Жаңа мұнай өңдеу зауыты қашан пайдалануға беріледі

АСТАНА. KAZINFORM — Төртінші мұнай өңдеу зауаты жылына 10 млн тонна мұнай өңдейді. Бұл туралы Энергетика министрлігі мәлім етті.

в
Фото: ҚазМұнайГаз

— Қазақстанда жылына 10 млн тоннаға дейін мұнай өңдеу қуаттылығына ие жаңа — төртінші мұнай өңдеу зауытын салу жобасы бойынша практикалық жұмыстар жалғасып жатыр. 2026 жылғы мамырда жобаның алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жұмыстары басталды, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Жобаны іске асыру аясында 2026-2033 жылдары жаңа МӨЗ-дің техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу, жобалау, салу және пайдалануға беру бойынша кешенді жұмыстар жүргізу ескерілген.

— Жоба іске асырылғаннан кейін, Қазақстандағы мұнай өңдеудің жиынтық қуаты жылына шамамен 40 млн тоннаға дейін ұлғаюы мүмкін. Қазіргі уақытта объектіні орналастырудың түрлі нұсқалары қарастырылып жатыр. Құрылыс орны мен жобаның құнына қатысты түпкілікті шешім тиісті жобалау алдындағы зерттеулердің нәтижелері бойынша қабылданады. Осыған байланысты қазіргі кезеңде нақты өңірді және инвестицияның түпкілікті көлемін атау әлі ерте, — делінген ведомство мәліметінде.

Еске салсақ, жақында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов қазір төртінші мұнай өңдеу зауыты салынатын өңірлер зерттеліп жатқанын айтты.

Айта кетейік, Павлодар, Шымкент және Атырау МӨЗ-дерінің қуаты кезең-кезеңімен ұлғайтылады.