Жаңа заң: буллинг үшін 37 мың теңге айыппұл салынады
АСТАНА. KAZINFORM - Jibek Joly телеарнасында елдегі әлімжеттік мәселесі көтерілді. «Жаңа уақыт» бағдарламасында келтірілген деректерге сай, елімізде балалардың 66 пайызы буллингке ұшырайды екен. Әйелдер құқығы және балалардың қауіпсіздігі туралы жаңа заңға сай, енді құрдасына қорлық көрсеткен баланың ата-анасына 37 мың теңге айыппұл салынады.
Күш көрсетуден көш бастап тұрған өңірлер бар. Олар: Түркістан, Алматы облысы, Қызылорда, Жамбыл облысы, Алматы қаласы. Жалпы жасөспірімдердің 17,5 пайызы буллингке ұшырайды. Оның шамамен 7 пайызы айына 2-3 рет әлімжеттік көреді.
Кемсітіп, кекетіп-мұқату — ұрып-соғудан да ауыр тиеді. «Бойың қысқа, көзің қысық, ң-ға тілің келмейді» деген сөздер де — нағыз буллинг.
Психологтер балаға ата-анасы, айналасы жеткілікті көңіл бөлмесе де, агрессия танытатынын айтады.
«Қазіргі ата-аналардың көбі Кеңес одағы тарап жатқан кездегі балалар ғой. Ол кезде балалар көбінесе қараусыз қалды. Күнкөрістің қамымен таңнан кешке дейін еңбек еткен ата-аналар балаға көп көңіл бөле алмады. Қазір ата-аналардың статистикасына қарайтын болсақ, гиперапека белең алған», — дейді психолог Айгүл Наурызбаева.
Әлімжеттік көрген баланың алдымен мінез-құлқы өзгереді. Сабақ үлгерімі нашарлап, көп нәрсеге зауқы соқпайды.
«Мұндайда „Саған кім тиісті? Директорға қоңырау шаламын“ деуден аулақ болыңыз. Істі дабыра қылып, шу шығарсаңыз, қатарластары онымен араласпай, „арыз жазғыш“ деп айдар тағуы мүмкін. Бірінші оның сынып жетекшісі мен жақын достарынан мән-жайды біліп, психологке жүгінген абзал, - дейді мамандар.
Ал Оқу-ағарту министрлігі мектепте психологтердің жұмысы ақсап тұрғанын мойындайды. Сондықтан ведомство елдің барлық өңірінде психологиялық қолдау орталықтарын ашпақ. Онымен қоса, мектептерде буллингке қарсы бағдарлама басталады.
«Қазір өңірлерде психологиялық қызметтер құрылды. Бұл психологиялық орталықтар бұрын болмаған. Яғни мектептердегі педагог-психологтардың жұмысын үйлестіру және олардың қызметіне әдістемелік қолдау көрсету керек», - дейді ҚР оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.
Ал мәжілісмендер мектептегі психологтердің әлеуметтік жағдайын көтеру керек екенін айтады.
«500 балаға бір психолог деген норматив белгіленген. Бірақ біз 250 балаға бір психолог керек деген норматив енгіздік. Әлеуметтік педагог деген мамандық бар. Әлеуметтік педагогтердің айлық жалақысы төмен. Яғни Д категориясынан С категориясына көтеру мәселесін қайта-қайта айтып жатырмыз», - деп хабарлады депутат Жұлдыз Сүлейменова.
Жақында әйелдер құқығы және балалардың қауіпсіздігі туралы заң қабылданды. Соған сай енді құрдасына қорлық көрсеткен балаға 37 мың теңге айыппұл салынады. Егер бұл әрекет бір жыл ішінде тағы қайталанса, айыппұл 3 есе өседі. Сес көрсеткен 12 мен 16 жастағы жасөспірім болса, ата-анасы жазаланады. Жаңа заңға сәйкес енді лагерь, сауықтыру орталықтары сынды мекемелер еш ескертусіз тексеріледі.