Жаңа Құрылыс кодексінің жобасында адам қауіпсіздігі бірінші орында тұр - Бақытжан Базарбек
АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылдың ақпанында Парламент Мәжілісінде жаңа Құрылыс кодексінің жобасын жауапты министрлік таныстырған болатын. Содан бері палатада бұл құжат жобасы егжей-тегжейлі талқыланып жатыр. Бастапқыда оған қатысты депутаттар біраз сын айқаны да есімізде. Осы орайда атқарылып жатқан жұмыстар бойынша Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің пікірін көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік.
- Бақытжан Жұмабекұлы, аталған құжат жобасы Мәжіліске енгізілгеннен бері біраз нормаларға қатысты ұсыныс айтып келесіз. Жалпы, жұмыс қарқыны қалай жүріп жатыр?
- Осы кодекс жобасын әзірлеуге бюджеттен қаражат бөлінген. Құжат жобасының мәтіні қолданыстағы үш заңның мәтінінен айырмашылығы жоқ екенін байқадым, яғни компиляция деңгейі 85-90 пайыз шамасында болды. Негізі, мәтіннің мазмұнына ерекше мән беретін адаммын. Компиляция – ол плагиаттың бір түрі. Осы үшін бюджеттен қомақты қаржыны бөлудің қажеті болды ма?! Мәселен, қазір кейбір ауылда жол мен ауыз су жоқ. Осы мақсатқа жұмсаған жөн болар еді.
Сондықтан министрліктегілер Құрылыс кодексінің жобасын әзірлеген болып, компиляция жасаған. Бұл – алдаудың бір түрі. Сондықтан Мәжілістің жалпы отырысында осы мәселені көтермекпін. Осыдан кейін заң жобаларын бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруды тоқтатуымыз керек. Осындай жағдайды латенттік жымқырудың түрі деп айтсақ болады.
ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінен тиісті тексеру жүргізуді сұрадық. Ол комитет төрт комиссия құрып, заң бұзу деректерінің барлығын анықтады. Бұл тұрғыда онда атқарылған жұмыстардың есебі жоқ екені белгілі болды. Сарапшыларға төлеген ақшаның, жалға алған ғимаратқа кеткен шығындардың есебі болуы керек қой? Мақсатты игерілуінің құжаттамасы жоқ.
Кодекс жобасы бойынша Парламент Мәжілісінде 40-қа жуық жиын өткізілді. Соның аясында 1,5 мың түзетуді қабылдадық. Осының бәрі бірінші оқылымға дейін жасалды. Ал екінші оқылымға дейін ұсыныстар 3-4 мың болуы ықтимал. Демек, осы деректер құжат жобасын қаншалықты жетілдіру керек болғанын аңғартады. 1,5 мың түзету деген көп қой. Олардың 800-ге жуығы заңнама-техникалық мәселеге қатысты, яғни қателік көп болды, сілтемелері дұрыс емес.
- Ұсынылған нормалар құрылыс компанияларына талаптарды күшейте ме?
- Құрылыс саласында өзіндік лобби бар. Кодекс жобасы аясында біраз түзету құрылыс компанияларының лоббиімен енгізілді деп ойлаймын. Мәселен, кепілдік тақырыбына тоқталайын. Кез келген ғимаратқа, көпқабатты үйге тиісті кепілдік мерзімі беріледі. Азаматтық кодекс аясында 10 жыл мерзім қарастырылған. Нысанды салғаннан кейін, құрылыс жүргізген компания 10 жыл бойы күтіп-ұстауға жауапты болуы керек. Осы мерзімде анықталған кемшіліктерді өз қаражаты есебінен түзетуі қажет. Ал Үкіметтен келіп түскен нұсқада: «құрылыс нысандарының кепілдігі мердігердің өз пайымы бойынша нақты мерзімге белгіленеді» делінген. Сәйкесінше, оларға 10 жыл бойы жауапкершілікті өз мойнына алу тиімсіз екені түсінікті ғой?! Олар 2-3 жылдың ішінде бітіріп, мердігерлер жауапкершіліктен құтылудың амалын жасайды. Сондықтан Үкіметтен түстен нормаға қарсылық таныттық. Меніңше, осы норма құрылыс компаниясының лоббиімен енгізілді.
Тағы бір норма тектоникалық сызаттарға (тектонический разлом) қатысты. Жақында еліміздің өңтүстік өңірлерінде және Қырғыстанда жер сілкінді. Қазір қолданыстағы сәулет және қала құрылысы туралы заңда тектоникалық сызатқа қатысты ұғым нақтыланбаған. Жалпы, жер қыртысы қозғалмалы мұндай аймақтарда тұрғын үй салуға болмайды. Мысалы, Жапонияда осындай жерлерде үй сала береді, бірақ бұл елде сейсмикалық қауіпсіздік талаптарын толық орындап, түрлі заманауи технологияны пайдаланады. Өкінішке қарай, осы технологиялар бізде жоқ. Егер біздегі құрылыс компаниялары жапондық технологияны елімізде қолданса, онда рұқсат беруді қарастыруға болады. Бізде бұрынғы қатып қалған қағидамен және оңай жолмен, елеулі шығынсыз ғимарат салғысы келеді. Алайда, осының салдарынан қауіпсіздікке нұқсан келеді. Сондықтан кодекс жобасын талқылау барысында «тектоникалық сызаттар бар орындарда үш қабаттан жоғары нысан салуға тыйым салынады» деген норманы енгіздім. Бірақ осы ұсынысыма құрылыс компаниялары өздерінің қарсы уәжін айтып отыр.
Бұдан бөлек, Алматыда сел немесе лай көшкіні болуы мүмкін тау бөктері бар. Тау бөкерінде мығым тұрған тас жоқ, тек лай мен балшық жиналған. Ол жерлерге бетон сваяны қаншалықты терең қаққанымен, құрылыс қауіпсіз болмайды. Қатты жерасты дүмпуі болса, құрылыстың барлығы шашылып қалады. Егер адамдардың қауіпсіздігін ойласақ, мұндай жерлерге тұрғын үй салуға болмайды. Бұған қатысты қарсы норманы енгізсек, тағы да қарсы уәж айтылды. Сондықтан құрылыс лоббиіне жол бермеу керек. Мәжілістегі талқылау барысында осындай кемшін тұстарын шығарып жатырмыз.
- Мәжілісте құжат жобасын талқылау барысында енгізілген өзгерістер қаншалықты ауқымды? Айтылып, пысықталған ұсыныстардың маңыздыларына тоқталсаңыз...
- Бұл кодексте адамды бірінші орынға қойып отырмыз. Осы орайда халықтың мұңын назарға алдық. Бұған дейін құрылыс компанияларына елеулі жеңілдіктер жасалып келді. Жаңадан ұсынылған бірінші маңызды норма жайында айтсақ, кодекс жобасы аясында сейсмикалық қауіпті аймақтарда қауіпсіздік талаптарын күшейтіп жатырмыз. «Сейсмикалық қауіпті тәуекелдер» деген ұғымды енгіздік. Мұнымен қоса, Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан, Өскемен, Талдықорған қалаларының бас жоспары мен нақты жобаларын әзірлеу кезінде, сейсмикалық зондтау карталары ескеріледі. Алматыдан басқа қалаларда осындай карта жоқ. Осы ртте, 2030 жылдан бұл қалаларда аталған карта аясында ғана құрылыс жобаларын жоспарлайды.
Келесі маңызды норма – ол лай немесе сел көшкіні орындарында толығымен құрылысты тоқтату. Бұл мәселе кейінгі 10 жыл бойы көтеріліп келеді. Қазір Алматыда мұндай құрылыстар көп, яғни ешқандай қауіпсіздік талаптары сақталмаған.
Сонымен қатар, құрылыс саласындағы субъектілердің жауапкершілігін күшейтуге екпін қойылды. Мәселен, бұл салада жобалаушылар мен сарапшылар, авторлық әрі техникалық қадағалау органдары бар. Бұл тұрғыда олардың өзара іс-қимылын реттейміз. Осы уақытқа дейін жобалаушылардың саласында бірнеше өзін-өзі реттеу ұйымдары (қауымдастықтар мен одақтар) құрылған. Әрқайсы өзі бір жеке «мемлекет» іспеттес, ешкім олардың жұмысын бақыламайды. Соның кесірінен жобалаушылар тым көбейіп кеткен, елімізде лицензиясымен 20 мыңға жуық жобалаушы бар екен. Ал іс жүзінде жұмыс істеп тұрғаны 1 мыңнан аспайды. Сондықтан осы бағытты ретке келтіріп, өзін-өзі реттеу ұйымдарының жұмысын мемлекеттік реттеуге қоямыз. Олар мемлекеттік уәкілетті органмен тығыз қарым-қатынаста жұмысын ұйымдастырады.
Бұдан бөлек, тағы бір маңызды ұсыныс цифрландыруға қатысты. Құрылыс саласы толықтай цифрландырылады, яғни сәулет-жоспарлау тапсырмасы мен экскиздік жобалауды келісу кезеңінен бастап, нысанды бұзу немесе сүріп тастау процесіне дейінгі әрекеттер ақпараттық жүйе арқылы іске асады.
Сондай-ақ қала құрылысының сараптамасына да ерекше көңіл бөлдік. Бас жоспар мен нақты жобалар құрылыс компанияларының ығында кетіп қалған кездер байқалып отыр. Атап айтқанда, бас жоспар мен нақты жобаны өзгерте береді. Кейбір қалаларда нақты жоба бас жоспарға қарама-қайшы. Ал ең басты құжат ретінде елді мекеннің бас жоспары болуы тиіс, қалған жобалар осыған сәйкес іске асуы керек. Осыны ешкім бақыламаған және жауапкершілік болмаған. Мұның салдарынан құрылыс компаниялары өздерінің мүддесін ілгерілетіп отырған. Бақылаусыз жоспарлау мен сапасыз құрылыс еліміздің өңірлерінде көбейіп кеткен. Кейбір ықшам аудандарда тек көпқабатты тұрғын үй салынып, балабақша мен мектеп, саябақ қарастырылмаған. Саябақ орындарына тұрғын үй кешенін салу үрдісі байқалып отыр. Енді, бас жоспар мен нақты жобалар арнаулы сараптамадан, мемлекеттік тексеруден өтеді. Осыны маңызды нормалардың бірі деп санаймын.
Жалпы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарының өкілеттігін күшейтіп жатырмыз. Жаңа Құрылыс кодексінің жобасында көп өзгеріс ескерілген. Қатаң бақылау болады.
- Біраз жылдан бері талқыланып келе жатқан осы жаңа Кодекс еліміздегі құрылыс саласын ілгерілетуге, бұрынғы проблемаларды түбегейлі шешуге қаншалықты ықпал ете алады деп санайсыз?
- Бұл кодекске халық үлкен үміт артып отыр.Біріншіден, сапасыз құрылысқа тосқауыл қоямыз. Алпауыт құрылыс компаниялары бастапқыда сапаға ереше назар аударатын, ал қазір нысандардың санынан көп көңіл бөліп отыр. Екіншіден, қауіпсіз құрылысқа екпін қойылады. Мәселен, кейбір сейсмикалық қауіпті өңірлерде құрылыс нысанын салу кезінде, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органы арнайы келіп, тексеруге құқылы болатын норманы енгіздік. Тектоникалық сызаттары бар аймақтарда нысан салынса, арнайы құрылғыларды қолдануға міндеттеледі.
Қоғамдағы кейбір адамдар заңның осал тұстарын пайдаланып, тау бөктерінде үй салу үшін барынша әрекет ететіні анық. Бұл жағдай – қордаланған проблема. Егер тыйым салуды енгізсек, осыны үлкен жеңіс деп санаймын. Осы орайда заңсыз құрылыстың 60 пайызын тоқтатуға мүмкіндік болады. Бірақ, «заңсыз құрылысты қалай болғанда да саламын, осы бағытта ақша табамын» деп мақсат қойған адамдарды заңның қатал нормалары тежей алмайтын кездер болуы ықтимал. Осындай пиғылдағы адамдар тау бөктеріндегі шаруа қожалығы мақсатындағы жерді алып, ағаштарды кесіп, рұқсатсыз бірнеше қабаттан тұратын үй салып алады да, өз ойын іске асырады. Тексеріс болса, осы нысандарды сатып жіберуге әрекет етеді. Ал құқықтық сауаттылығы төмен адамдар осы үйлерді сатып алып, кейін ұрынып қалады. Ешқандай тексерусіз нотариус арқылы рәсімдей салады. Атап айтқанда, халықтың санасында қате пікір қалыптасқан. Олар «нотариус арқылы өткен құжаттардың бәрі дұрыс, сондықтан делдалдар сатқан жерге үй салуға болады» деп ойлайды. Нотариус - мына жерде заңды үй салуға болатынын немесе болмайтынын тексермейді, сәулет-жобалау тапсырмасы мен эскиздік жобаның сәйкестігін қарамайды. Құқықтық сауаттылықтың аздығынан адамдар бар жиған ақшасынан айырылып жатады. Тым болмаса, 40-50 млн теңгеге осындай нысанды алардың алдында, 100 мың теңгеге бір заңгердің көмегіне жүгіну керек. Өз кезегінде адвокат осы құжаттың барлығын тексеріп, заңдылықты толық тексеріп шығады. Қазір нотариалды қызметтерді жетілдеру туралы заң жобасы бойынша жұмыс тобының мүшесімін. Бұл ретте, нотариустарға үлкен талаптарды қойып жатырмыз.
Алып-сатарлар, делдалдар арасында алаяқтар баршылық. Мұнымен қоса, риелторлардың әрекеті мен жауапкершілігін реттейтін заңнама болмай тұр. Осыны пайдаланып, риелторлардың бір бөлігі күмәнді іс-қимыл жасап жүр. Халықтың құқықтық мәдениеті мен сауатын көтермей, алаяқтарға алданатындар азаймайды.
- Жыл сайын елімізде үлескерлер мәселесі көтеріліп жатыр. Бұл тұрғыда тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы проблемалы объектілер біраз өңірде тіркелген. Таяу арада үлескерлер проблемасын толық шешу мүмкін бе?
- Жақында заңнамаға үлескерлер мәселесіне қатысты тиісті өзгерту енгізгенбіз. Ол бойынша кез келген пәтерді сатып алсаңыз, төлем қолма-қол ақшасыз жасалады. Қаржы аударымы тек банк арқылы жүзеге асады. Себебі, қаржы аударымының ізі қалуы керек. Осы мәліметтерді салық органдары көріп отырады. Құрылыс компанияларының көбісі «көлеңкелі» бизнес тетіктерін пайдаланады, яғни салықтан жалтарады. Кейбір салаға көп жеңілдік берілгендіктен, бюджет тапшылығы байқалып отыр. Құрылыс саласы біраз жыл бұрын ҚҚС-тан босатылған, соның салдарынан бюджетке қомақты қаржы түспей қалды. Жаңа Салық кодексіне ҚҚС-ты 24 жылдан кейін қайтардық.
- Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы жаңа Құрылыс кодексі жыл соңына дейін қабылдануы керек екенін айтты. Жалпы, осы белгіленген уақыт аралығында құжатты қабылдап үлгерісіздер ме?
- Қазір өте қарқынды түрде жұмыс істеп жатырмыз. Құжатты бірінші оқылымда қарастыру аясында біраз түзету пысықталады. Сонымен қатар, қауымдастықтардан да ұсыныстар келіп жатыр. Жыл соңына дейін құжатты қабылдауға бар күшімізді саламыз. Біздің мақсатымыз – сапалы дайындалған кодексті қабылдау.