Жаңа мамандықтарды игеріп кете аламыз ба
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Технологиялық революцияның беталысына қарасақ, таяу онжылдық уақытта қазіргі кәсіптердің жартысы жойылып кетеді. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді», - дейді Мемлекет басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында. Ал болашақта қандай мамандықтарға сұраныс артады? Бүгінгі білім беру жүйесінің басты кемшілігі неде? Еңбек нарығына дайын болу үшін не істеу керек? ҚазАқпарат тілшісі осы сұрақтардың төңірегінде ой өрбітіп көрді.
Дамыған мемлекеттер қазірден бастап қамданып отыр
Дүниежүзілік экономикалық форумның есебіне сәйкес, дәл қазір адам бойындағы маңызды болып саналатын қарім-қабілеттердің 35 пайызы небәрі бес жылдан кейін түбегейлі өзгереді. Мамандықтардың мазмұны мен сапасы трансформацияға ұшырайды, ал кейбір мамандықтар мүлдем жойылады. Соның орнына жаңа мамандықтар келеді. Аталған өзгерістер адам өмірінің сан саласын қамтитын болады. Демек, Қазақстан ондай өзгерістерге дайын болуы қажет. Ал отандық білім беру жүйесі әрбір азаматтың еңбек нарығында өз орнын табуға өз септігін тигізуі шарт. Мәселен, бүгінде ресейлік сарапшылар жаңа мамандықтардың атласын әзірлеп қойды. Оған сәйкес, жақын арада молекулярлы диетолог, «тірі жүйелердің» сәулетшісі, киберпротездерді әзірлеуші, ГМО агроном, энергожүйелер дизайнері, интеллектуалды энергия желілерінің инженері, ақылды жолдарды салушы, ғарыш туризмі бойынша менеджер, ғарыш жолдарының инженері, роботтарды басқаруға арналған нейроинтерфейстерді жобалаушы, зияткерлік меншікті бағалаушы, электронды киім-кешек рецептерінің жобалаушысы, ой-өрісінің продюсері және тағы басқа мамандықтарға сұраныс артады. «Қазірдің өзінде аталған мамандықтарға сұраныс бар. Соған қарап, қазірдің өзінде кейбір білім беру бағдарламаларының ескіргенін түсінуге болады. Осы орайда тағы бір статистиканы келтіре кетейік, алдағы 25 жылда дамыған мемлекеттерде адамдардың жұмыссыз қалу көрсеткіші 47 пайызға жетеді. Бұл дегеніміз, бәрі автоматтандырылады. Демек, ол адамдар өз мамандығын өзгертуге дайын болуы тиіс. Осы жерде өмір бақи білім алудың маңыздылығы арта түседі. Бұдан қандай қорытынды шығады? Бүгінде адамның бір рет білім алғаны жеткіліксіз. Ол процесс үздіксіз жүруі керек. Міне, осыған байланысты қазірден бастап балалардың сындарлы ойлау қабілетін дамытқан аса маңызды. Олар өздігімен жол тауып, нарық талаптарына бейімделе білуі керек», - дейді Назарбаев зияткерлік мектептерінің басшысы Күляш Шәмшидинова.
Формуланы жаттатпай, соны ойлап табуға үйреткен жөн
Иә, бүгінде мектеп аяқтаған түлектеріміз көп нәрсені біледі. Олар орта білім бағдарламасын жақсы меңгерген, ой-өрісі, дүниетанымы да кең. Қазақстанның қай жерде екенін білмейтін шетелдік құрдастарымен салыстырғанда, біздегі жастардың ойы озық, білімі терең дейміз. Осыны талай рет талқылап, географияны білмейтін «янкилерге» күлетініміз де жасырын емес. Соған қарамастан, ғылым мен технология саласындағы жаңалықтардың барлығы бізден емес, Қазақстанды қартадан таба алмайтындардан шығып жатады. Неге? Күні кеше географияны білмеген ағылшынның баласы уақыт өте келе, тың бір жаңалық ашып, Нобель сыйлығын алады. Сонда біздің біліміміз оған жетпей ме? Әлде, географияны білмейтін шетелдіктерге бір күліп, соған насаттанып қаламыз ба? Жоқ, мәселенің бәрі сол білімнің көптігінде. «Көп нәрсені» білетін біздердің кей кезде мамандықты таңдай алмай, дал болып отыратынымыз да содан болар.
«Қазіргі кезде біз балаларға фактологиялық әрі дайын ақпаратты береміз. Сөйтіп, олардың өздігімен ой түйіп, қорытынды жасауға мүмкіндік бермейміз. Ал бүгінгі әлемдік білім беру саласының тренді сол, балаларды аз үйретіп, олардың өздігімен үйренуіне көбірек оқыту қажет. Біз болсақ, бәрін шайнап береміз. Сол себепті ақпараттық білім беруден инновациялық білімге ауысқан маңызды. Ашығын айту керек, бүгінде осы жағынан мектеп мұғалімдері қатты қиналып жүр. Себебі білім берудің әдістемесін толығымен өзгерту керек», - дейді Шәмшидинова.
Күләш Ноғатайқызының айтуынша, қазіргі кезде көп білген жақсы. Бірақ соның өзі аздық етеді. Себебі бәрін білетін адам оны тәжірибе жүзінде пайдалана білуі керек. «Қазір сан алуан формулаларды жаттап отырудың қажеті жоқ. Балаларды сол формулаларды ойлап табуға үйрету керек. Бір ғана мысал келтірейін, журналистер Эйнштейіннің мектеп бағдарламасындағы кейбір формулаларды білмейтінін естіп қалып, орайы келгенде ғалымның өзіне сұрақ қойыпты. «Нобель сыйлығының лауреаты мектеп бағдарламасын білмей, сыйлықты қалай алды?» деп сұрағанда Эйнштейн: «Менің кабинетімде бір шкаф бар. Оның ішінде менен де артық білетін энциклопедиялар жатыр. Бірақ Нобель сыйлығын шкаф емес, мен алдым», деп қысқа ғана жауап берген. Міне, осы мысалдың өзі баланың жадын ақпаратпен толтыра беруден ешбір пайда жоқ екенін көрсетеді. Баланы ақпартпен жұмыс істеуге, оны талдауға үйрету керек. Ол өзіне қажетті ақпаратты таба білуі керек», - дейді Шәмшидинова.
Ұлттық тәрбие де назардан тыс қалмауы қажет
Әлбетте, білім саласындағы қазіргі реформалар кезінде ата-аналарға үлкен салмақ түсіп отыр. Логикалық сұрақтардың жауабын табу, философиялық тапсырмаларды орындау үлкен шыдамдылықты қажет ететіні белгілі. Сарапшылар білімнің жаңа мазмұнына көшу кезінде мұғалімдерге де, ата-аналарға да барынша төзімді болуға кеңес беріп отыр. Себебі ескі психологиядан арылу оңай емес. Әрине, білімнің жаңа мазмұнын енгізумен қатар ұлттық болысымызды да ұмытпау қажет. «Қазір еліміздің білім беру саласында жақсы реформалар іске асып жатыр. Әрине, электронды жүйелерді дамыту жолында адамның кім болып қалыптасатынын да естен шығармау қажет. Бізге жақсы маман қажет. Оған қоса, ол жақсы адам болуы керек. Ал жақсы адам деген кім? Ол - өзінің тілін, дінін құрметтейтін, салт-дәстүрін білетін, қазақ екенін ұмытпайтын адам. Қазір жаппай ақпараттық теxнологияларға үйретеміз деп, болашақта сол баладан робот жасап, оны адам ретінде жоғалтып алмасақ болғаны. Атақты әл-Фарабидің өзі былай айтқан: «Баланың білімінен тәрбиесі артық». Сол себептен тәрбие мәселесін назардан тыс қалдырмауымыз қажет», - дейді депутат Бақытжан Әбдірайым.
Бұрыңғы білім беру жүйесінің артықшылығы сол, ол мектеп оқушысына бәрін білуге үйретті. Алайда бүгінде сол «артықшылықтың» өзі үлкен кемшілікке айналып отыр. Себебі «көп білетін» балалар сол білімді іс жүзінде қолдана алмайды. Ал «анадан ұят болады, мынадан ұят болады, көршінің баласына қарашы» деген менталитетіміз бізді «4» пен «5»-терге әбден тәуелді етіп қойды. Соның салдарынан баланың жеке қарым-қабілеті, ішкі бейімі дамымай жатады. Ал, ең бастысы, сындарлы уақытта шешім қабылдау, мәселен, еңбек нарығы өзгерген шақта жаңа мамандықты игере білуі бәсеңдейді. Өмірде қиын жағдайға тап болған ондай адамның қайтып тұрып, еңсесін тіктеуі екіталай. Сөйтіп, Қазақстаннан тағы бір Эйнштейіннің, я болмаса, Әл-Фарабидің жарқ етіп шығу коэффиценті де азаяды.