Жаңа Конституцияда еңбек құқықтарына ерекше мән берілген – сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгіннен бастап қолданысқа енген жаңа Конституция азаматтардың құқығы мен бостандықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтереді. Бұл туралы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Алуа Ибраева айтты.

Алуа Ибраева
Фото: Алуа Ибраеваның жеке мұрағатынан

– 18-бапта адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты басымдығы ретінде белгіленген. Бұл азаматтардың құқықтық шешімдері енді нақты стандарттармен қорғалатынын білдіреді. Сонымен қатар әділдік, заң және тәртіп Конституцияның негізгі тірегіне айналды. Адамның ар-намысы мен қадір-қасиеті қол сұғылмайтын құндылық ретінде қорғалады, – дейді спикер.

Профессордың айтуынша, жаңа Конституция цифрлық дәуірдің талаптарына да жауап береді.

– Жеке деректердің қорғалуы мен цифрлық қызметтердің қауіпсіздігі – заманауи құқықтық жүйенің басты талаптарының бірі. Сондықтан мұндай нормалардың Ата заңда айқындалуы азаматтардың құқықтарын жаңа дәуір талаптарына сай қорғауды күшейтеді, – дейді Алуа Ибраева.

Сонымен қатар жаңа Конституция әлеуметтік құқықтардың кепілдігін күшейтіп, мемлекеттің жауапкершілігін нақтылайды.

– Конституцияның 27-бабында «Әркімнің еңбек етуге құқығы бар» деген норма бекітілген. Әрбір азамат мамандығы мен жұмыс орнын еркін таңдай алады және ешкім заңсыз мәжбүрлі еңбекке тартылмайды. Сонымен бірге азаматтар қауіпсіз еңбек жағдайына және кемсітусіз еңбекақы алуға құқылы, – дейді ғалым.

Сөз соңында спикер жаңа құжаттың маңызды басымдықтарды айқындағанын алға тартты. Оның айтуынша, адами капиталды дамыту, білім, ғылым мен инновацияны қолдау, сондай-ақ зияткерлік меншік құқығын қорғау мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде бекітілген. Осылайша, негізгі заңның мазмұны мен құрылымы қазіргі заман талаптарына сай жаңартылып, азаматтардың құқығын қорғаудың жаңа құқықтық негізі қалыптасты.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі жалпы білім беретін мектептерге арналған жаңа оқулықтар әзірлеп, оларға жаңа Конституцияның нормалары енгізілгенін жазған едік.