Жаңа төлқұжат ? заман талабы - Б. Әбішев

АСТАНА. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Жыл басынан бері ел азаматтарына электрондық төлқұжаттар беріле бастағаны мәлім. Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және халыққа құқықтық қызмет көрсету комитетінің төрағасы Бақыт Әбішев тілшімізге берген сұхбатында осы құжаттың жай-жапсары мен мүмкіндіктері турасында әңгімелейді.

Жаңа төлқұжат ? заман талабы   -  Б. Әбішев
- Бақыт Шалқарұлы! Бұған дейінгі сұхбатыңызда Қазақстан биометриялық төлқұжаттарды ТМД елдерінің ішінде бірінші болып енгізгенін айттыңыз. ТМД-ға мүше басқа елдердің асықпауының себебі неде? Мүмкін биотөлқұжаттардың қажеттілігінің жоқтығында шығар? - Мен әңгімені мынадан бастайын: ТМД-ға мүше елдердің басшылары 2006 жылдың 28 қарашасында Адам саудасына қарсы күрес бағытындағы бағдарламаға түгел қол қойды. Соған сәйкес 2010 жылға дейін ТМД мемлекеттеріне электрондық төлқұжаттарды жаппай енгізу ұсынылған. Ерте ме, кеш пе, қалған елдер де осындай құжаттарды енгізе бастайды. Әлемдік тәжірибені алып қарасаңыз, бүгінде Еуропа, Азия мен АҚШ елдері аталмыш құжаттарды кеңінен қолданып жатыр. Бұл өз елін заңсыз көші-қоннан бастап, лаңкестерге дейінгі қатерден қауіпсіздендіру үшін жасалып жатқан шара деп қабылдау керек. Ол шараның қажеттілігі неден туындады? Өздеріңіз білесіздер, 2001 жылы лаңкестер АҚШ-қа жалған құжаттармен кіріп, қыркүйектің 11-і күні бірнеше мың жазықсыз адамның өмірін қиып кеткен ірі лаңкестік әрекет жасалды. Бұдан кейін Лаңкестікке қарсы коалицияға мүше елдер биопаспорттардың бірегей стандартын енгізу жөнінде келісімге келді. Ал бірегей стандартты төлқұжаттар құжатты қолдан жасаушы алаяқтар мен қылмыскерлерден толық қорғалуы тиіс. Сонымен бірге, бір елден екінші елге өтуін неғұрлым оңайлатып, тездетуі тиіс. Ондай құжаттың стандартын Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) жасап берді. Қазір ТМД елдері бұл бағытта барынша жұмыстар жасап жатыр. Ол әрекеттердің шапшаң болуы әр мемлекеттің экономикалық жағдайына да байланысты. Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ресей мұндай құжаттарды 2009 жылғы ақпан айының соңында бере бастады. 2008 жылы ИКАО өткізген халықаралық конференция барысында Украина мен Беларустың осы мәселелермен айналысатын лауазымды тұлғалары өз елдерінде дайындық шаралары жүріп жатқанын мәлімдеген болатын. Биотөлқұжаттарды енгізу қомақты қаржыны қажет етеді. Қазақстан оған екі жыл дайындық жүргізді. Алдымен осы бағыттағы мамандарды толығымен қайта оқытты. Қажетті құрал-жабдықтарды сатып алды. Сондықтан Қазақстанның экономикасы тұрақтанған, дамыған ел ретінде мұндай төлқұжаттарды ТМД елдері ішінде бірінші болып енгізуін мақтан етуіміз керек. Әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында барлық мемлекеттер мұндай батыл әрекеттерге бара бермейді деп ойлаймын. - Бүгінде қанша мемлекет биометриялық төлқұжаттарды қолданысқа енгізіп жатыр? Және олардың арасында ескі паспорттарды қолданыстан мүлдеп алып тастап, шекараға өтуді тек жаңа төлқұжаттармен жүзеге асырып жатқандары бар ма? - ИКАО-дан алған соңғы мәліметтер бойынша, бүгінде осындай төлқұжат енгізген елдердің саны 50-ден асты. Ал өз шекарасына тек жаңа төлқұжаттармен ғана кіргізіп жатқандар әзірше жоқ. Ондай қадамдарға бару үшін бір-бірімен көрші, сондай-ақ дипломатиялық қатынастағы елдер өздерінің Сыртқы істер министрліктері мен елшіліктері арқылы алдын ала келіссөздер жүргізіп, мәселені егжей-тегжейлі пысықтайды. Келісімге келгеннің өзінде оны іс жүзінде жүзеге асыруға да қосымша уақыт беріледі. Есігін бір жақты жауып қою, ең алдымен сол мемлекеттің өзіне тиімсіз. Ондай мәселені ешбір мемлекет әлі көтеріп жатпағанымен, біз оған кез-келген сәтте дайын болуымыз керек. Мысалға, бұған дейін Ұлыбритания Үкіметі «шетелдік азаматтар Ұлыбритания елшіліктеріне барып саусақтарының таңбасын қалдыруы тиістігін» жарты жыл бұрын ескертіп, жарты жылдан кейін оны іске асырды. Сол сияқты басқа бір ел осындай уақыттан кейін біздің елге тек биометриялық төлқұжаттар арқылы ғана кіресіздер десе, қазақстандықтардың ол үшін еш абыржымауына болады. - Биотөлқұжаттардың соңғы бетіндегі микрочипті оқитын риддерлер қолданысқа енгізілді ме? - Риддерлер қазір көптеген шет елдердің әуежайларында қолданылуда. Қазақстанның да әуежай және кеден қызметтерінің бекеттерінде риддерлер болуы тиіс. Бірақ бұл тек Әділет министрлігінің ғана құзыретінде емес. Бұл мәселе 2011 жылға қарай өз шешімін табады деп ойлаймын. Әзірше, ондай құралдарды қоюдың қажеттілігі де шамалы. Биотөлқұжаттарды елдер кезең-кезеңмен енгізіп жатқандықтан, ескі төлқұжаттар қолданысын жоғалтпайды. Екіншіден, риддерлері жоқ мемлекеттер үшін биотөлқұжаттардың алғашқы бетіндегі мәліметтер де жеткілікті. - Жаңа төлқұжатқа келешекте саусақтың таңбасы орналастырылатындай орын қалдырылды. Халық арасында Қазақстанда ондай мәліметтерді аса қырағылықпен сақтай алатын база жасақталған ба деген сұрақ туындап жатыр? - Дұрыс айтасыз, елде әлі «Биометрия туралы» Заң жоқ болғандықтан, Қазақстан шығарып жатқан жаңа төлқұжаттарға әзірше адамның биометриялық үш көрсеткішінің (сандық (электрондық) суреті, бас бармақ пен сұқ саусақтың таңбасы, көздің тор қабықшасының кескіндемесі)) біреуін, яғни сандық суретін ғана енгізіп отыр. «Биометрия туралы» Заң 2010 жылы әзірленіп, 2011 жылы қабылданады деп күтілуде. Адамның саусағының таңбасын биометриялық параметр ретінде төлқұжатқа енгізу сол уақытта мүмкін болады. Оны енгізу үшін микрочипте орын қалдырылды. Мұрағаттардың сақталуына қатысты халық арасындағы қорқынышқа тоқталсам. Одан қорқудың еш негізі жоқ. Әр адамның биометриялық айқындағыштары туралы деректердің құпиялығы мұқият сақталатынына еш күмән болмау керек. Оған Қазақстанның мүмкіншілігі жеткілікті. Қағаз бетіне түсірілген таңбадан үрейленетіндей не бар. Ол мәліметтер басқа жерден табылып жатса да сараптама оны тек қағаз бетіне түсірілгендігін анықтап береді. Заң шыққаннан кейін бұл мәселеге қайта оралып, халыққа түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізетін боламыз. - Төлқұжатқа жаңа биопараметрлерді енгізу міндетті бола ма? - Заңда міндетті деп жазылса, оны орындауға тиіспіз. Ол бәріне міндетті болмаса, заңды не үшін қабылдаймыз. Сол уақытқа дейін берілген құжаттардың барлығын Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы қайта жинап алып, қосымша параметрлерді енгіземіз. - Бүгінгі күнге дейін қанша азамат осындай заманауи төлқұжатқа ие болды? Және оның қанша пайызы өз ұлтын жазып қоюды қалады? - Наурыздың 27-сіне дейін биометриялық төлқұжаттарды 71 мың қазақстандық алды. Олардың ішінде ескі құжаттарының мерзімі өтпесе де қызық үшін алып жатқандары бар. Отбасыларының барлық мүшелеріне тіпті, бір жасқа толған балаларына дейін электрондық паспорт жасатып жатқандары да бар. Халық та озық технологиялар көшімен бірге аяқ алып жүргісі келеді. Ал ұлт мәселесіне келетін болсақ, Мәжіліс депутаттарының жаңа төлқұжатқа «ұлт» бағанын енгізу туралы ұсынысы бойынша ИКАО-ға жіберілген хаттың ресми жауабы Үкіметтің «ұлт» бағанын енгізу туралы Қаулысымен бір уақытта келді. Хатта: «ИКАО-ның стандарты бойынша жасалған биометриялық төлқұжаттарға азаматтың ұлтын үшінші бетке жазып қоюға рұқсат және ол сол елдің Үкіметінің құзыретінде», деп жазылған. Биометриялық төлқұжаттарды енгізіп отырған мемлекеттер ішінде Қазақстан «ұлт» бағанын енгізуді қалаған алғашқы ел. Және жаңа құжатта өз ұлтын көрсету әр азаматтың қалауы бойынша жүзеге асырылды. Енді қызықты статистика ? осы уақытқа дейін жаңа құжаттарды 71 мың адам алған болса, өз ұлтын жазып көрсетуді оның 40-45 пайызы ғана қалаған. Қалғаны менің ойымша ұлттарға бөлінбей, жалпы «қазақстандық азамат» деген ортақ атауға жатқызылғанды жөн көріп отыр. - Азаматтардың ескі құжаттарын жаңа үлгіге ауыстыру қарқыны қандай? Өйткені үйреншікті ескіден көпке дейін арыла алмай, жаңаға үреймен қарау халықтың әдеті ғой. - Ескі құжаттарды міндетті түрде осындай уақытқа дейін ауыстырып бітіру қажет деген талап қойылмағандықтан, жаңа құжаттар межеленген көлемде беріліп жатыр. Халық арасында ешқандай артық дүрбелең де, түсінбеушілік те жоқ. Айтып өткенімдей, жаңа құжаттың дизайнына да қызығып, ескі паспорттарының жарамдылық мерзімі өтпей жатып, ауыстырып жатқандары да бар. Оның үстіне паспортты алу үрдісі барынша жеңілдетілген. Азамат ХҚО-ға келіп, бірінші рет құжатталып жатса, туу туралы немесе жеке куәлігін, паспортты жаңасына ауыстырып жатса, ескі үлгісін алып келеді. Одан кейінгі жұмыстарды ХҚО қызметкерлері орындайды. Осы орайда, төлқұжаттардың дайындалу мерзімін де айтып өткен жөн. Астана мен Алматы қалаларында құжаттарды 30 күн ішінде дайындап береміз. Басқа аймақтарда 45 күнде. Шұғыл түрде қажет болған төлқұжатты ҚР Бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттікпен арада жасалған шартқа сәйкес, Астана мен Алматы қалалары үшін 3 күнде, қалған облыстарға 7 күнде жасап береміз. Оның бағасы белгіленген тарифтен (5092 теңге) 2700 теңгеге қымбат болады. Сонымен бірге, өмірде әртүрлі күтпеген жағдайлар болатындықтан, паспортты бір күнде де жасап беру мүмкіндігіміз бар. Мысалға, азамат ауыр халде ауруханада жатыр, оған бүгін-ертең Лондонға не болмаса, Израильге дереу операцияға жету керек. Аурухана әкімшілігінен ресімделген құжаттары ұсынылса, науқас төлқұжатты бір күнде алады. - Азаматтардың жеке куәліктерін де заман талабына сай сәйкестендіруді жоспарлап жатқандарыңыз белгілі. Осы турасында айтып берсеңіз? - Иә, биылғы жылы жеке куәліктің жаңа электрондық үлгісін ? ID карталарды жасап шығару көзделіп отыр. Бүгінде ID карталарды ішкі құжат ретінде Америка, Еуропа, Ресей, Балтық жағалауы елдері және басқа да көптеген шет мемлекеттер қолданып отыр. ID карталар банкомат карточкаларына ұқсас, көлемі де сондай. Онда міндетті түрде азаматтың фото суреті, аты-жөні, туған жылы, жері туралы мәліметтер, ұлты, жеке қолы және жарамдық мерзімі көрсетіледі. Тысы мемлекеттік рәміздермен әрленеді. Сонымен қатар, оған азаматтың жеке сәйкестік нөмірі (ЖСН) енгізіледі. ЖСН дүниеге келген әр нәрестеге берілетін жеке нөмір. Ол нөмірді 2007 жылдан бастап бере бастадық және ол туу туралы куәлікке, кейін азамат 16 жасқа толғанда жеке куәлігіне, шетелге шығатын болса төлқұжатына жазылады. Яғни, өміріңіздің соңына дейін сізбен болады. ЖСН болашақта Салықтөлеушінің тіркеу нөмірі (СТН), әлеуметтік жеке код (ӘЖК) сынды құжаттардың орнына жүреді. - Электрондық деп не себепті айтылады? - Куәліктің бетіне жазылған мәліметтердің бәрі карточкаға енгізілген микрочипке толығымен көшіріледі. Оған алдағы уақытта азаматтың қан тобы мен басқа да жеке мәліметтерді енгізу жоспарланып отыр. Чипті барлық мемлекеттік органдар, оның ішінде ауруханалар мен полициялар арнайы құралдар арқылы оқиды. Мысалға ауруханада микрочип арқылы сіздің қан тобыңызды бірден көре алады. Бұл жедел медициналық көмек көрсетуді анағұрлым тездетіп, басқа да салаларда жұмыстың жылдам, әрі сапалы жүргізілуіне оң септігін тигізеді деп күтілуде. Құралдар электронды куәліктер толығымен беріліп біткеннен кейін енгізіледі. Үстіміздегі сәуір айында электронды куәліктерді енгізу туралы Қаулының жобасы пысықталып, талқылануға ұсынылады. Сөйтіп, 2010 жылдан бастап ID карталардың алғашқы үлгісін жасап шығару көзделіп отыр. Мұнда да ескі үлгіні жаңасына ауыстыру шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Ол 3 немесе 5 жылды қамтуы мүмкін, мерзімін Үкімет белгілейді. - Әңгімеңізге рахмет!