Жаңа Конституцияның өзегінде адам құқығы мен бостандығы тұр — Әділет министрі

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа Конституция адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің басты құндылығы ретінде айқындап, оларды қорғаудың құқықтық кепілдіктерін едәуір кеңейтті. Бұл туралы Үкімет отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев айтты.

Әділет министрі
Фото: Үкімет

Министрдің айтуынша, бүгіннен бастап жаңа Конституцияның ережелері еліміздің құқықтық жүйесінің, мемлекеттік билік институттарының қызметі мен ұзақ мерзімді қоғамдық дамудың негізгі іргетасына айналады.

Жаңа Конституциямен бекітілген Әділетті Қазақстан идеясының өзегінде адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары орналасқан.

— Адамға бағдарланған қағидатқа сәйкес, Конституцияда адам құқықтарының кепілдіктері едәуір кеңейтілді. Алғаш рет Негізгі Заң деңгейінде азаматтардың жағдайын нашарлататын заңдарға кері күш беруге тікелей тыйым салынды. Бұл құқықтық айқындықты күшейтіп, қоғамның заңдарға деген сенімін арттырады, — деді министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Қоғамның цифрлық даму жағдайында адамның дербес деректерін қорғау конституциялық деңгейде бекітілді. Сондай-ақ әр азаматқа мемлекеттің заңсыз әрекетінен келген зиянды өтетіп алу құқығы конституцияда айқын көрсетілді.

— Осындай және өзге де ережелер адам құқықтарын қорғаудың кепілдіктерін күшейтіп қана қоймай, заңнаманың тиісті салаларын одан әрі жетілдіруді талап етеді, — деді Е. Сәрсенбаев.

Айта кетейік, бүгін жаңа Конституция күшіне енді. Жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған тарихи құжат мемлекеттік басқару жүйесін, қоғамның даму бағытын түбегейлі өзгертпек.

Президент қазақстандықтарды Жаңа Конституцияның күшіне енуімен құттықтады.

Сондай-ақ Премьер-Министр Олжас Бектенов барлық мемлекеттік және қоғамдық институттарды түбегейлі жаңғырту басталғанын айтқан еді.