Жаңа Конституцияға орай Қазақстанның құқықтық саясат тұжырымдамасы қайта әзірленеді

АСТАНА. KAZINFORM — Әділет министрлігі 2030 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасын жаңа Конституция талаптарына сәйкес жаңартуға кірісті. Бұл туралы Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлімдеп, жаңа құжат құқықтың адамға бағдарланған моделін, цифрлық құқық пен жасанды интеллектіні дамыту бағыттарын қамтитынын айтты.

Ерлан Сәрсембаев
Фото: Үкімет

Министрдің айтуынша, жаңа Конституция мемлекеттің жаңа философиясын қалыптастырды. Сондықтан құқықтық саясаттың да философиясы өзгеруі тиіс.

Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасы 2021 жылғы 15 қазанда бекітілген және бұрынғы конституциялық модельге сәйкес қабылданған болатын.

— Ал бүгін жаңа Конституцияның күшіне енуімен түбегейлі өзгерістер орын алды. Конституция алғаш рет «Заң мен Тәртіп» қағидатын, адами капиталды дамытуды, жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын, білім беру, ғылым және инновацияны мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде бекітті. Осыған байланысты біз құқықтық жүйенің ұзақ мерзімді даму бағыттарын айқындап, оның тұтастығын қамтамасыз етуіміз тиіс, — деді Әділет министрі Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Демек, Конституция Әділетті Қазақстанның қандай болуы керектігін айқындаса, жаңа Құқықтық саясат тұжырымдамасы оған жетудің құқықтық жолын көрсетуі қажет. Осыған байланысты Әділет министрлігі Құқықтық саясат тұжырымдамасын жаңарту бойынша тиісті тәсілдер әзірлеп жатыр.

— Жаңартылған тұжырымдама: құқықтың адамға бағдарланған моделіне және мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне көшуді; цифрлық құқықты, жасанды интеллектіні, ғылым мен инновацияны дамытуды; жаңа буындағы экологиялық құқықты және басқа да маңызды бағыттарды қамтуы тиіс. Құқықтық саясат тұжырымдамасын жаңарту — 2026 жылғы Конституция негізінде Қазақстанның жаңа құқықтық архитектурасын қалыптастыру болып саналады. Әділет министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп жаңа Конституцияны сапалы іске асыру бағытындағы жұмысты жалғастырады, — деді Ерлан Сәрсембаев.

Айта кетейік, бүгін жаңа Конституция күшіне енді. Жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған тарихи құжат мемлекеттік басқару жүйесін, қоғамның даму бағытын түбегейлі өзгертпек.

Президент қазақстандықтарды Жаңа Конституцияның күшіне енуімен құттықтады.

Сондай-ақ Премьер-министр Олжас Бектенов барлық мемлекеттік және қоғамдық институтты түбегейлі жаңғырту басталғанын айтқан еді.