Жаңа имам Маңғыстау облысы әкімімен кездесті
АСТАНА. 17 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы Тыныштық қажы Яхияұлы қызметіне тағайындалған күні Маңғыстау облысының әкімі Бауыржан Мұхамеджановтың қабылдауында болды.
Кездесуде облыстың діни ахуалы сөз болды. «Бауыржан Әлімұлы облыстық әкімдік тарапынан діннің өріс алуына мүмкіндігінше қолдау көрсетіліп жатқанын, атап айтқанда, жуық арада Жаңаөзен қаласынан зәулім мешіт салынатындығын, облыстық орталық мешіт жанынан құдайы астар ұйымдастырылатын кең асхана салу көзделіп отырғанын атап айтты. Одан да басқа мешіт ауласын абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына әкімдік тарапынан көмек көрсетілуде. Облыс әкімі алдағы уақытта да өңірде дініміздің кең құлаш жаюуына көмек беріп, ұтымды ұсыныстарды қабыл алатындығын жеткізді», - делінген ҚМДБ мәліметтерінде.
Сөз соңында Бауыржан Мұхамеджанов жаңа тағайындалған өкіл имамның ісіне сәтілік тілеп, ел игілігі үшін еңбектенуге шақырды.
Айта кетейік 16 қыркүйекте Маңғыстау облыстық Бекет ата мешітінде қала, аудан имамдарының қатысуымен келелі жиын өтті. Сөз басын бастаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дін істері бөлімінің меңгерушісі Ербол Сағиұлы жиынға қатысушыларды жаңа өкіл имам Тыныштық қажы Яхияұлымен таныстырды. Отырыста өңірдегі дін істері, имамдардың көкейтесті сұрақтары талқыланды. Тыныштық қажы Яхияұлы имамдарға мешіттерді тіркеу істерін жеделдетуді тапсырды. Және алдағы уақытта облыс имамдарынан уағыз-насихат тобы құрылып, аудан, ауыл көлемінде үлкен істер атқарылатындығын жеткізді. Сондай-ақ жаңа имам облыстағы мешіт қызметкерлерінің ҚР Ата заңы және ҚМДБ жарғысы шеңберінде жұмыс істеуді жалғастыруға шақырды. Әрқашан ісіміз заң жүзінде іске асатын болса, қай тараптан да көлденең келетін кедергілер болмайтындығын айтты.
Сондай-ақ басқосуда керағар діни ұйымдармен күресу, жастар тарапынан болатын қылмыстың алдын алу, облыстың орта білім беру мекемелерінде және ЖОО-да уағыз-насихат жүргізу секілді мәселелер сөз болды.