Жаңа идеяларға зәру құрлық - «кәрі» Еуропа үшін Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы тың идеяларды талқыға салады - Мәжіліс депутаты З. Алшымбаев

sp; АҚТАУ. Желтоқсанның 1-і. ҚазАқпарат /Анаргүл Төлегенова/ - Қазiргi уақытта Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төралығын ұйымдас­тыру бағытында жоспарланған жұмыстарды  атқарып жатыр. Келiссөздер нәтижесiнде 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-да төрағалық етуi туралы келiсiмге қол жеткiзiлдi. ЕҚЫҰ-ның тарихында бұл ұй­ымға мұсылман халқы басым, түркітілдес азиялық ел басшылық жа­сайды. Осы орайда еліміздің заң шығарушы билігі -

Жаңа идеяларға зәру құрлық - «кәрі» Еуропа үшін Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы тың идеяларды талқыға салады -  Мәжіліс депутаты З. Алшымбаев

Парламенттің атқарар жүгі қандай, халық қалаулылары ЕҚЫҰ жөнінде қандай пікірде?
Осы сауалдар төңірегінде ҚазАқпарат тілшісіне  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Зейнолла Алшымбаев сұхбат берді.

 - ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету Қазақстан үшін үлкен мүмкіндіктерге ашылған жол екені даусыз. Дайындық жұмыстарының бет алысы қандай?

 - Парламенттің жаңа сессиясын ашарда сөйлеген сөзінде Президентіміз Н.Назарбаев алдағы жыл еліміз үшін айрықша болатынын, ол Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалық етуімен байланысты екенін атап айтты. Бұл құрметті миссияны атқару үлкен жауапкершілік жүктейді.

Бұл ұйымға, 1975 жылы «Хельсинки қорытынды актісіне» қол қойған Еуропа мен Азия елдерімен қатар, АҚШ пен Канада да кіреді. Қазіргі саны 56 ел. Алғашында «Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақ конференциясы» болып қызметін бастаған болатын. 1995 жылдан Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы, яғни ЕҚЫҰ атанды, және әлемдегі ықпалды, беделді халықаралық ұйымға айналды. Варшава Шарты Ұйымына кіретін мемлекеттер мен Батыс елдері арасындағы ұзаққа созылған текетірестің бейбіт аяқталуына, адам құқығы мен бостандық негіздерінің, демократия мен заңдылықтардың сақталуына, қоршаған ортаға жаңаша көзқарас қалыптастыруға елеулі қызметтер атқарғанын айтсақ та жеткілікті.

Өткен жылы осы ұйымның Парламенттік Ассамблеясының жыл сайынға 17 сессиясы Астанада табысты өткендігінің өзі еліміздің осы Ұйымға төрағалыққа тыңғылықты дайындалып отырғанын көрсетті.

ЕҚЫҰ-ның отыз жылдан астам тарихында оны бірінші рет мұсылман әлемінің өкілі ретінде Қазақстан басқарғалы отыр. Осы ретте елімізде қалыптасқан этникалық және конфессияаралық топтардың өзара жарасымды келісіміне негізделген халықтар арасындағы достық және саяси тұрақтылықта қол жеткен тәжірибеміз бұл Ұйымға кіретін елдердің қызығушылығын туғызатыны сөзсіз.

Қазақстан адам құқығын қорғауға арналған бірқатар халықаралық құжаттарды ратификациялады. Яғни түсінікті тілмен тарқатып түсіндірер болсақ, жалпыға бірдей танылған бірқатар халықаралық актілер, айталық: «Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге», «Азаптауға және адамның қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін басқа да жазалау түрлеріне қарсы конвенцияға», «Босқындар туралы» т.б. өте маңызды халықаралық құжаттар бекітілді. Адам құқығы мен оның өмірі, бостандығы біздің мемлекетімізде ең басты құндылық. Сондықтан адам құқығы мен оның бостандығына қатысты маңызды құжаттардың бекітілуі Мемлекет басшысының ұстанған бағытының дұрыстығын дәлелдейді, және Қазақстанның ұстанған саясаты ЕҚЫҰ мүше елдер тарапынан лайықты бағаланды да. 

Кейбір маңызды істерге Қазақстан қазірдің өзінде кірісіп кетті деп айтуға болады. Жақында Президентіміз Н.Назарбаев Ақтөбе облысында болып «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» аралығын Қазақстан территориясы үстімен жалғайтын тас жол құрылысының тұсаукесер рәсіміне қатысты. Бұл Еуразиялық тасымал дәлізін дамыту бағытындағы істер қатарына жатады. Біз тарихтан білетін көне «Жібек жолының» жаңа геосаяси кезеңдердегі жаңғыруы. Күн тәртібінде болатын - экологиялық қауіпсіздік, жоғарыда айтылғандай еуразиялық тасымал дәлізін дамыту, Қазақстанның өзі халықаралық құқық субъектісі ретінде қатысқан Ауғанстанға экономикалық көмек көрсету, Ирактағы соғыс зардаптарын жоюға қатысу секілді т.б. сан салалы мәселелерде Қазақстан көзқарасы, нақты іс тәжірибесі өзінің игі әсерін тигізеді деп ойлаймыз.

- ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету барысында еуропалық стандарттарға жақын болуға жағдай тумақ. Нақтылай атасақ, ол қандай стандарттар?

- ЕҚЫҰ-ның басты бағдарламалары негізінен үш бағытты қамтиды. Олар біріншіден, Еуропа құрлығындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бұл шаралардың ішінде мемлекеттер арасындағы шекаралардың мызғымастығы, бір-бірінің ішкі істеріне қол сұқпауы, адам құқығы мен бостандығының сақталуы, теңдік және халықтардың өз тағдырын өзі айқындауы принциптері.

Екіншіден, Ұйым мемлекеттері арасында экономика, ғылым, техника және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы қауымдық шаралар кіреді. Бірлесе қабылдаған құжаттар негізінде сауда саласын, өндірістік кооперация, ғылым мен жаңа технологияларды дамыту және қоршаған ортаны сақтау бағытындағы істерді қамтиды.

Гуманитарлық дамуды қамтитын үлкен бөлігі үшінші бағытты айқындайды. Оған мәдениет, ақпарат және білім беру, яғни «Адам факторы» төңірегіндегі мәселелер кіреді. Адамдардың жеке құқықтарының сақталуымен бірге, емін-еркін қарым-қатынас жасау құқықтары, көші-қон т.б. мәселелер жатады. ЕҚЫҰ-ның бағдарларының бірі ретінде Батыс пен Шығыстың арасындағы өркениетаралық үн қатысуды әрі қарай дамыту қала беретіні сөзсіз. Кейбір батыс саясаткерлері мен ғалымдары өркениеттер арасында келісім болуына сенімсіздікпен қарап, «өркениеттер қақтығысын» да болжап қойған.

Бұл тұрғыда Қазақстан өзі төрағалық ететін Ұйымға қатысушыларға, олардың ұлттық мүдделеріне жауап бере алатын Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге сенім шараларын бекемдеуге, қауіпсіздіктің әскери емес шараларына, оның ішінде терроризммен, есірткі тасымалымен, заңсыз қару-жарақ саудасымен күресті дамытуға күш салатынын өз тәжірибесінде дәлелдеп көрсетіп отыр. Яғни, олардың да бізден үйренері аз емес. Бұл туралы елімізге келген шет елдердің танымал саясаткерлері мен әлемдік деңгейдегі қайраткерлері өз сөздерінде айтып, жазып та жүр.

 - Әдетте ЕҚЫҰ төрағалары қатарында Еуроодаққа мүше. не үмiткер атанған Батыс Еуропа мемлекеттерi басым болған. Қазақстанның бұл жолғы жетістігі Еуропаға не береді?

 - Әрине, бұл жетістік Елбасының 90-шы жылдардың басында көтерген Қазақстанның дүниежүзілік қоғамдастықтағы өз орнын табу, сыртқы саясаттағы көп векторлық қатынас орнату идеясының өміршеңдігін көрсетеді.

 Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының,  халықаралық беделінің арқасында еліміз Еуропаның төрінде отырып, терезесі тең дүниежүзі қауымдастығы мойындаған ел болғанын дәлелдеп отыр. Осы төрағалық қарсаңында, өткен жылы «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Яғни, біздің Еуропа елдерімен қарым-қатынастағы ұстанатын бағытымыз берік фундаментпен қаланып жатыр. Бұның барлығы да ел экономикасы мен қоғам дамуы үшін жасалып жатқаны анық. Әлемнің ең озық технологиялары мен өмір сүрудің Еуропалық стандарттарына жетуге талпыныс. «Кәрі» Еуропа - жаңа идеяларға зәру құрлық. ЕҚЫҰ жанынан құрылған Тұрақты кеңес саяси консультациялар өткізіп тұратынын ескерсек - біздің төрағалығымызбен талай идеялар талқылауға ұсынылатыны анық.

ЕҚЫҰ-ның мемлекет және Үкімет басшылары бас қосқан жоғары деңгейдегі отырыстарында Президентіміз Н.Назарбаев сөз бастайтын болады. Бұл елін шын сүйетін әрбір қазақстандықтардың мақтанышын туғызып, мерейін өсіретіні сөзсіз. Одан басқа жыл ішінде, осы Ұйымға мүше барлық 56 мемлекеттің Министрлер кеңесі өткізіледі. Бір сөзбен айтқанда, Ұйымға төрағалық ету үлкен саяси лауазым.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жыл бойы осы Ұйым шеңберінде халықаралық қоғамдастықпен қоян-қолтық, тығыз қатынаста қызмет жасайды. Қаржы мәселесі, кадрларды жасақтау, түрлі Еуропалық деңгейде саяси-экономикалық шаралар өткізу, жанжал туындаған өңірлерге жеке өкілдерін жіберу, басқа да Ұйымның ішкі-сыртқы мәселелеріне Қазақстан басшылық жүргізеді.

   - Осы орайда Парламентті қандай жұмыстар күтіп тұр

 - Біздер, депутаттар шетелдік әріптестерімізбен бірге жұмыс істеп, ұйымға қатысушы елдер Парламенттерінің жұмыс тәжірибесімен танысамыз. Біздегі заң шығару сапасының деңгейін Еуропалық стандарттарға көтеру, жақындастыру міндеті алдымызда тұр.

  Таяуда Алматы қаласында Президент Н.Назарбаевтың «Жаһандық қоғамдастықты  түбірінен жаңғырту стратегиясы және өркениеттер әріптестігі» деген жаңа кітабының тұсаукесері болды. Елбасы кітабының арқауы - жаһандық жаңару мен өркениеттер арасындағы мәселелер қазіргі күні де Еуропа елдері бетпе-бет келіп, олардың да бүгінгі күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелер.

Төрағалық туралы шешiм Қазақстанның демократиялық қоғам құрудағы және нарықтық экономиканы ырықтандырудағы айқын жетiстiгiн мойындау болып табылады. ЕҚЫҰ қатысушы - елдерiнiң консенсусы саяси тұрақтылық пен сыртқы саяси бағыттың айқындылығын қамтамасыз еткен елi­мiздiң сыртқы және iшкi саясатын мойындауға негiзделген. 

Қорыта айтқанда, Қазақстанның бұл беделді әлемдік қоғамдастыққа төрағалық етуі еліміз үшін биік мәртебе, сонымен бірге зор жауапкершілік. Қазақстан төрағалығы ЕҚЫҰ-ның беделін бұрынғыдан да жоғары көтеретініне толықтай сенімдіміз. Бұл өз еліміздің жаңа сатыға көтерілуі үшін де мол мүмкіндік.

  • - Әңгімеңізге рахмет!