Жаңа Конституция мемлекеттің негізгі құндылықтарын сақтап, одан ары дамытуға мүмкіндік береді — Серік Ақылбай
АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа Конституция мемлекеттің негізгі құндылықтарын сақтап, оларды жинақталған тәжірибе негізінде одан ары дамытуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның отырысында Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай айтты.
— Жобаға ұлттық нормалардың ауқымды көлемі енгізілді әрі бұл нормалар қосалқы сипатта емес, конституциялық құрылыстың іргелі негіздерін қамтиды. Мұнда әңгіме жекелеген баптарға түзетулер енгізуге қатысты емес. Өзгерістер Приамбуладан бастау алып, мемлекеттің құндылық бағдарламаларын нақтылайды. Құқықтық және зайырлы мемлекет қағидаттарын бекітеді. Билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөледі. Сонымен қатар жаңа институционалдық құрылым қалыптастырады. Оның ішінде бір палаталы Парламент Халық кеңесі, Үкімет қызметінің, сот жүйесі мен құқық қорғау тетіктерінің жаңартылған модельдері қарастырылған. Түптеп келгенде бұл мемлекеттік басқару жүйесінің бүкіл құрылымын кешенді әрі түбегейлі қайта қарауды білдірді, — деді одақ төрағасы.
Сондықтан Серік Ақылбай ұсынылып отырған өзгерістердің ауқымын, тереңдігін ескере отырып, қолданыстағы Конституцияның жаңа редакциясы туралы емес, іс жүзінде жаңа Конституция туралы айту орынды деп санайтындығын айтты.
— Шынында да билікті ұйымдастыру негіздері өзеріп, жаңа институттар қалыптастырылып, мемлекеттің базалық қағдиаттары қайта қаралған кезде бұл елдің конституциялық дамуының сапалы жаңа кезеңге өткенін көрсетеді. Менің ойымша, жаңа қадам объективті тұрғыда заңды әрі уақытылы. Қолданыстағы Конституция мемлекеттігіміздің қалыптасуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етіп, маңызды тарихи рөл атқарды. Алайда, бүгінгі таңда мемлекет пен қоғам жаңа сын-қатерлерге, сондай-ақ басқару тиімділігіне, құқықтық айқындыққа, адам құқықтарын қорғауға қойылатын жоғары талаптарға толып отыр, — деді ол.
Оның пайымынша, осындай жағдайда жаңартылған, жүйелі түрде әзірленген Ата заң елдің одан ар дамуының қажетті құралы саналады.
— Жаңа Конституция мемлекеттің негізгі құндылықтарын сақтап, оларды жинақталған тәжірибе негізінде одан ары дамытуға мүмкіндік береді. Бұл құқықтық айқынсыздықты жоюға, заңнаманың үйлесімділігін арттыруға және азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтуға жағдай жасайды, — деді Серік Ақылбай.
Айта кетейік, Конституцияға қылмыстық процесте прокурор мен адвокаттың мәртебесін тең ететін норма енгізілмек.