Жаңа сауда артериясы: Орта дәліз Еуропа мен Азия арасындағы сауданы қалай өзгерте алады

АСТАНА. КАZINFORM — Орта дәліздің даму перспективалары Эдинбург бизнес мектебінде өткен вебинардың басты тақырыбы болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Лондондағы меншікті тілшісі.

Жаңа сауда артериясы: Орта дәліз Еуропа мен Азия арасындағы сауданы қалай өзгерте алады
Фото: Midjourney

Сәрсенбі күні өткен «Орта дәліз және Ұлыбританияның Орталық Азиямен саудасының болашағы» атты вебинарда академиялық қауымдастық, сарапшылар мен бизнес өкілдері Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия арқылы Азия мен Еуропаны байланыстыратын бағыттың әлеуетін талқылады.

Әлемдік газ бен мұнай жеткізілімінің шамамен бестен бірі өтетін Ормуз бұғазының жабылуы жаһандық энергетикалық тізбектердің осалдығын тағы да көрсетті. АҚШ, Израиль және Иран арасындағы жалғасып жатқан текетірес аясында нарықтар ұзаққа созылатын тұрақсыздық кезеңіне дайындалды.

Қосымша тәуекелдерді Йемендегі хуситтердің әрекеті күшейтіп отыр. Олар Қызыл теңіз бен Үнді мұхитын байланыстыратын маңызды бағыт — Баб-эль-Мандеб бұғазының қауіпсіздігіне қатер төндіріп келеді. Африка мүйісіндегі, соның ішінде Сомалидегі тұрақсыздық та әлемдік сауда мен кеме қатынасына қауіп-қатерді арттыра түсті.

— Ормуз бұғазы төңірегіндегі дағдарыс дәстүрлі бағыттардың осалдығын көрсетіп, тар көлік «мойындарына» тәуелділіктің тәуекелдеріне және Орта дәліз секілді балама әрі қалыптасып келе жатқан бағыттарға көбірек көңіл бөлу қажеттігіне назар аудартты, — деді британдық қорғаныс зерттеулері институтының зерттеушісі Арзу Аббасова.

Өз кезегінде Джон Истон Орта дәліздің негізгі мәселесі орталық бөліктегі инфрақұрылымда емес, ең алдымен еуропалық соңғы желілердің шамадан тыс жүктелуінде екенін айтты. Оның пікірінше, дәл осы фактор бағыттың әрі қарай дамуын шектеуі мүмкін.

Ол Еуропа аумағында пойыздардың қозғалысын жеделдетуге арналған бірыңғай еуропалық теміржол қозғалысын басқару жүйесін енгізудегі қиындықтарға тоқталды. Алайда тәжірибеде бұл модель әзірге толыққанды жұмыс істемейді, дегенмен болашақта логистиканы айтарлықтай жеңілдетуі тиіс.

— Мәселе мынада: Еуропада бірыңғай теміржол қозғалысын басқару жүйесін енгізу кестеден едәуір кеш қалып отыр. Қазіргі уақытта бұл жүйемен құрлықтағы теміржол желісінің шамамен 10-20 пайызы ғана жабдықталған, ал 2030 жылға белгіленген мақсатты мерзім жақындап келеді, — деді Джон Истон.

Оның айтуынша, тағы бір қиындық — жылжымалы құрам құнының қымбаттауы. Жаңа технологияларды енгізу шығындарды арттырып, оның негізгі бөлігі жүк тасымалдау операторларына түсіп отыр.

Қазіргі таңда Еуропалық одақ Орта дәліз бойындағы ең ірі сыртқы қатысушы болып қала береді. Бұған Орталық Азияның байланысын нығайтуға бағытталған 10 млрд еуро көлеміндегі инвестициялық міндеттеме ықпал етеді.

Ұлыбританияның қызығушылығы да біртіндеп артып келеді. Саяси институттар мен сараптамалық орталықтар бағыттың стратегиялық маңызына жиі назар аударып отыр. Ал инфрақұрылымды қаржыландыру, реттеуші стандарттар мен экспорттық тетіктер саласындағы британдық тәжірибе болашақ коммерциялық ынтымақтастық үшін маңызды ресурс ретінде қарастырылып отыр.

— Оның ұзақмерзімді табысы тек инфрақұрылымға салынатын инвестицияларға ғана емес, сондай-ақ үйлестіруге, институционалдық сенім мен операциялық сенімділікке де байланысты болады, — деді пікірталас модераторы Асылбек Нургабдешов.

Оның бағалауынша, алдағы онжылдықта Орта дәліз Ұлыбритания мен Еуропалық одақтың Орталық Азия және Оңтүстік Кавказбен экономикалық ықпалдастығын бірнеше стратегиялық сектор бойынша едәуір кеңейте алады.

Бұған дейін Ұлыбританияның жаңа сауда комиссары Орталық Азиямен экономикалық байланыстар жаңа кезеңге өтетіні туралы айтқан болатын.