Жаңа Құрылтайдың жұмыс сапасы жаңа деңгейге көтерілуі керек — қоғам пікірі
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Отыз жылдан астам уақыт халық игілігіне қызмет етіп келген Конституциямызға өзгерістер енгізілетіні — уақыт талабы. Ал конституциялық өзгерістің негізгі өзегі — Парламенттің бір палаталы болып қалатыны туралы идеяның іске асқаны, деп есептейді павлодарлық қоғам өкілдері.
— Болашақта Құрылтайымыздың жұмыс сапасы жаңа деңгейге көтеріледі деген сенімдеміз. Себебі заңдық реформаларға сәйкес заң шығарушы органда жедел түрде көп мәселе қаралатыны анық. Ел үшін өзекті көптеген өзгерісті, халықтың игілігіне арналған жаңашылдықтарды Құрылтайда електен өткізіп шығарамыз. Әрине ең бастысы, Президентіміз ұсынған жаңашылдықтардың барлығы референдумнан кейін, халық таңдауы бойынша қабылданады. Бұл да біздің мемлекетіміздің құрылысы демократиялық қағидаларға негізделген ел екенін байқатып отыр, — дейді қоғам қайраткері, Павлодар облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Бәкір Демеуов.
Оның ойынша, ҚР Президентінен кейінгі вице-президент лауазымын қайтадан жаңғырту туралы идея құптарлық. Әр мемлекетте небір жағдайлар, өзгерістер, Президенттің шетелдерге ұзақ іссапарлары болмай тұрмайды. Осы уақытта елдегі жағдайды тұрақты бақылап, жұмыстарды тұрақты жалғастыратын бірінші билік өкілі болуы керек.
— Мемлекет басшысы былтыр бүкіл Орталық Азия аймағында Қазақстанның рекордтық көрсеткішке қол жеткізгенін атап өтті. Экономикамыз 6,5%-ға өсіп, еліміздің ішкі жалпы өнімі 300 млрд доллардан асыпты. Ал жан басына шаққандағы үлесі тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет 15 мың доллар болған. Бұл — дәйекті экономикалық көрсеткіштер. Бір мысал келтірейін, мен 2003-2009 жылдары Павлодар қаласының әкімі болып тұрғанда қала бюджетінің көлемі небәрі 20 млрд теңге болатын. Қазір ол 300 млрд теңгеден асады. Ондаған жыл ішінде шаһардың қазына қаражаты 15 есе ұлғайған. 2000-шы жылдары қалаға республикалық трансферттер берілмеді, әлеуметтік салаға тек қаладан ғана қаражат қарастырылатын. Ал қазір қарап отырсақ, республикадан өңірлерге миллиардтаған қаражат құйылып жатыр. Халықтың өмір сапасын, тұрмысын жақсартуға орасан зор мүмкіндіктер жасалып жатыр, — деп атап өтті Бәкір Демеуов.
Бұған қоса қоғам қайраткері болашақта Құрылтайға, «Халық кеңесіне» облысымыздан мүше болатын азаматтар ескеруі тиіс мәселелерді де атап өтті. Айтуынша, экологиядағы түрлі ауыртпалықтар Ертіс-Баян өңірі халқы үшін аса өзекті. Зауыт-фабрикалар үсті-үстіне салынып жатыр. Ендеше қоршаған орта мен өндіріс арасындағы теңгерім ұсталуы керек.
Екіншіден, коммуналдық саладағы түйткілдер, соның ішінде жылу желілерінің тозуы, ауыз су, жылу кәсіпорындарының заманға сай жаңғыруы биік мінберлерден жиі айтылуы керек. Облыста коммуналдық желілердің тозуы мәселесі өткір тұр.
Үшіншіден, облысымыздың көптеген аймағында жылдар бойы жиналып қалған өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу мәселесін республика деңгейінде көтеру. Павлодар облысы қоршаған ортаны ластайтын заттардың шығарындылары бойынша елімізде көш бастап тұр. Өндіріс қалдықтары мен түрлі күл-қоқыстың 30 пайызы, яғни 700 мың тоннасы осы аймаққа тиесілі. Ал отын-энергетика саласындағы бұл көрсеткіштің үлесі тіпті сорақы — 65 пайыздан асады. Экологтердің пайымдауынша, аймақта шамамен 700 млн тоннадан астам өндірістік қалдық жиналып қалған.
— Анау Майқайыңдағы алтын кеніштерінің, Екібастұздағы көмір кеніштерінің маңында үйілген өндірістік, сондай-ақ Павлодар қаласындағы тұрмыстық қалдықтардан пайда болған күл-қоқыс орындарын қайта өңдейтін уақыт жетті. Бірақ оған жаңа технологиялар қажет. Әлемде күл-қоқыс өңдейтін қаншама жаңа технология бар, алайда олар бізге әлі жете қойған жоқ. Соларды өзімізге әкеліп, енгізсек экологиялық қана емес, өндірістік мәселелер де шешімін табар еді. Ал қайта өңдеуден дайын бұйымдар, өнімдер шығарылып, одан бюджетке қаншама қаражат түседі, халық үшін жаңа жұмыс орындары пайда болады, — деп ойын түйіндеді Бәкір Демеуов.
Ал «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің қоғам және мемлекеттік органдармен жұмыс жөніндегі координаторы Еркеғали Жанғазы Мемлекет басшысының отбасылық құндылықтарды дамыту жөніндегі ой-пікірлеріне ерекше тоқталды.
— Президентіміздің қоғам, отбасы құндылықтарын одан әрі күшейту туралы айтқандары көкейде тұрған көп мәселенің шешімі бола алатындай. Соңғы жылдары құрылтайда қабылданған шешімдердің арқасында әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты қадамдар жасалды. Лудоманияға, яғни ойынқұмарлыққа және нашақорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізіле бастады. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын басты құндылықтарымызды айқындала түсті. Жас ұрпақтың келешегіне зиянын тигізетін кеселдерге барынша тосқауыл жасауымыз керек, — дейді ол.
Халқымызда «Тектілер ту көтереді, тексіздер шу көтереді» деген тәмсіл бар. «Сенімен болашақ» ұйымы төрт жылдан бері жалған патриоттыққа бой алдырмай, жас ұрпақтың бақытты әрі сенімді болашағын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жұмыстарды жүргізіп келе жатыр. Ең басты құндылық — отбасы. Тәрбие де, патриотизм де отбасынан басталатынын ескерсек, қазіргі уақытта қоғам өкілдерінің басты мұраты — отбасы институттарын ұлттық құндылық бағытында дамыту. Ал жас буынның күш-қуаты мен ынта-жігері, жаңашылдығы мен жасампаздығы кез-келген салаға зор серпін береді.
Еске сала кетейік, Президент неке институтын «ер мен әйелдің ерікті, ресми одағы» деп заңмен бекітуді ұсынды.