Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жаңа кодекс: құрылыс саласы қалай өзгеріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін - құрылысшылар күні. Сала қарқынды дамып жатқанымен, шешімін күткен мәселелер аз емес. Кәсіби мерекеге орай Kazinform тілшісі саланың бүгінгі ахуалын саралады.

Строительство многоквартирного дома, Көп пәтерлі тұрғын үй құрылысы, строители, құрылысшылар
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Қай өңір көш бастады?

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жыл басынан бері елде 8,5 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 80 667 баспана пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін көрсеткішті 20 млн шаршы метрге жеткізу жоспарланып отыр. Ал қаңтар–маусым айларында құрылыс жұмыстарының нақты көлем индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 115,2 пайызды құрап, оң өсім республиканың 17 өңірінде тіркелген.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегінше, ең жоғары өсім Ұлытау облысында байқалды. Мұнда құрылыс көлемі 3,3 есе артқан. Сонымен қатар Қызылорда, Абай, Павлодар, Қостанай және Түркістан облыстарында да жоғары өсім тіркелді.

– Бұл өңірлерде құрылыс белсенділігі тұрғын үймен шектелмейді. Теміржол және автомобиль жолдары, энергетика, өнеркәсіп, агроөнеркәсіп, әлеуметтік инфрақұрылым мен инженерлік желілерді дамыту жобалары қатар жүзеге асырылып жатыр. Соның нәтижесінде құрылыс жұмыстарының көлемі айтарлықтай өсті, – делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Алматы қаласында құрылыс көлемінің өсуіне көпқабатты тұрғын үй, мектеп, медициналық нысандар мен инженерлік инфрақұрылым құрылысы серпін берсе, Атырау облысында негізгі өсім газ-химия кешендерімен байланысты. Ал Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстары, Шымкент қаласы мен Маңғыстау өңірінде тұрғын үй мен өндірістік жобалар қарқынды жүзеге асырылып жатыр.

Бірақ барлық өңірде бірдей өсім сақталмаған. Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Жетісу облыстарында құрылыс көлемі төмен. Министрлік мұны ірі инфрақұрылымдық және тұрғын үй жобаларының аяқталуымен байланыстырады.

Проблемалы тұрғын үйлер азайып келеді

Мемлекет ұзақ жылдар бойы аяқталмай келген тұрғын үй кешендерінің санын қысқартуға басымдық беріп отыр. Өткен жылы республика бойынша жеті проблемалы тұрғын үй кешені пайдалануға берілген.

Биыл Алматыдағы «Үш Қоңыр» мен «Весновка» тұрғын үй кешендері проблемалы нысандар тізімінен шығарылып, оның орнына «Esentai City» енгізілді. Сонымен қатар бірінші жартыжылдықта Алматыдағы «Весновка», Атыраудағы «Qazanat», Шығыс Қазақстандағы «Астория» және Петропавлдағы тұрғын үй кешені бойынша мәселелер шешіліп, тағы 153 үлескер баспанасына қол жеткізді.

а
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Соған қарамастан еліміздің 11 өңірінде үлестік қатысуы бар 37 проблемалы тұрғын үй объектісі сақталып отыр. Зардап шеккен үлескерлер саны 3 мыңнан асады.

– Оларды аяқтаудың негізгі жолы – инвесторларды тарту, құрылыс салушының өз қаражаты немесе жергілікті бюджет есебінен қаржыландыру. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық өңірде жалғасып жатыр, – деп хабарлады министрлік.

Жаңа кодекснені өзгертеді?

Өткен айда күшіне енген жаңа Құрылыс кодексі саланы цифрландыруға, мемлекеттік бақылауды күшейтуге және құрылыс сапасын арттыруға бағытталған.

Енді қала құрылысы жобалары кадастрлық жүйе арқылы бақыланып, бекітілген құжаттарға қайшы келетін рұқсаттар берілмейді. Ірі жобалар міндетті түрде қоғамдық талқылаудан өтеді, ал егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына өзгерістер екі жылда бір реттен жиі енгізілмейді.

Ерсайын Нағаспаев
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

– Лицензиаттардың электрондық тізілімі енгізіледі. Жоспарлы инспекциялау тетігі іске қосылып, бақылаушы органдарға заң талаптарын бұзғандарға қатысты жедел ықпал ету шараларын қабылдау құқығы беріледі, – деді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.

Кодекс бойынша тұрғын үйлердің жалпы кепілдік мерзімі бес жылға дейін, ал көтергіш конструкциялар, іргетас пен шатырға берілетін кепілдік он жылға дейін ұзартылды.

– Белгіленген мерзім ішінде анықталған ақауларды құрылыс салушы өз қаражаты есебінен жоюға міндетті. Ал талаптарды бұзған компаниялардың лицензиясы тоқтатылуы немесе кері қайтарылуы мүмкін, – деді «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ Жобалық кеңсесінің басшысы Нұрдәулет Егізеков.

Нұрдәулет Егізеков
Фото: Нұрдәулет Егізековтің жеке мұрағатынан

Дегенмен құрылыс сапасы бақылауға ғана емес, отандық құрылыс материалдарының қолжетімділігіне де тәуелді.

Импортқа тәуелділік сақталып отыр

Өткен жылы Қазақстанда құрылыс материалдарының өндірісі 1,8 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 13,9 пайызға өсті. Қазір ішкі нарықтың 71,3 пайызын отандық өндірушілер қамтамасыз етеді. Ал импорттың үлесі 28,7 пайызды құрайды.

– Отандық кәсіпорындар цемент, бетон, гипс және гипсокартонға деген сұранысты қамтамасыз етеді. Алайда технологиялық күрделі әрі қосылған құны жоғары құрылыс материалдары бойынша импортқа тәуелділік сақталып келеді, – деп хабарлады министрлік.

Стройматериалы Құрылыс материалдары
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Әсіресе жұмсақ шатыр жабындары, заманауи жылу оқшаулағыш материалдар мен күрделі әрлеу өнімдері сырттан жеткізіледі. Тәуелділікті азайту үшін жаңа өндірістер іске қосылмақ.

Қауіпсіздік пен кадр даярлау

Бүгінде құрылыс саласында 643,8 мың адам еңбек етеді. Сондықтан еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету негізгі міндеттердің бірі саналады. Қазір тапсырыс берушіден бастап мердігерге дейінгі барлық кезеңді қамтитын бірыңғай бақылау әдістемесі әзірленіп жатыр.

Сонымен қатар өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесі кеңейіп келеді. Қазір 119 мыңнан астам кәсіпорын сақтандырылған. Бұл – елдегі белсенді кәсіпорындардың шамамен 70 пайызы.

– Құрылыс алаңында қауіп әрдайым бар. Сондықтан талаптарды қатаң сақтау әр маманның күнделікті қағидасына айналуы керек, – деп санайды жас құрылысшы Мансұрбек Қамаладдин.

Мансұрбек Қамаладдин
Фото: Мансұрбек Қамаладдиннің жеке мұрағатынан

Қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар саланың болашағы білікті мамандарға да тікелей байланысты. Бүгінде еліміздің 34 жоғары оқу орнында «Сәулет және құрылыс» бағыты бойынша 20 мыңға жуық студент білім алады. Жоғары оқу орындары BIM технологиялары, цифрлық жобалау, экономика және менеджмент бағыттарын енгізіп жатыр, ал колледждерде дуальды оқыту жүйесі кеңейіп келеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің болжамынша, Электрондық еңбек биржасында жарияланатын барлық бос жұмыс орындарының шамамен 7 пайызы құрылыс саласына тиесілі. Сондықтан алдағы кезеңде жаңа Құрылыс кодексінің нормаларын тиімді жүзеге асыру, құрылыс сапасын арттыру және саланың ашықтығын қамтамасыз ету негізгі міндеттердің бірі болмақ.