Жаңа мәдени-ақпараттық жобаларды жасай отырып, біз қазақстандықтарды алға қойылған кез келген үстеме міндеттерді шешуге жұмылдыра аламыз - М.Құл-Мұхаммед.

АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат. Бұған дейін хабарланғандай, бүгін Астанада ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің алқа мәжілісі өтіп, онда Елбасының «Дағдарыстан - дамуға» Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі міндеттер талқыланды. ҚазАқпарат осы алқада баяндама жасаған ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің сөзінің мәтінін таратады.

Жаңа мәдени-ақпараттық жобаларды жасай отырып, біз қазақстандықтарды алға қойылған кез келген үстеме міндеттерді шешуге жұмылдыра аламыз  -  М.Құл-Мұхаммед.
Құрметті әріптестер! Наурыз айының басында Елбасы жаңа саяси маусымға жол ашып, Қазақстан халқына «Дағдарыстан - дамуға» атты кезекті Жолдауын арнады. «Кез келген дағдарыс кезінде ең алдымен даму туралы айтылады, өйткені әр дағдарыстың мән-мағынасы жаңа шешімдер қабылдауда. «Қатты дауыл тұрғанда қабырға емес, диірмен орнату қажет» деп айтты өз сөзінде Президент. Біз бүгін сіздерді ? ведомствоға қарасты ұйымдардың басшыларын - Елбасы алдымызға қойып отырған міндеттер аясындағы жұмысымыздың алдағы бағыт-бағдарын талқылау үшін шақырып отырмыз. Біздің ортамерзімді келешектегі бірлескен жұмысымыз үшін екі негізгі бағдарламалық құжат нақты бағдар болып табылады. Олар - Елбасы Жолдауын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың жалпыұлттық жоспары мен Үкіметтің 2009 жылға арналған іс-қимыл жоспары ? яғни «Жол картасы». Бұл құжаттардың басты мақсаттары мыналар: Біріншіден, халықты жұмыспен қамтамасыз ету және жұмыссыздық деңгейінің өсуін болдырмау; Екіншіден, Қазақстанның дағдарыстан кейінгі орнықты дамуы үшін жағдай жасау. Аталған мақсаттарға Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 350 миллиард теңге көлемінде қаржы жұмсау жоспарлануда. Елбасы айтқандай, дағдарыстар өтеді, кетеді. Ал, мемлекет тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгі қалады. Біздің жұмысымыздың негізгі мақсаты мен басты мағынасы да осында деп санаймын. Біз қызмет ететін саланың ерекшелігі - Қазақстанның мәдени байлығы мен бабаларымыздың қалдырған мұрасы өте сирек топтастыру әлеуетіне ие екендігінде. Шығармашылық үдерісті ынталандырып, жаңа мәдени-ақпараттық жобаларды жасай отырып, біз қазақстандықтарды алға қойылған кез келген үстеме міндеттерді шешуге жұмылдыра аламыз. Енді, құрметті әріптестер, жұмысымыздың нақты мазмұнына көшуге рұқсат етіңіздер.Елбасының, Үкіметтің және Парламенттің қолдау көрсетуінің арқасында мәдени-ақпараттық саланың дамуына қолайлы қаржылық жағдай жасалып отырғанын айта кету қажет. Бюджет шығыстарын қысқарту мәдени-ақпараттық саланы аса қамти қойған жоқ. Біз бюджеттік қысқартуға белгіленген 16 миллиард теңгенің 10 миллиардын сақтап қала алдық. Бұл жерде Үкімет басшысы мен депутаттар бізге қолдау көрсетті. Сонымен қатар, теңгенің құнсыздануына байланысты Министрліктің бюджеті бірқатар шетелдік жобаларды іске асыру бойынша қайта қаралып, толықтырылды. Осыған байланысты Министрліктің Стратегиялық жоспарына енгізілген өзгерістер көп емес, көзделген барлық мақсаттарға, міндеттер мен көрсеткіштерге іс жүзінде қол жеткізілуі тиіс.Қызметіміздің бірінші бағыты ? мәдениет пен өнер саласы. Қазіргі қалыптасқан жағдайда мәдениет саласының өніміне деген сұраныс арта түсуде. Өмірдің қиын кезеңдерінде көптеген адамдар үшін мәдениет эстетикалық және адамгершілік сүйеніш қолдау болған және бола береді десем, артық айтқандық емес. Мәдениет саласы ? бұл жүздеген мамандандырылған мекемелер мен он мыңдаған жұмыс орындары екенін де естен шығармауымыз қажет. Біз осыларды сақтап қалуымыз керек. Қазіргі әлемдік экономикалық дағдарысты мәдени дағдарысқа айналдырмау біздің басты міндетіміз. Жоғарыда айтылғандай, саланы қаржыландыру көлемі іс жүзінде елеулі өзгеріске ұшыраған жоқ. Жоспарланған отандық кинофильмдер мен сериалдарды өндіру жұмыстары басталып кетті. «Қазақфильмді» әлемдік жаңа заман стандарттарына сай техникалық қайта жабдықтау жұмысы жалғастырылатын болады. Жоспарланған Қазақстан мәдениеті мен археологиясы, этнографиясы мен тарихы жөніндегі кітаптар басып шығарылады. Сонымен қатар, еліміздің мәдениет саласы тарихында бірінші рет қазақстандық композиторлардың ең үздік опералық және балет шығармаларының партитуралары мен клавирлері басылып шығатын болды. Министрлік мәдениет ұйымдарының қызметкерлерін жыл сайын шет елдерге тағылымдамадан өтуге жіберетінін өздеріңіз білесіздер. Бұл жылы да осы үрдіс жалғасатын болады. Аталған іс-шараға қажетті қаржы министрліктің бюджетінде қарастырылған. Осы орайда, құрметті әріптестер, сіздердің назарларыңызды репертуарлық саясатты жетілдіру қажеттігіне аударғым келеді. Әрине, біздің театрларымыз үшін әлемдік классиканың алар орны ерекше, дегенмен заманауи және өзекті тақырыптарға арналған қойылымдар да ауадай қажет. Әсіресе, бұл балалар мен жасөспірімдер пьесаларына қатысты. Олардың театр репертуарын түрлендіріп қана қоймай, театр әлеміне жас көрермендерді тартары сөзсіз.Министрлік тарапынан бірнеше жылдар бойы драматургия және музыка саласында жаңа шығармалар жасауға қомақты қаржы гранттары бөлініп келеді. Биылғы жылы да біз алты (ең үздік опера, балет, драмалық шығарма, ән, балаларға арналған ән, камералық шығарма) номинация бойынша конкурс жариялауды жоспарлап отырмыз. Осы конкурстардың жеңімпаздарын құрметтеп қана қоймай, сонымен қатар оларды жаңа мәдени бағдарламаларды іске асыру үшін тарту қажет. Гастрольдік қызметті жандандыру жұмыстың маңызды бағыты болып табылатыны сөзсіз. Еліміздің мәдени өмірі тек Астана, Алматы, және облыс орталықтарымен шектеліп қалмауы керек. Алыс ауыл тұрғандары үшін республикалық театрлардың гастрольдері қандай маңызды оқиға екенін өздеріңіз де білесіздер. Сіздердің өнерлеріңізге тәнті болар ең ықыласты да ілтипатты көрерменнің осы шалғайда екеніне сенімдімін. Екінші бағыт ? мемлекеттік тіл саясаты. Тіл саясатын жетілдіру қашанда біздің жұмысымыздың басымды бағыты болып табылады. Бұл жағдай қазір де өзгермеуі тиіс. Әсіресе, соңғы жылдары қоғамда мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған тіл саясатының дұрыстығын түсінушілік орын алғанын да айта кеткен жөн. Осы бағыттағы бұдан кейінгі жұмыс ақпараттық жүйені дамытуға бағытталатын болады. Тілдік порталды қолданушылар үшін қол жетімді сервистердің тізбесін кеңейту қажет. Қол жетімділік және функционалдық ? міне, осы екі негізгі талаптарға қазіргі таңдағы ақпараттық портал сай болуы қажет. Сонымен қатар, басқа ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді оқыту жөніндегі ең үздік әдістемелік құралға конкурс өткізу жоспарланған болатын. Жақын арада конкурс жарияланады. Мемлекеттік органдарда іс қағаздары толығымен мемлекеттік тілде жүргізіледі. Осы қол жеткізілген нәтиженің төмендеуіне жол бермеу қажет. Үшінші бағыт ? ақпараттық жұмыс. Біздің бүгінгі тақырыбымыздың шеңберінде Жолдауды ақпараттық сүйемелдеу ерекше басымды бағыт болып табылады. Аталған бағыттағы жұмыс Президент Әкімшілігінің Басшысы бекіткен Іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізілуде. Бұл жұмысқа 90-нан астам баспа және электрондық БАҚ жұмылдырылған. Наурыз айында 124 жаңалық сюжеттері және 38 талдау бағдарламалары, мыңға жуық мақалалар жарық көрді. Бес жүзден астам материалдар «Казинформ» агенттігінің сайтында «За строкой Послания» айдарында орналастырылды. Біздің БАҚ-пен жұмысымыздың негізгі тетігі мемлекеттік ақпараттық тапсырыс болып табылады. Үстіміздегі жылы оның тақырыптық тізбесі 100-ден астам бағытты құрады.Біз биылғы жылы мемлекеттік ақпараттық тапсырысты орналастыруды жаңа тәсілдерді пайдалана отырып өткіздік. Біріншіден, жаңа міндеттерді ескере отырып тақырыптық тізбе кеңейтілді және ішкі қайта құрылымдаудан өткізілді. Бүгінгі таңдағы ақпараттық күн тәртібіндегі бірінші мәселе - әлеуметтік-экономикалық тақырып. Екіншіден, БАҚ нысандары бойынша біз газеттерге баса назар аудардық. Себебі олар арқылы ақпараттың қол жетімділігін, кезеңділікті, бұқаралықты қамтамасыз етеміз. Сондай-ақ, жеделдік және көріністік принциптеріне жауап беретін электронды БАҚ та назардан тыс қалмады. Үшіншіден, мамандандырылған БАҚ-қа және мақсаттық аудиторияларға назар аударылды. Тиражының аздығына байланысты бұл жобалар үнемді, ал олардың нақты ақпараттық әсер ету нәтижесі өте елеулі. Жолдау бойынша атаулы ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу үшін орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жанынан басымды салалар бойынша журналистер пулы құрылды. Наурыз айы бойы олар 43 мақала дайындады. Жолдаудың негізгі басымдықтары бойынша әдістемелік, анықтамалық және ақпараттық материалдар беру түрінде БАҚ-қа әдістемелік көмек көрсету жүйесі ұйымдастырылды. Алғашқы әдістемелік құрал 35 мың дана тиражбен шығарылды. Сонымен қатар, Жолдаудың мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіні 180 мың дана тиражбен шығарылып,облыстарға таратылды. Қазір, Жолдауды жариялағаннан кейін бір ай өткен кезде осы жұмыстың алғашқы нәтижелерінің тиімділігі туралы айтуға болады. Біз өткізген зерттеулердің нәтижесі бойынша жалпы еліміздің 60% астам респонденттері Жолдау туралы хабардар етілген. Олардың 17% оның мазмұнымен жақсы таныс, ал 52% - Жолдау туралы жалпы мағлұматтарға ие. Жолдау туралы білудің қол жеткізілген деңгейін жалпы қанағаттанарлық деп есептеуге болады. Біздің бұдан әрі жұмысымыз оның мазмұнын жан-жақты түсіндіруге бағытталуы тиіс. Сонымен қатар, құрметті әріптестер, сіздердің назарларыңызды БАҚ-тағы бағдарламалар мен тақырыптық айдарлардың мазмұнына аударғым келіп отыр. Бізге құрғақ есептер мен сандардан тұратын «жай насихаттаудың» керегі жоқ. Бүгінгі күні ең бастысы ? БАҚ-тарды жүргізіліп отырған реформалардың айнасына айналдырып, нақты өмірлік мысалдарға негізделген материалдарды көбірек беру керек. Бұл жұмысқа тек бұқаралық ақпарат құралдарын ғана емес, сонымен қатар мәдениет және азаматтық қоғам салаларының әлеуеттерін де барынша пайдалану керек. Мәдениет саласына тереңірек үңілетін болсақ, одан БАҚ үшін мол ақпараттық материалдар мен хабарлар ала аламыз. Бастысы, бұл жұмысқа немқұрайлы қарауға болмайды. Биылғы жыл мерейтойлар мен атаулы күндерге толы. Олардың әр қайсысының артында адамдардың үлгі боларлықтай тағдырлары, олардың өмірде қол жеткізген жетістіктерінің тарихы бар. Мен біздің журналистердің кәсіби деңгейі осындай ақпараттарды тиімді әрі ұтымды беріп, БАҚ контентін айтарлықтай байытатындығына сенімдімін. Бүгінгі таңда үкіметтік емес секторда жарты миллионнан астам адам және 20 мыңнан астам коммерциялық емес ұйымдар жұмыс істейді. Түсіндіру жұмыстарына «үшінші секторды» сауатты түрде тарту оның тиімділігін айтарлықтай арттырары сөзсіз.Төртінші бағыт ? қоғамдық-саяси саладағы жұмыс. Бүгінгі таңда орталық мемлекеттік органдардың басшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері және қоғамдық пікір көшбасшыларының қатысуымен 16 республикалық ақпараттық-насихаттық топтардың шығу кестесі мен құрамы бекітілді. Жолдауды насихаттау жөніндегі қажетті ақпараттық-әдістемелік материалдар мемлекеттік және орыс тілдерінде әзірленіп, басып шығарылды. Ақпараттық-насихаттық топтардың мүшелерін дайындау шеңберінде 10 сәуірде Президент Әкімшілігі басшылығының қатысуымен республикалық семинар-кеңес өткізілді. Семинар барысында ақпараттық-насихаттық жұмыстарының өзекті мәселелері талқыланды, өңірлерге баратын әріптестерге тәжірибелік ұсынымдар берілді. Оның қорытындысы бойынша осындай тренингтерді өңірлерде өткізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдар кешені әзірленуде. Осы саладағы бірқатар проблемалық мәселелерге назарларыңызды аударғым келіп тұр. Қорытынды есептерге сәйкес, бүгінде ақпараттық-насихаттық топтардың жұмыстары көбінесе лекциялар мен брифингтер деңгейінде өткізілуде. Жұмыстың мұндай тәсілінің негізгі кемшілігі ? бұл нақты атаулылық сипатының болмауында екені белгілі. Осыған байланысты, түрлі мақсаттық топтармен: пенсионерлермен, жастармен, әскери қызметкерлермен, мүгедектермен нақты жұмысты жолға қою керек. Ақпараттық-насихаттық топтар ағартушылық жұмыстармен қатар, нақты мәселелер бойынша жүгінетін азаматтарға кәсіби кеңестер (консультациялар) бере білулері қажет. Бұл, өз кезегінде, ақпараттық топтардағы мамандарды арнайы дайындауды қажет етеді.Егер кездесулердің шеңберінде қойылған сұрақтар топтың құзыретіне кірмейтін болса, ондай жағдайда қойылған сұрақтарды уәкілетті органға жіберіп, көтерілген мәселенің шешілу барысын бақылау қажет. Бұл мәселеде «Нұр Отан» ХДП-ның қоғамдық қабылдауларының кеңінен таралған желісі елеулі жәрдем бере алады. Ақпараттық-насихаттық жұмыстарға партия өкілдерін, сондай-ақ, жергілікті өкілетті органдардың депутаттарын барынша тарту қажет. Елбасы атап өткендей, «әрбір үйге, әрбір отбасыға барып қарапайым халықтың жәрдемшісі мен кеңесшісі болу маңызды». Құрметті әріптестер! Елбасының Жолдауда қойған міндеттерін іске асырудағы негізгі көзқарастар міне осындай. Бүгінгі белгіленген мәселелер біздің күнделікті жұмысымыздың негізгі мазмұны ғана емес, сондай-ақ оның тиімділігінің басты көрсеткіші болып табылады.Назарларыңызға рахмет!