Жаңа iPhone Air смартфоны Қытайда бірнеше минут ішінде сатылып кетті
АСТАНА. KAZINFORM — Apple компаниясының жаңа iPhone Air смартфоны Қытайда сатылым басталғаннан кейін небәрі бірнеше минут ішінде толықтай сатылды, деп хабарлайды South China Morning Post.

eSIM технологиясын қолдайтын бұл модельге Қытайда алдын ала тапсырыс беру әлемнің басқа елдерінен бір айдан кеш басталды. Бұл құрылғы жақында ғана Қытайдың арнайы рұқсатын алған. Алайда өткен жұма күні сатылым ашылған сәттен бастап-ақ құрылғы онлайн-дүкендер мен бөлшек сауда желілерінен әп-сәтте жоғалып кетті.
Apple-дің ең жұқа смартфонына деген жоғары сұраныс қытайлық тұтынушылардың америкалық брендке деген қызығушылығы әлі де жоғары екенін көрсетеді. Бұл — Huawei мен Xiaomi сынды жергілікті өндірушілер тарапынан бәсекелестік күшейіп жатқанына қарамастан байқалып отыр.
2025 жылдың үшінші тоқсанында Қытайдың смартфон нарығы бір жылда 3 пайызға қысқарған. Сатылым бойынша көшбасшы — Vivo компаниясы (18%), одан кейін Huawei (16%) және Apple (15%) болған. Одан кейінгі орындарда Xiaomi мен Oppo тұр.
Бұл қарқынды сатылымдар Apple бас директоры Тим Куктың Қытайға сапарынан кейін басталды. Ол әлемдегі ең ірі смартфон нарығында жаңа өнімді таныстырып, ҚХР Сауда министрі Ван Вэньтаомен кездесіп, екіжақты экономикалық қарым-қатынасты дамыту мәселелерін талқылады. Кук Apple-дің Қытаймен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Қытайда eSIM телефон қызметтері ел бойынша іске қосылғаны хабарланған болатын.