Жаңа Конституция халық билігін күшейтеді — сарапшы
АСТАНА. KAZINFORM — Құқық саласының сарапшысы Муслим Хасенов «Жаңа конституциялық кезең: әлеуметтік-құқықтық дамудың жаңа бағдарлары» тақырыбындағы Sarap сарапшылық клубының отырысында жаңа Конституция нормаларының артықшылықтарына тоқталды.
— Конституцияға зер салсақ, оны өзгерту ережелері өзгерді. Енді Ата заңды бір ғана субъект — Қазақстан халқы ғана өзгерте алады. Бұл халық билігін, демократияны күшейтеді. Бұған дейінгі Конституция 7 рет өзгертіліп, 200 түзету енгізілген еді. Содан алған ең бірінші сабақ — Ата заң өзгертіле бермей, тұрақты болуы керек. Ал жаңа Конституцияға референдум арқылы халық қана өзгерту енгізе алады. Тіпті, кішігірім түзетулер де осы тәртіппен жүзеге асады. Ата заңды өзгерту құзіреті тіпті Құрылтайға да берілмеген, — деді ол.
Сонымен бірге, сарапшының сөзінше, жаңа Конституция билік монополизациясының алдын алады.
— Өткеннен алған екінші сабақ — билік монополизациясына жол бермейтін нақты кепілдіктер болуы керек. Жаңа Конституцияда, шын мәнінде, бір мерзімді президенттік, президент туыстарына жоғары қызметтерді атқаруға тыйым нормалары бар. Транзит ережесі де өте маңызды. Өйткені, президент құзіретін алған тұлға Конституцияға өзгеріс енгізу бастамасын көтере алмайды. Бір аптаның ішінде кезектен тыс президент сайлауының мерзімі тағайындалып, екі айда сайлау өтуі тиіс. Мұндай норма тіпті америкалық Конституцияда да жоқ, — деді ол.
Муслим Хасеновтың айтуынша, жаңа Ата заңда конституциялық бірегейлік те анық көрінеді.
— Осы орайда, конституциялық бірегейлігіміз бар ма деп сұрақ туындайды. Оған құқықтанушы-ғалым, Техас университетінің профессоры Ричард Альберттың теориясымен жауап беруге болады. Аталған зерттеушінің тұжырымына сай, Конституцияда қандай жағдайда да өзгермейтін мәңгілік құндылықтар болуы тиіс. Олар — егемендік, тәуелсіздік, билік формасы, территориялық тұтастық, біртұтастық, президенттің бір ғана мерзімге сайлануға құқылы болуы, президенттің туыстарына жоғары лауазымды қызметтер атқаруға тыйым. Бұлар билікті ұйымдастыру туралы ережелер ғана емес, ең бастысы — конституциялық бірегейлік, — деді сарапшы.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда жаңа Конституцияның ел мен қала дамуына қосар үлесі талқыланғанын жазғанбыз.