Жаңа индустрияландыру: нақты істерге бетбұрыс

АНА. Шілденің 10-ы. ҚазАқпарат (Кенжеболат Жолдыбай) - Таяуда теледидардан «Жаңа индустрияландыру - баршаға ортақ жаңа мүмкіндік» деген тақырыпта өткен телекөпір арқылы байтақ еліміздің жер-жерлерінен нақты қолға алынып жатқан игілікті істер жөнінде көзайым болуға мүмкіндік туды.
None
None

            Сөйтіп, «Саусақ біріксе, ине ілігетініне» тағы да бір рет көзіміз жетті. Сөз бен істің осылайша нық қауышуы: «дүниенің бәрі кері кетіп бара жатыр» деген тәрізді қоғамда орын алып отырған кейбір сыңаржақ пікірлердің түбіне су құйды десек те болады және мұнымен көзіқарақты әрбір азаматтың толық келісеріне күмәнім жоқ.

Әлемдік экономикада тоқырау орын алып отырған қазіргі жағдайда бұл саладағы оң сипаттағы біздегі осы бетбұрыстар Елбасымыз Н.Назарбаевтың ұстанып отырған саясатының дұрыстығының жарқын үлгісі деуге толық негіз бар. Нақтырақ келсек, Президенттің «Нұр Отан» партиясының ХІІ съезінде айтылған индустриалды-инновациялық жедел даму стратегиялық идеясы іске аса бастады деген сөз.

Осы ретте индустриалды-инновациялық президенттік бағдарламаның 7 басымдығын атап өткеніміз жөн. Солардың ішінде экономиканың қалыпты дамып келе жатқан секторы ретіндегі агроөнеркәсіптік кешеннің маңызы мейлінше зор. Бұл кездейсоқ емес.

Қазір дүниежүзінде азық-түлік қауіпсіздігі ең үлкен мәселе болып тұр, ал агроөнеркәсіптік кешен оны қамтамасыз етіп отырған бірден-бір сала болып табылады. Ал біздегі жағдай қалай? Енді осыларға аз-кем тоқтала кетсек.

Бірден айту керек, бұл салада соңғы жылдары қол жеткен табыстар аз емес. Ең бастысы, бүгін біз халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін негізінен шешіп отырмыз деуге болады. Мына бір деректерге жүгінсек. 2000 жылмен салыстырғанда ауылшаруашылығы өнімін өндіру көлемі 1,5 есеге дейін артса, агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігінің орташа жылдық өсу деңгейі 17,4 пайыз шамасында болып отыр. Егін шаруашылығында барлық дәнді-дақылдар түрлерін өндірудің жылдық орташа көлемі де ұлғаюда. Әсіресе, бидай өнімдерін өндіру көлемінің жылма жыл артып келе жатқанын атап өткеніміз жөн. Кеңес өкіметі тұсында миллиард пұт астық жинаймыз деп бүкіл ел дүрліксе, қазір ың-шыңсыз жыл сайын 16 миллион тоннадан астам егін жинап алу қалыпты жағдай болып отыр.

Мұндай нәтижелерге қол жеткізу, бірінші кезекте, мемлекеттің көмегі арқасында мүмкін болды десек қателеспейміз. Мәселен, жыл сайын мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруге қомақты қаражат бөлініп келеді. Айталық, биыл республикалық бюджеттен өсімдік шаруашылығын субсидиялаудың барлық бағыттары бойынша 24,6 миллиард теңге бөлінді. Көктемгі егіс жұмыстары мен егін орағы науқанын өткізуді қаржыландыруға бөлінген қаржы 119,3 миллиард теңгені құрайды. Мұның сыртында, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге минералдық тыңайтқыштарды екі есе арзан бағамен босату, егінмен айналысатындарға элиталық тұқымдарды сатып алуға, сондай-ақ су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында су жеткізуге кеткен шығындарға субсидиялар беру, елдегі фитосанитарлық жағдайға тұрақты бақылау жасау, мал шаруашылығы өнімдерінің сапасын көтеруге және асыл тұқымды мал басын көбейтуге тиісті қаржы бөлу тәрізді мәселелер оң шешімін тауып отыр. Сонымен қатар, Үкіметтің шешіміне сәйкес Ұлттық қор қаржысының есебінен ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерден астықты бір миллион тоннаға дейін сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Бұл сатып алынған астық, қажет болған жағдайда ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыруда пайдаланылмақ.

Мына бір жағдайды да айтпай кетпеске болмайды. Таяуда Президент ауыл әкімдеріне 50 миллионнан 100 миллион теңгеге дейін бөліп беру керек деді. Бұл ауылда инфрақұрылымды күрт дамытуға толықтай мүмкіндік береді деген сөз. Мысалға, киім-кешек тігетін, кілем тоқитын, киіз басатын, құрақ көрпе жасайтын, әртүрлі қолөнер бұйымдарын шығаратын нендей бір өндіріс орындарын ашып, ауыл адамдарын жұмысқа жұмылдыруға әбден болады.

Әрине, кемшіліктерсіз де емеспіз. Соңғы уақыттарда халық күнделікті тұтынатын кейбір азық-түлік тағамдарын өндіру көлемінің кемуі байқалады. Бұған жақын шетелдердің ұлттық валюталарының девальвацияға ұшырауына байланысты арзан импорттың көлемінің күрт өсуі, несиелер көлемінің азаюы, тұтынушылардың сатып алу қабілеттіліктерінің төмендеуі тәрізді мәселелер себепші болуда.

Біз бидайды экспорттаудан он ірі мемлекеттің қатарына кіреміз. Бірақ бидайдың әр гектарынан алатын өнімі жағынан көп елдерден кемшін түсіп жатырмыз. Жеміс-жидек пен көкөністерді сақтау мақсатында логистикалық орталықтар мен арнайы қоймалар салу жолында атқарылуы тиіс міндеттер де жеткілікті. Халықаралық деңгейдегі мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов кезінде Сталиннің алдына көптеген мәселелерді қоюмен қатар, «ет - валюта. Біз ет өнімдерінің сапасын арттырып, Еуропаға сатайық, одан түскен ақшаға өндірісте істейтін мамандарды дайындайық» деген екен. Міне, осы айтылған идея бүгінге дейін бір сәт те өзінің өміршеңдігін жойған жоқ.           

Осыларды ескере отырып, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамыту мақсатында мемлекет еліміздің алдында тұрған екі түйінді мәселені шешуді қолға алмақшы. Ең бастысы, ол, жоғарыда атап өткеніміздей, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бүгінгі әлемдік қаржылық дағдарыс жағдайында бұл мәселенің ушығып тұрғандығы жасырын емес. Сондықтан, агроөнеркәсіптік сектордың жоғары тиімділікпен дамуын қамтамасыз ететін жүйе құрылу үстінде. Ол бір жағынан көктемгі егіс жұмыстарын және егін орағы науқанын қаржыландыруды көздесе, екіншіден ауыл шаруашылығына, сондай-ақ қайтадан өңдеу өндірісіне инвестиция тартумен айналысады.

Егін шаруашылығында негізінен күш саланы әртараптандыруға және ылғал ресурстарын үнемдеу технологияларын пайдалану арқылы  дәнді дақылдарды егу көлемін ұлғайтуға жұмсалынады. Осы іспеттес ахуалдар мал шаруашылығында және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында да орын алмақшы. Осы мақсаттарға «ҚазАгро» ұлттық холдингісі, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры тараптарынан арнайы қаражаттар қарастырылып отырғанын атап өткен жөн.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға қатысты екінші мәселе экспортқа бейімделген өндірістерді дамыту мен экспортты әртараптандыруға тіреліп отыр. Осыған байланысты нақты инвестициялық жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылуда. Мысал үшін солардың бір-екеуін келтіре кетсек. Айталық, биязы жүнді қой шаруашылығын қайтадан қалпына келтіру арқылы Қазақстанның жеңіл өнеркәсібін аса құнды шикізат көзімен тұрақты қамтамасыз ете отырып, жоғары сапалы дайын өнімдер шығару өндірісін  жолға қоюға мүмкіндік бар. Қосымша құны жоғары өнім алуға  бағытталған астықты барынша өңдеуді дамыту жобасының да болашағы зор. Мұндай жобалардың қатарына сондай-ақ, жеміс-жидек өнімдерін өңдеу, жылыжай шаруашылығын ұйымдастыру, көкөніс сақтау орындарын салу мен ірі тауарлы-сүт фермаларының құрылысын қаржыландыру, ет дайындауға бағытталған құс фабрикаларын жаңарту және салу тәрізді іс-шараларды толық жатқызуға болады. Бір көңіл бөлерлігі, осы және өзге де инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында Үкімет тарапынан 120 миллион теңге бөлініп отыр. Ендігі міндет осынау қыруар қаржылардың ретімен жұмсалып, алға қойған мақсат-мүдделердің үдесінен шығуды қамтамасыз ету. Сөйтіп ел іргесін нықтай отырып, әрқайсымыздың әл-ауқатымызды одан әрі жақсарта беруге молынан мүмкіндік туғызу. Олай болса, іске сәт дейміз. 

Соңғы жаңалықтар