Жаңа тау шаңғысы курорты: Алматыда 5 мыңнан астам жұмыс орны ашылады

АСТАНА. KAZINFORM — Almaty Superski жаңа тау шаңғысы курорты аймаққа шетелден жаңадан үйреніп жүрген шаңғышылар мен туристерді тартуға бағытталған. Үкімет баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл туралы Pas Grau International компаниясының операциялық директоры Томас Тор-Енсен мәлім етті.

Жаңа тау шаңғысы курорты Алматыға 5 мыңнан астам жұмыс орнын ашады
Фото: Ақорда

Оның айтуынша, курорттың артықшылығы — Алматыға жақын орналасқанында. Негізгі басымдық қоршаған ортаға әсерді азайтуға, яғни су мен электр энергиясын тұтынуды азайтуға мүмкіндік беретін жаңа технологияларды қолдануға берілген. Ал «Медеу» базалық стансасын курортпен байланыстыратын заманауи аспалы жол жобаның маңызды элементі болады.

— Болашақта бұл жоба өңірге орасан зор экономикалық оң әсер бермек, өйткені мұнда 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бар. Біз бүкіл жобаны тұтасымен қызықты деп санаймыз. Ол көптеген «жасыл» және «көк» трассаларда серуендеуге қолайлы жағдай жасай отырып, экология мен тұрақты дамуды, демалыс пен келушілердің рахат сезімін керемет үйлестіреді, — деп атап өтті Томас Тор-Енсен.

Шетелдік туристерді, атап айтқанда Қытай мен Үндістанның ірі нарықтарынан тарту стратегиясына ерекше назар аударылып отыр. Курорт жаңадан үйреніп жүрген шаңғышыларға бағытталған, сондай-ақ, ол бұл аймақта жоқ өнімді ұсынады. 

— Аталған жобаның ерекше тұсы — курорттың ең биік нүктесі 3400 метр биіктікте орналасқанында. Бұл өте биік және ол жерден тау аңғары мен Алматы қаласына 360 градусқа керемет панорамалық көрініс ашылады. Бұл Үндістаннан, Қытайдан және басқа елдерден келетін туристерді шынымен де қызықтыратын дүние, — деп атап өтті Томас Тор-Енсен.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында да елге турист тарту мәселесіне арнайы тоқталған болатын. 

— Шетелден туристер тарту мәселесі және отандық туризм саясатын заң тұрғысынан қамтамасыз ету орталық органдардың назарында болады. Осы орайда, Алматы қаласы мен Алматы облысындағы тау туризмі мен тау шаңғысы туризміне арнайы тоқталғым келеді. Қазіргі таңда бұл бағыттағы ең өзекті мәселе — заманауи инфрақұрылым салу. Егер осы міндетті ойдағыдай орындасақ, еліміздің курорттары жер жүзіне танылып, Қазақстанның бетке ұстар ұлттық бренді болмақ, - деді Президент.

Айта кетейік, Алматыда тау шаңғысы кластерін дамытуға арналған жоба жаңа кезеңге өтті.

Соңғы жаңалықтар