Сән-салтанат салығының ережелері әлі қаралып жатыр - Қаржы вице-министрі
АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жаңа Салық кодексі Парламент қарауына қашан енгізілетінін нақтылады. Сонымен қатар, ол сән-салтанат салығының қағидаларына қатысты пікір білдірді.

«Жоспар бойынша жұмыс тобы құжатты дайындап, 15 мамырға дейін Парламентке енгізуі керек», - деді Е. Біржанов Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, сән-салтанат салығының қағидаларын талқылау әрі аяқталмады.
«Сән-салтанат салығы жаңа Салық кодексі аясында дайындалып жатыр. Осы сән-салтанат салығы бойынша нақты бір ережелер айқындалды деген шешім жоқ, себебі оның бәрі жаңа кодекспен бірге енгізіледі», - деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, қазір аталған сән-салтанат салығының нормаларын талқылау кезінде қандай да бір қарсылық кездеспеген.
«Қазір ұшақтар, яхталар және қымбат жеке тұрғын үйлерге қатысты мәселелер қаралып жатыр», - деді Ержан Біржанов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 7 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Салық кодексін әзірлеу барысына көңілі толмайтынын айтты.
Осыған дейін сән-салтанат салығы байлыққа емес, асыра байлыққа салынатыны айтылған еді.