Жаңа мектептің құрылысына бөлінген қаражатты жымқырған құрылыс бөлімінің бастығы қамауға алынды
Шу ауданы әкімшілігі құрылыс бөлімінің бастығына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы бүгін ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде өткен брифингте мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әлеуметтік сала үшін мемлекеттік сатып алуларды өткізу кезінде лауазымды тұлғалар тарапынан орын беріліп жатқан жемқорлық қылмыстарға тоқталған агенттіктің ресми өкілі М.Жұманбай, Жамбыл облысы Шу ауданы әкімшілігінің құрылыс бөлімінің бастығы Оразалы батыр ауылындағы мектептің құрылысы бойынша шын мәнінде атқарылмаған жұмыстарды қабылдау актілеріне қол қойып, мемлекетке 19 млн.теңге сомасында залал келтіргенін атап өтті. Жымқырылған қаражаттың 16 млн.теңгесі бүгінде өтеліп, іс сотқа жөнелтілді.
Сондай-ақ осындай айыппен Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы емханасының бас дәрігері Асылбекова шартты түрде 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланып, дәрі-дәрмектерді сатып алуға бөлінген 318 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын қалтасына басқан.
Сонымен қатар,Шымкент қаласының коммуналды шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің бұрынғы бастығына қатысты іс сотқа тапсырылды. Ол шын мәнінде салынбаған автопаркингті қабылдау актілеріне қол қойып, мемлекетке 55 млн.теңге сомасына залал келтірген. Ал Алматы облысы жол және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы 2004 жылы жалған құжаттар арқылы Талдықорған қаласының әуежайын жөндеуге бөлінген 26 миллион теңгені «Мекен» ЖШС шотына заңсыз аударған. Аталмыш фактіге қатысты қозғалған іс бүгінде соттың қарауына тапсырылды.