Жаңа Конституция мемлекеттік басқарудың жаңа кезеңіне жол ашты — сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM — 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституция еліміздің дәстүрлі мемлекеттік басқару формасын азаматтардың құқықтарын қорғаудың және тұрақты дамудың заманауи қағидаттарымен ұштастырады. Бұл туралы «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі хатшылықтың директоры Бақытгүл Қамбар мәлімдеді.

Жаңа Конституция мемлекеттік басқарудың жаңа кезеңіне жол ашты — сарапшы
Фото: Экономикалық зерттеулер институты

Оның айтуынша, Конституция — кез келген мемлекеттің дамуының іргетасы. Сондықтан жаңа Ата заңның күшіне енуі Қазақстан үшін тарихи маңызы бар жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді.

— Жаңа Конституцияны Қазақстан қоғамының жаңа даму сатысына көшуіне негіз болатын маңызды құжат деп бағалауға болады. Ол еліміздің саяси дамуының тарихи ерекшеліктерін қазіргі мемлекеттік басқару қағидаттарымен және заман талабымен үйлестіріп отыр, — деді сарапшы.

Сарапшы Құрылтай мен Халық кеңесі сияқты институттардың Конституцияда көрініс табуы қазақ мемлекеттілігінің тарихи дәстүрлерінің бүгінгі басқару жүйесінде жалғасқанын айтады. Себебі бұл құжат мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға ғана жасалған қадам емес.

Сонымен қатар Бақытгүл Қамбар жаңа Конституцияда цифрлық дәуір заманында адам құқықтарын қорғауға қатысты нормаларға ерекше мән берілгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғауды күшейтетін маңызды жаңашылдықтардың бірі.

— Конституцияда әр азаматтың жеке өміріне қол сұғылмауына, жеке және отбасылық құпиясының сақталуына кепілдік берілген. Сондай-ақ цифрлық технологияларды пайдалану арқылы дербес мәліметтердің заңсыз жиналуына, өңделуіне, сақталуына және қолданылуына жол берілмейтіні нақты көрсетілген, — деді Бақытгүл Қамбар.

Оның айтуынша, бұл норма Қазақстанның технология қарқынды дамып, цифрландыру үдерісі жеделдеп жатқан кезеңде елдің құқықтық негізін заман талабына сай қалыптастырып жатқанын көрсетеді.

Жаңа Конституцияның басты ерекшеліктерінің бірі — саяси мәселелермен қатар әлеуметтік-экономикалық және экологиялық даму басымдықтарының да біртұтас қамтылуы.

— Жаңа Конституция тек саяси өзгерістерді ғана емес, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық талаптарды да қамтиды. Бұл әлемдегі заманауи даму үрдістеріне сай әрі еліміздің орнықты дамуына берік негіз қалайды, — деді сарапшы.

Оның айтуынша, алдағы уақытта мемлекетті одан әрі нығайтып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартудың басты тетігі тұрақты даму болуға тиіс.

Сонымен қатар сарапшы Конституцияда көзделген реформалардың нәтижесі Ата заңда бекітілген қағидалар мен нормалардың қаншалықты жүйелі әрі тиімді жүзеге асырылатынына байланысты болатынын атап өтті.

Еске сала кетейік, бұған дейін, Халық кеңесіне заң жобаларын бастамашылық ету және республикалық референдум өткізуді ұсыну құқығы берілетінін хабарланған едік.