Жаңа мегаполис: Алатау қаласының 4 ауданы қандай бағыттарда дамиды

АЛАТАУ. KAZINFORM — Бірнеше күн бұрын арнаулы мәртебе алған Алатау қаласының даму жоспары таныстырылды.

город Алатау
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Болашақ қаласына айналу тиіс Алатау бірнеше ауданға бөлінеді. Олардың әрқайсысының өнеркәсіптік-логистикалық орталықтан бастап ғылыми-білім беру және туристік кластерлерге дейін өзіндік ерекшелігі болады.

город алатау
Фото: Александр Павский / Kazinform

Gate District

Бұл аудан — қаржы-іскерлік және халықаралық сауда орталығына айналады. Ол Өтеген батыр, Покровка, Қоянқұс, Ынтымақ және Жаңалық елді мекендерінің ортасында орналасады, жалпы ауданы — 4 мың гектарға жуық. Болашақта мұнда 220 мыңнан астам адам тұрады деп жоспарланған (қазір — небәрі 15 мың).


Мұнда 6,5 млн шаршы метрден астам тұрғын үй, 3,6 млн шаршы метр коммерциялық нысан, шамамен 181 мың жұмыс орны, сондай-ақ мектептер, балабақшалар мен емханалар салынады. Қазірдің өзінде PepsiCo, Caspian Group және Алматы желдеткіш зауытының жобалары жүзеге асырыла бастады. Ауданның символы — Халықаралық бизнес дамыту орталығы Iconic Building-1 болады.

город алатау
Фото: Александр Павский / Kazinform

Golden District

Бұл аудан — ең үздік білім беру жүйесі бар, заманауи медицинаның орталық болмақ. Аумағы 15 мың гектардан асатын бұл аудан Кіші Алматы мен Қаскелең өзендері арасындағы жолдың бойына орналасады. Болашақта мұнда 675 мыңға дейін тұрғын қоныстанады (қазір — шамамен 2,3 мың). 20 млн шаршы метрден астам тұрғын үй және 3,6 млн шаршы метр коммерциялық нысан салу жоспарланып отыр. Жалпы 337 мың жұмыс орны, ондаған мектеп, балабақша және медицина мекемелері қарастырылған.

Қазіргі уақытта мәдени-іскерлік K-Park кешенінің құрылысы басталды. Болашақта халықаралық білім беру орталығы, академқалашық, медициналық кластер және Hyundai Green Food Almaty мен Mars компанияларының жобалары іске асады.

город алатау
Фото: Александр Павский / Kazinform

Growing District

Бұл — ғылыми-өндірістік орталық және Қазақстанды Қытай мен Ресеймен байланыстыратын ірі көлік торабына айналады. Алматы — Қапшағай тасжолы мен Жетіген — Қазыбек теміржолының бойында орналасқан аудан 36 мың гектардан астам жерді қамтиды. Мұнда 650 мыңнан астам адам өмір сүреді деп жоспарланған. Шамамен 20 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 300 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ.


Айрықша маңызға ие нысан — 1,5 мың гектар аумақтағы жаңа әуежай. Өндірістік аймақтар көлік дәліздерінің бойына шоғырланып, өндіріс пен логистика үшін қолайлы жағдай жасайды.

город алатау
Фото: Александр Павский / Kazinform

Green District

Бұл — туризм, экология және демалыс ауданы. Мұнда казино орталығы, табиғи аймақтар мен белсенді демалыс инфрақұрылымы біріктіріледі. Ол Қапшағай су қоймасы мен Қаскелең өзенінің жағалауында, Қонаев қаласының жанында 31 мың гектардан астам аумақты қамтиды.
320 мыңға жуық адам тұрады деп болжанып отыр. 10 млн шаршы метр тұрғын үй, 3,6 млн шаршы метр коммерциялық нысан салынып, 155 мың жұмыс орны ашылады. Болашақта мұнда «Формула-1» трассасы және туристік кешен — Iconic Building-2 пайда болады.

город алатау
Фото: Александр Павский / Kazinform

Бүгінгі көрініс

Болашақ мегаполис аумағы — қазір негізінен бос жатқан алқаптар. Дегенмен, кей аумақта алғашқы құрылыс жұмыстары басталған: алаңдар тегістеліп, арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Қаланың жалпы аумағы 88 мың гектардан асады. Бірақ барлық жерге құрылыс жүргізілмейді: басты назар жасыл аймақтарға, саябақтар мен су нысандарына аударылады. Алатау — заманауи әрі экологиялық қала ретінде жоспарланып отыр.


город алатау
Фото: Александр Павский / Kazinform

Алатау қаласының әкімі Әркен Өтенов бүгінгі күні жерді мемлекетке қайтару жұмыстары белсенді жүріп жатқанын атап өтті. Айтуынша, қазір 1000 гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылған.

Ал Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жер мәселесінің өткір екенін айтты. Оның сөзінше, мемлекет заңсыз берілген жерлерді қайтарып алуды көздеп отыр.

Алатау қаласы инвестиция есебінен салынады

— Мемлекеттің рөлі — инфрақұрылымды қамтамасыз ету. Бизнестің жұмыс істеуі үшін жолдар, коммуникациялар, әлеуметтік нысандар қажет. Сол себепті Президент Алатауға ерекше мәртебе беру және Премьер-министр басқаратын арнайы кеңес құру туралы жеке Жарлыққа қол қойды. Мұның бәрі инвесторлардың жұмысын жеңілдетуге және бюрократиялық кедергілерді азайтуға бағытталған, — деді әкім Әркен Өтенов.

город Алатау
Фото: Александр Павский / Kazinform

Жобаға ондаған компания қызығушылық танытып отыр. Көбі әзірге жобалау кезеңінде. Алайда кейбір инвестор құрылысқа кірісіп кеткен. Мысалы, PepsiCo компаниясы 80 млрд теңге көлемінде инвестиция құйған.


— Уақыт өте келе бұл өндірісті кеңейту жоспарланып отыр. Сондай-ақ Mars компаниясымен де келіссөздер жүріп жатыр, олар Арнайы экономикалық аймақта кәсіпорын ашуға ниетті. Көлік-логистикалық қызметке қызығушылық танытқан компаниялар да көбейіп келеді, — деді қала әкімі.

Оның айтуынша, қазір 30 инвестордың тізімі жасақталған. Олардың жалпы инвестиция көлемі 500 млрд теңгеге бағаланды, шамамен 7 мың жұмыс орны ашылады.

город алатау
Фото: Александр Павский / Kazinform

Қанат Бозымбаев қала негізінен жеке инвестициялар есебінен салынатынын, ал мемлекет әлеуметтік инфрақұрылымды — мектептер, ауруханалар, балабақшаларды салуды өз мойнына алатынын айтты.

— Біз медициналық кластер құруды жоспарлап отырмыз. Мысалы, Оңтүстік Кореяның бірнеше инвесторы өз емханаларын ашуға дайын. Мақсат — оларды міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне енгізіп, жергілікті халыққа қызмет көрсетуге жағдай жасау. Мұндай бастамаларды біз Бас жоспарға енгіземіз, — деді ол.

Алатаудың алдағы 5 жылдағы дамуы

Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Алатау қаласының дамуы үздіксіз жүреді.


— Қала үнемі жаңарып, жетілдіріліп отырады. Бірақ алдағы бес жылдағы басты міндет — іргетасын қалап, оны Қазақстан экономикасының драйверіне айналдыру, — деді ол.

Бозумбаев
Фото: Александр Павский / Kazinform

Вице-премьер Алатау — адамдар жайлы өмір сүріп, оқып, жұмыс істеп әрі демала алатын полиорталықты қалаға айналуы керек екенін атап өтті.

город алатау
Фото: Александр Павский / Kazinform

— Бұл міндетті жүзеге асыру үшін біз урбанистика саласындағы үздік мамандарды тартып отырмыз. Алғашқы нәтижелерді тұрғындар келесі жылы көреді, ол кезде қарқынды құрылыс жұмыстары басталады, — деді вице-премьер.

Еске салайық, бұған дейін Алатау қаласы Қазақстандағы алғашқы цифрлық шаһарға қалай айналатынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар