Жаңа Конституция – мемлекеттің стратегиялық дамуының іргетасы – Серік Ақылбай
АСТАНА. KAZINFORM — «Қазақстандық заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ақылбай Қазақстанның Азаматтық альянсы «Ұстаным» ұлттық дискуссиялық клубының кезекті отырысында жаңа Конституция жобасының тұжырымдамалық ерекшеліктеріне тоқталды.
Оның айтуынша, Конституция — құқықтық нормалардың жиынтығы ғана емес, қоғамның негізгі құндылықтарын бекітетін және мемлекет дамуының стратегиялық бағдарларын айқындайтын іргелі құжат. Сондықтан жаңа Конституция жобасын талқылауда ең алдымен оның идеялық мәні мен мазмұнына назар аудару аса маңызды.
— Ұсынылып отырған өзгерістер Конституция мәтінінің едәуір бөлігін қамтиды: бірқатар баптар қайта қаралып, бөлімдер жаңартылып, құрылымдық түзетулер енгізілген. Алайда жобаның басты ерекшелігі – түзетулердің көлемінде емес, оның жаңа тұжырымдамалық мазмұнында. Біз мағынасы жағынан сапалы жаңарған Ата заңмен бетпе-бет келіп отырмыз, — деді Серік Ақылбай.
Сарапшының сөзінше, өзгерістердің мазмұндық бағыты әсіресе Конституцияның кіріспе бөлімінде айқын көрінеді.
— Жаңа Преамбула тарихи және заманауи құндылықтарды біріктіріп, ел дамуының стратегиялық бағыттарын айқындайтын бағдарламалық сипатқа ие. Онда алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты басымдығы ретінде жарияланады. Сонымен бірге қоғамдық келісім, ұлтаралық және конфессияаралық татулық мемлекеттіліктің іргетасы ретінде бекітіледі. Әділдік, заңдылық, қоғамдық тәртіп және табиғатқа жауапкершілік қағидаттары конституциялық деңгейде нақты көрсетіліп, қазақ мемлекеттілігінің тарихи бастаулары белгіленеді, — деді ол.
Спикер жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарына да тоқталды.
— Біріншіден, мемлекеттің басты басымдығы ретінде адами капиталды дамыту айқындалады. Білім, ғылым, мәдениет және инновациялар мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыттары ретінде бекітілген. Бұл елдің тұрақты дамуы табиғи ресурстарға емес, азаматтардың білім мен зияткерлік әлеуетіне негізделетінін көрсетеді. Екіншіден, Конституция цифрлық дәуірдің талаптарын ескеріп, дербес деректердің қауіпсіздігі мен цифрлық кеңістіктегі адам құқықтары конституциялық деңгейде қорғалады, — деді Серік Ақылбай.
Сонымен қатар сарапшы адам құқықтары мен бостандықтарына қатысты нормалардың күшейтілетінін атап өтті.
— Адам құқықтары мен бостандықтары жеке бөлімге біріктіріліп, жаңа құқықтық кепілдіктермен толықтырылады. Азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері жетілдіріліп, мемлекеттің зайырлы сипаты мен білім беру жүйесінің зайырлылық қағидаты нақты бекітіледі. Неке ер мен әйелдің ерікті одағы ретінде айқындалып, дәстүрлі құндылықтарды қорғаумен қатар, әйелдердің құқықтық кепілдіктерін нығайтуға бағытталған, — деді ол.
Оның айтуынша, құжат аясында мемлекеттік құрылым нысаны мен басқару формасына қатысты нормаларды нақтылау, халықты биліктің қайнар көзі ғана емес, егемендіктің иесі ретінде көрсету мәселелері де қарастырылған. Сондай-ақ конституциялық терминологияны жаңарту ұсынылып отыр.
— Қолданыстағы Конституция өз кезеңінде қабылданғандықтан, онда тарихи тұрғыдан ескірген ұғымдар кездеседі. Жаңа жоба заманауи талаптарды ескере отырып, 1995 жылғы Конституцияның құқықтық сабақтастығын сақтауды көздейді. Жалпы алғанда, жаңартылған Конституция мемлекеттің тарихи тамырларын, халықаралық беделін және адами капиталды дамыту басымдығын айқын көрсететін сенімді құқықтық негіз болуға тиіс, — деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, «Ауыл» партиясы жаңа Конституция жобасына толық қолдау білдірген еді.