Жаңа Конституция жобасы мемлекет пен қоғамның даму динамикасын көрсетеді – сарапшы
АСТАНА. KAZINFORM – Конституция «қатып қалған» құжат емес, қоғаммен бірге өзгеріп, мемлекеттік билік пен адам құқықтарының арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуі тиіс. Бұл туралы Әділет министрлігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институтының заңнаманың тиімділігін талдау бөлімінің басшысы Тимур Авенов мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, талқыланып жатқан конституциялық өзгерістер жинақталған институционалдық және қоғамдық сұраныстарға дер кезінде берілген жауап ретінде қарастырылуы керек.
– Соңғы жылдары әлеуметтік қатынастар, азаматтардың мемлекеттік басқару сапасына деген талабы, құқық қолдану тәжірибесі және технологиялық орта айтарлықтай өзгерді. Бұдан бірқатар жүйелік мәселелерді аңғардық. Біріншіден, конституциялық қағидаттар тек қағаз жүзінде қалмай, заңнама мен тәжірибеге бағдар болу үшін негіз қажет. Әділдік, заңдылық және тәртіп сияқты негізгі қағидаттарды бекіту заң тұрғысынан айқын болса, келешекте мемлекеттік жүйе үшін ортақ стандарттарды қалыптастырады, – деп түсіндірді Тимур Авенов.
Ал екіншіден, Авеновтың айтуынша, Конституцияда адамның құқытары мен бостандықтары күшейтілуі керек, яғни жеке тарау ғана емес, бүкіл құжаттың өзегі болуы тиіс.
Бұл мемлекеттің азаматтардың құқықтарын іске асыру мен қорғау жөніндегі жауапкершілігін күшейтеді, сондай-ақ заңдардың қалай қолданылатынына қойылатын талапты арттырады.
Үшіншіден, цифрлық ортаны Конституция деңгейінде ескеру қажеттілігі туындады. Оған азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау да кіреді. Егер бұл мәселелер Конституцияда бекітілмесе, олар жүйесіз қаралып, жаңа сын-қатерлерге кеш жауап береді, дейді сарапшы.
Ол конституциялық өзгерістердің өзі емес, олардың құқық жүйесіне және азаматтардың өмір сапасына беретін нәтижесі маңызды екенін атап өтті.
– Құндылықтар мен қағидаттар айқынырақ болған сайын құқықтық реттеу де түсініктірек, болжамды болады. Ал заңды қолданатын органдар тиісінше бағдар алады. Адам құқықтарын қорғау деңгейі күшейіп, жекелеген кепілдіктер нақтыланып, дамытылады. Сонымен қатар, әсіресе цифрлық сала сияқты тез өзгеретін салаларда заңнаманы жаңғырту үшін құқықтық негіз қалыптасады, – деді Тимур Авенов.
Бірақ ең маңыздысы – бұл өзгерістерді қарапайым азаматтар түсінуі керек. Сондықтан ашық диалог пен түсіндіру жұмыстары аса қажет.
– Қоғамдық талқылау реформаға деген сенімді арттырады және конституциялық нормаларды қағаз жүзінде қалдырмай, шынайы өмірде іске асыруға көмектеседі, – дейді сарапшы.
Айта кетейік, бұған дейін Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Индира Әубәкірова Конституциялық реформаның мәніне тоқталған еді.