Жаңа Конституция: Адам капиталы мен ұлттық қауіпсіздік басты орында
АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздегі Конституциядағы өзгерістер мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа деңгейдегі сұхбаттастық алаңы болмақ. Бұл туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Дихан Қамзабекұлы «Jibek Joly» телеарнасының «Live» бағдарламасында егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
Комиссия мүшесі атап өткендей, қазіргі таңда реформаның мән-жайын халыққа жеткізу және түсіндіру жұмыстары бірінші кезекте тұр. Бұл мақсатта түрлі партия жетекшілері мен қоғамдық ұйымдардан жұмылдырылған арнайы коалиция құрылған.
– Бұл коалиция біздің Қазақстанның бүгінгі үнін жеткізетін, халықтың үнін белгілі деңгейде жаңа бір сапаға көтеретін алаң болғалы тұр. Өңірлерде, үлкен мекемелерде кездесулер өткізіліп, қоғам тарапынан қойылған кез келген сауалға нақты, тұшымды жауап берілуі тиіс, – деді Дихан Қамзабекұлы.
Реформа аясында тек саяси құрылым емес, сонымен қатар ұлттық бірегейлікті сақтау мәселелері де назардан тыс қалмаған. Спикердің айтуынша, комиссия жұмысында әрбір баптың заңдық қана емес, филологиялық тұрғыдан да дәлдігіне баса мән берілген.
– Отбасы мәселесі мемлекеттің негізі ретінде мәдени құндылықтар деңгейінде қарастырылады. Сондай-ақ мемлекеттік тілдің мәртебесі мен қолданылу аясы жүйеленген. Сонымен қатар ең көп көтерілген мәселелердің ішінде зайырлылық мәселесі де бар, – дейді ол.
Жаңа заманның сын-қатерлеріне байланысты Конституция жобасында адам құқықтарын қорғаудың жаңа тетіктері пайда болды. Технология дамыған тұста азаматтардың жеке өміріне қол сұқпау мәселесі Преамбула деңгейінде көрініс тапқан.
– Цифрлық технологиялардың дамуымен бірге жағымсыз құбылыстар да еніп кетті. Жеке іске қол сұғу, банктік шоттардағы алаяқтық әрекеттер сияқты мәселелерден қорғаудың заңдық тетіктері қарастырылды. Ата заңның негізгі мүддесі – 35 жылдық тәуелсіздік белесінде адам құқығына қайта мүмкіндік беру, – деп түйіндеді спикер.
Айта кетейік, Орталық референдум комиссиясы азаматтарды 2026 жылғы 15 наурызда өтетін дауыс беруге белсенді қатысуға шақырады.