ЖАҢА ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ: Көкшетауда қарқын ала бастаған тұрғын үй құрылысы комбинатының өніміне сұраныс артуда

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетаудың іргесінде ашылған «Регион строй» ЖШС уақыт өткен сайын өндіріс көлемін арттырып, сапалы әрі бағасы қолайлы өнімдерімен тұтынушылардың көңілінен шығуда. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА-нің тілшісіне кәсіпорын директоры Александр Дворцевоймен хабарласқанында мәлім болды.
None
None

Оның айтуынша, қазіргі заманғы жоғары технологиямен жабдықталған кәсіпорын «Қолжетімді баспана -2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған. Жоба бойынша кәсіпорынның қуаты жылына 50 мың шаршы метр темірбетон блоктар тәрізді құрылыс материалдарын шығаруға мүмкіндік береді. Өнім ағылшын-испан фирмасының халықаралық нарықта құрылыстық қызмет көрсету технологиясына сай шығарылуда.

«Бір жыл біз үшін бір күндей зымырап өте шықты, - дейді серіктестік директоры Александр Дворцевой. - Осы аралықта кілең жастардан құралған ұжым өте табысты жұмыс атқарды. Алғашында құрылыс материалдарының үш түрін шығаруды қолға алдық. Кейін онға дейін жеткіздік. Қазіргі күні бетон қазық, іргетас блоктары, баспалдақ және есік, терезені бекітетін темірбетон өнімдері шығарылуда».

Қарқын ала бастаған комбинат облыс орталығында әлеуметтік-өндірістік, мәдени-тұрмыстық нысандарды салып жатқан құрылыс компанияларының темірбетон өніміне деген сұранысын қанағаттандыруда. Ал артылып жатқан өнім Астана қаласындағы құрылыс алаңдарына жөнелтілуде.

Сонымен қатар, «Регион Строй» серіктестігі жекеменшік үй салып жатқан қала тұрғындарының да тапсырысын сапалы әрі уақытылы орындауда. Кәсіпорын құм, қиыршық тас тәрізді шикізатты «Неруд Көкшетау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен өздерінің кен орындарынан тасымалдайды. Ол үшін комбинатта «КамАЗ» жүк көлігі, миксер, бетонараластырғыш тәрізді техника мен қондырғылар жеткілікті. Бұл өз кезегінде өндіріс көлемін ұлғайтып, жұмыс қарқынын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Ал өндіріске қажетті металл мен цемент негізінен Қарағанды облысы менРесейден алынады. Осы орайда, бір айта кетерлігі, кәсіпорын басшылары қайткен күнде де өнімде отандық, яғни, жергілікті үлестің болуына ерекше көңіл бөліп келеді. Осы күні комбинаттан шығарылып жатқан өнімнің 95 пайызын қазақстандық үлес құрайды. Кәсіпорын ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап Көкшетау қаласында 90 пәтерлі 9 қабатты еңселі тұрғын үйқұрылысын да қолға алуды жоспарлап қойған. Оған кәсіпорынның мүмкіндігі жеткілікті.

Соңғы жаңалықтар
Референдум