Жаңа Конституция күшіне енді: қоғам үшін не өзгереді
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін жаңа Конституция күшіне енді. Жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған тарихи құжат мемлекеттік басқару жүйесін, қоғамның даму бағытын түбегейлі өзгертпек. Kazinform тілшісі Ата заң аясында қабылданатын шешімдер мен саяси реформаның халық өміріне әсерін талдады.
Реформадан референдумға дейін
Бұған дейін халық арасында 1995 жылғы Ата заңның заман талабынан қалыс тұсы айтылып келді. Құқықтық база, саяси тетіктерді ілгерілету үшін басты құжаттың бағдарын басқа арнаға бұруды меңзегендер көп. Ата заңда алдағы мемлекет мақсаты мен ел ретіндегі жолымыз әлі де нақтылануы керек дегенді де жиі естідік.
Халық көкейіндегі ниетті аңғарған Президент өткен жылғы Жолдауында Конституцияны реформалауға байланысты ұсыныс жасаған болатын. Осы мақсатта қазан айында Ата заңға қатысты ұсыныс-пікірді жинақтау үшін e-Otinish және eGov порталдарында «Парламенттік реформа» деген арнайы бөлім ашылды. 7 партия мен жетекші саяси институттар тақырыпқа қатысты ойын жеткізіп, Парламентаризм институты 2 мыңға жуық ұсынысты жүйелегенін білеміз.
Ал биыл 21 қаңтарда Президент 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссияны құру туралы Жарлыққа қол қойды. Комиссия құрамында азаматтық қоғам өкілдері, саясаттанушылар, экономистер, құқықтанушылар, министрлер, аймақ әкімдері жұмыс істеді.
Бұл кезеңнің басты ерекшелігі, Конституциялық комиссияның ашық әрі жария түрде талқылау жүргізуі екені сөзсіз. Комиссияның барлық 12 отырысы тікелей онлайн көрсетілім форматында көпшілікке ұсынылып, әлеуметтік желілер арқылы бір миллионнан астам адам қарады. Сонымен қатар комиссия мүшелерінің қатысуымен қоғамдық талқылаулар мен кездесулер толастаған емес. Осылайша, Конституция жобасын талқылау бүкілхалықтық пікірталасқа ұласқан еді.
Алдымен жаңа Конституцияның алғашқы редакциясы БАҚ-қа жарияланды. Ізінше ел тағдырына бей-жай қарамайтын азаматтар алып-қосарын айтып, қосымша ұсыныс берген болатын. Бұл ретте де комиссия ұсыныс-пікірді екшеп, жаңа нұсқаны қоғам қарауына қайта ұсынды.
– Қоғам талабы, әлемдегі жағдай өзгерді. Оған қоса Конституцияға қайта-қайта түзету енгізу тиімсіз болғаны белгілі. Сондықтан елге халықтың сұранысына жауап беретін және Қазақстанның болашақ дамуына негіз болатын жаңа Конституция қабылдау қажет болды, – дейді Қазақстандық қоғамдық даму институтының Институционалдық талдау және реформалар орталығының директоры Тасым Риззат.
Түбінде жарты жылға жуық талқыға түскен Ата заңның келешегін халық шешті. 15 наурызда республикалық референдум ұйымдастырылып, онда 9 126 850 азамат таңдауын жасады. Олардың 87,15 пайызы жаңа Конституцияны қолдаған, яғни 8 миллионға жуық адам шешімнің дұрыс екеніне сенімді.
Құрылтай, Халық кеңесі құрылады
Сонымен, бүгіннен бастап күшіне енген жаңа Ата заңда Преамбула, 11 бөлім мен 95 бап бар. «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім енгізілген. Тағы 4 бөлімнің атауы өзгерді. Өзгерістер мен толықтырулар Ата заңның барлық бөлімдерін қамтып, 77 бап жаңарды. Бұл Конституция мәтінінің 84%-ы өзгергенін білдіреді.
Конституциядағы өзгерістердің алғашқы легі мемлекеттік құрылымды реформалаудан басталмақ. Мысалы, Конституцияға сәйкес, екі палаталы парламент қызметін тоқтатып, оның орнына жоғары заң шығарушы орган ретінде бір палаталы кәсіби Құрылтай құрылады. Құрылтайдағы депутат саны 145 болу керек және оларды сайлауда толығымен пропорционалды жүйе қолданылмақ. Ал жаңа парламенттегі депутаттардың 5 жыл мерзімге партиялық тізім бойынша ғана өтуіне мүмкіндігі бар.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Саясаттану кафедрасының аға оқытушысы Жандос Сәрсенбековтің айтуынша, бір палаталы жүйе заң шығару үрдісін жеделдетеді және Құрылтайдың сесі болады.
– Ата заңда жақсы бастаманы байқадық. Ол – Құрылтайдың Үкіметке, министрліктерге ықпалының күшеюі. Құрылтайдың құзыреті туралы бапта айтып өткендей, Үкіметтің жыл қорытындысы туралы есебінің қабылданбауы – Құрылтай тарапынан Үкіметке сенімсіздік білдірумен пара-пар. Екіншіден, Құрылтай депутаттары Президентке министрлерді қызметінен босатуға ұсыныс бере алады. Ол ұсынысты Президент міндетті түрде мақұлдайды. Міне, осы тұста Үкіметтің Парламент алдында жауапкершілігі артады, – дейді саясаттанушы.
Құрылтайға депутат болуды қалайтын азаматтарға қойылатын талаптар жөнінде пікірталас болды. Соңында бұрын Мәжіліс депутаттығына үміткерге қойылған талап Құрылтайда қолданылады деп шешілген. Яғни, үміткер мандат алу үшін 25 жастан асуы, соңғы 10 жылда елде тұрақты тұруы міндет. Бастысы, Президент квотасы енгізілмейді, яғни арнайы тағайындалған «таңдаулы тұлғалар» болмайды. Әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар азаматтарға арналған партиялық квота ғана сақталады.
Сарапшылардың пікірінше, Құрылтай депутаттарының партиялық тізіммен өтуі партиялар арасынадағы саяси бәсекені арттыруы мүмкін. Партияішілік, тіпті партияаралық реформалар саяси мәдениетті жаңа деңгейге шығарады деп болжауда.
Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысында да осы мәнде ойды айтқаны есте.
– Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі – ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға. Тұғырына қонған Ата заңымыз аса ауқымды қоғамдық-саяси үдерістер кезеңіне жол ашады. Осыған орай, мен бірқатар маңызды құжатқа, соның ішінде Құрылтай сайлауын өткізу туралы арнайы Жарлыққа қол қоямын. Соған сәйкес партиялар арасындағы бәсеке де жандана түседі. Біз жасампаз ел ретінде осы саяси науқанды да жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Алдағы сайлауда ашық, адал және әділ бәсеке болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы
Елге саяси салмағы бар, тіпті нақты заң ұсынуға әлеуетті консультативті орган керек. Себебі қоғамдық диалог алаңдары кей жағдайда тұтас жалпыұлттық мүддені қамтамасыз ете алмай отыр. Сондықтан Ата заңда Халық кеңесін құру бастамасы енгізілді. Онда тек сала мамандары ғана емес, азаматтық қоғамның барлық өкілдері бас қосуға мүмкіндік алады және қоғамның заң шығару үдерісіне тікелей қатысуы артады.
Белгілісі, консультативтік-кеңесші органға 126 адам мүше болады:
42 өкіл – этномәдени бірлестіктерден;
42 өкіл – қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардан;
42 өкіл – мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден делегат етіп жіберілмек.
Президент жанындағы ҚСЗИ-дың Өңірлермен жұмыс бөлімінің бас сарапшысы Азамат Жансейітов Халық Кеңесі азаматтық қоғамның рөлін аттырады деген пікір айтты.
– Кеңеске заң шығару бастамасын көтеру және референдум өткізу туралы бастама ұсыну құқығының берілуі өзекті. Енді азаматтық қоғам өкілдері мемлекет әзірлеген құжаттарды талқылап қана қоймай, заңға бастамашы бола алады.
Мәселен, бірнеше өңірде ауыз су мәселесі бар делік. Қоғамдық ұйымдар мәселені шешу үшін әкімдіктерге жеке-жеке өтініш жасамай-ақ, Халық Кеңесі арқылы ортақ мәселені шешуге бағытталған заңды ұсынуына мүмкіндік бар.
Дәл осындай тәртіппен ауылдағы медициналық көмек, мүгедектігі бар адамдардың құқы, экологиялық қауіпсіздік, жастарды жұмыспен қамту, көпбалалы отбасыларды қолдау секілді өзекті мәселелерді шешуге болады, – деп түсіндірді спикер.
Азамат Жансейітовтің пайымынша, Халық Кеңесі бүкіл азаматтық қоғамның орнын алмастырмауы тиіс. Құрылым қоғам мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылдың маңызды тетігі болып қалғаны жөн. Оған қоса Кеңес құрамында әйелдер мен жастардың болуы, отырыстардың жария түрде өткізілуі, азаматтармен тұрақты кері байланысы маңызды.
Елдегі екінші адам
Жаңа Конституцияда вице-президенттің болашақ функциялары нақтыланған. Ата заңда вице-президенттің құқықтық мәртебесі мен өкілетін реттейтін жеке бап пайда болды.
Вице-президентті Құрылтайдың келісімімен президент тағайындайды. Аталған лауазымға келетін азаматтың саяси партияға мүше болуына, депутат атануына, жоғары қызмет атқаруына, тіпті кәсіппен айналысуына жол жоқ. Ал лауазымнан босату туралы шешімді Мемлекет басшысы қабылдайды.
Ұсыныстардың жай-жапсарын аңдасақ, вице-президент халықаралық аренада, елдегі басқару құрылымдарында Мемлекет басшысының атынан сөз сөйлеуге құқы бар. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, елді басқару уақытша вице-президентке жүктеледі.
Саясаттанушы Тасым Риззаттың сөзінше, Жаңа Конституцияда ешкімге артық өкілет берілмеген. Керісінше, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін күшейтетін басқару моделі басым. Биліктің шамадан тыс бір қолға шоғырлануының алдын алып, жекелеген тұлғаларға тәуелді болу қаупін азайтқан.
– Мәселен, Ата заңда Президент жеті жылдық мерзімге бір рет сайланады деп жазылған. Бұл саяси жауапкершілікті күшейтіп, билікті ұзақ уақыт сақтап қалуға деген ұмтылыстың жолын кеседі. Оның үстіне жеті жылдық мерзім Президентке бағдарламасын жүйелі түрде жүзеге асыруға жеткілікті уақыт деп ойлаймын, – дейді Тасым Риззат.
Адам құқығы
Саясаттанушы Жандос Сәрсенбеков Конституциялық өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғауға ықпал етеді деген пікірде.
– Жаңа редакцияның алғашқы тарауларында адам құқықтарына байланысты көп өзгеріс бар. Бастысы, жаңадан қосылған «Миранда» қағидасын ерекше атауға болады. Яғни, адамның кінәсі толық дәлелденбейінше, оны кінәлі деп есептеуге болмайды.
Бұл – уақытылы қабылданған өзгеріс. Себебі қазіргі таңда әлеуметтік желі мен БАҚ-та ақпараттың таралу қарқыны өте жылдам. Қоғам кей жағдайда күдікті адамды кінәлі қылып көрсетеді. Күдіктінің ар-ожданы, жеке имиджіне нұқсан келеді деп тартынатындар аз. Осы мәселеде жаңа Конституциядағы «Миранда» қағидасы олқылықтың алдын алуға көмектеседі, – дейді Жандос Сәрсенбеков.
Сонымен қатар сарапшы Ата заңдағы цензураға байланысты нақты түсініктерді жоғары бағалады. Бұған дейін айыптаушы тараптар ескі Конституциядағы жалпылама ғана айтылған ойды әртүрлі тәпсірлеп келген. Енді құқықтық ұстанымдар айқындалған шақта мұндай келеңсіздіктер азаяды.
Осы орайда адвокаттар мәртебесін айта кетейік. Бүгіннен бастап адвокаттардың мәртебесі конституциялық деңгейде бекітіліп, олар сот процесіне прокурорлармен тең жағдайда қатысу мүмкіндігін алады.
Сонымен қатар бүгіннен бастап екі ай ішінде алты лауазымды тұлға қайта тағайындаламақ. Оның ішінде Бас прокурор, Ұлттық банк төрағасы, Жоғарғы сот төрағасы, Жоғары сот кеңесінің төрағасы, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл бар.
Қоғамда әділеттілік пен мемлекеттік институттарға деген сенімге талап та, сұраныс та жоғары. A+Analytics зерттеу орталығының жетекшісі Фархад Қасеновтің пікіріне сүйенсек, Ата заңда бекітілген құқықтық ұғымдар «Әділетті Қазақстанның» іргетасына айналады.
– Әділет болмаса, адамдардың қоғамдағы өзгерістерге деген сенімі әлсіреп, немқұрайлылық күшейеді. Ал мемлекеттік органдарға сенім жоғалған жағдайда, олар халыққа қызмет көрсететін институт емес, белгілі бір топтың мүддесіне қызмет ететін құрылым ретінде қабылдануы мүмкін.
Жаңа Конституция осы алшақтықты жоюға деген қоғамның ұмтылысын көрсетеді. Онда әділет пен сенімге негізделген мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру мақсаты бекітілген. Алайда бұл қағидаттарды Конституцияда жариялау ғана жеткіліксіз. Оларды іс жүзінде тиімді әрі толық жүзеге асыру керек, – дейді Фархад Қасенов.
Қоғам үшін маңызы қандай?
Тарихқа көз жүгіртсек, Конституция әрдайым қоғамдағы терең трансформацияның бастауына айналатынын көреміз. Мысалы, Кеңестік Конституциядан тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Ата заңына көшу кезінде еліміз дамуының маңызды сатысына бет бұрды. Енді бүгінгі жаңа Конституция заман талабына сай өзгерудің бастамасы болмақ.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың Өңірлермен жұмыс бөлімінің бас сарапшысы Азамат Жансейітов Ата заңның қоғамға әсерін басқаша сипаттады. Оның пайымынша, жаңа Конституция ұлт сапасын көтеруге түрткі болуы ықтимал. Себебі Конституцияда адами капиталды дамыту, білім беру, ғылым мен инновацияны қолдау салалары мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындалған.
– Жаңа Конституцияны ұлт сапасын қалыптастыратын негізгі тетіктің бірі ретінде қарастыруға болады. Бұл жерде әңгіме тек мемлекеттік институттарды жетілдіру туралы емес, сонымен қатар қоғамның заңға, еңбекке, білімге, жауапкершілікке және қоғамдық игілікке деген көзқарасын өзгерту туралы болып отыр, – дейді спикер.