Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жаңа Салық кодексі: кімдерге жеңілдік беріліп, қандай өзгеріс әкелді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жаңа Салық және Бюджет кодекстері күшіне еніп, салық саясатының жаңа кезеңі басталды. Реформа экономиканың нақты секторын қолдауға, салық жүктемесін әділ бөлуге және көлеңкелі экономиканы қысқартуға бағытталған, деп хабарлайды Үкімет.

салық
Коллаж: Kazinform / Freepik

Жаңа салық саясаты алғашқы нәтижелерін көрсете бастады. Биылғы бірінші жартыжылдықта мемлекеттік бюджет кірістері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 16%-ға өсті. Бұл өсімге қосылған құн салығы (ҚҚС) түсімдерінің шамамен бір жарым есеге артуы елеулі үлес қосты.

Республикалық бюджеттің бірінші жартыжылдықтағы орындалу қорытындысы бойынша трансферттерді есептемегендегі кірістер 8,5 трлн теңгені құрап, жоспар 100,6%-ға орындалды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 24,6%-ға немесе 1,7 трлн теңгеге көп.

– Реформа қазірдің өзінде елеулі макроэкономикалық нәтижелер көрсетіп отыр. Биылғы бірінші жартыжылдықта мемлекеттік бюджет кірістері былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда шамамен 16%-ға өсті. Елдің кіріс базасын нығайтуға ҚҚС түсімдерінің шамамен бір жарым есеге артуы да елеулі үлес қосты, – делінген Үкіметтің ақпаратында.

Көлеңкелі экономиканы қысқарту бағытындағы шаралардың нәтижесінде ҚҚС төлеушілер саны 22,3 мыңға артып, 158,2 мың субъектіге жетті. Осы оң үрдісті сақтап, нәтижесін нығайту мақсатында 2026–2028 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың кешенді жоспары бекітілді.

Корпоративтік табыс салығының базалық мөлшерлемесі 20% деңгейінде сақталды. Банк қызметі үшін ол 25%-ға дейін көтерілсе, аграрлық сектор үшін жеңілдетілген 3% мөлшерлеме белгіленді. ҚҚС-тың базалық мөлшерлемесі 16% болып бекітілді. Сонымен қатар дәрілік заттарға, оқу әдебиеттеріне және баспасөз өнімдеріне төмендетілген ҚҚС мөлшерлемелері енгізілді.

Жаңа кодекс аясында жеке табыс салығының прогрессивті мөлшерлемесі енгізілді. Жылдық табысы 8,5 мың АЕК-тен немесе 36,7 млн теңгеден асатын азаматтар осы сомадан жоғары кіріс бөлігіне ғана 15% мөлшерлемемен салық төлейді. Ал қалған азаматтар үшін салық мөлшерлемесі өзгеріссіз сақталды.

– Сонымен қатар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан толық босатылды. Пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан жеңіл автокөліктер үшін көлік салығы 30%-ға, ал 20 жылдан асқан автокөліктер үшін 50%-ға төмендетілді. Бұдан бөлек, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға арналған әлеуметтік салықтық шегерім мөлшері 5 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылды, – делінген хабарламада.

Салықтық әкімшілендіру жүйесі сервистік модельге көшуде. Нәтижесінде салықтар мен алымдардың жалпы саны 20%-ға, ал салықтық есептілік нысандарының саны 30%-ға қысқартылды. Реформаны іске асыру мақсатында 239 нормативтік құқықтық акт қабылданып, Жобалық офис инфрақұрылымы құрылды.

Айта кетейік, жаңа Салық кодексінің жобасына түзетулер пакеті әзірленді.