғашқы бес орындық автокөлік болды. Ол дизайны мен кузов форматы жағынан классикалық модельдерден айтарлықтай ерекшеленеді.

Әлеуметтік желілерде Ferrari-дің жаңа электркөлігі қызу пікірталас тудырды. Бір қолданушылар жобаны «сәтсіздік» деп атаса, енді бірі «автодизайн шедеврі» деп бағалады.

Көпшілік Ferrari Luce-ті жаппай нарыққа арналған электркөлік модельдерімен салыстырды. Мәселен, AIR Capital зерттеу бөлімінің басшысы Пьер-Оливье Эссиг жаңалықты «Honda Accord EV пен Tesla Model 3 қоспасы» деп атап, автокомпанияның жаңа стратегиясын түсінбейтінін айтты.

Bloomberg бағалауынша, Luce моделі үшін Ferrari дәстүрлі түрде брендтің бас дизайнері Флавио Манцони есімімен байланыстырылатын танымал фирмалық стилінен алшақтаған.

Ferrari-дің алғашқы электркөлігін әзірлеуге шамамен 5 жыл уақыт кеткені айтылды. Ferrari Luce таныстырылымы әлемдік электркөлік өндірушілері қиындықтарға тап болып жатқан кезеңге тұспа-тұс келді. Ferrari-дің бәсекелестері Lamborghini мен Porsche сұраныстың төмендеуі және қытайлық брендтермен бәсекенің күшеюіне байланысты толық электрлі модельдерді дамыту жоспарларын қысқартқан.

Ferrari компаниясы негізгі басымдық әлі де эксклюзивтілік пен шектеулі сериядағы көліктер шығаруға берілетінін атап өтті. Luce таныстырылымынан кейін акциялар құлдырағанына қарамастан, Ferrari нарықтық құны бойынша Еуропадағы ең қымбат автокөлік өндірушісі болып қала береді.

Осыған дейін Ferrari өзінің алғашқы электромобилін таныстырғаны туралы жаздық.