Жаңа заң нормасы талапты күшейтті: байланыс операторлары интернет алаяқтықты тоқтата ала ма

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды. 

Жаңа заң нормасы талапты күшейтті: байланыс операторлары интернет алаяқтықты тоқтата ала ма
Фото: picture alliance/Bildagentur-online/Blend Images

Құжатқа сай, енді ұялы телефон, гаджет не смартфонды сатушылар құрылғының сәйкестендіру кодын көрсетуге және оған қатысты ешқандай шектеу не бұғаттау жоқ екенін тексеруге міндеттеледі.

— Ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын өткізу кезінде сатушы тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) фактісін растайтын құжаттарда өткізілетін ұялы байланыс абоненттік құрылғысының сәйкестендіру кодтарын көрсетуге міндетті. Сатушы ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын өткізгенге дейін ұялы байланыс абоненттік құрылғыларының сәйкестендіру кодтарының дерекқоры арқылы өткізілетін ұялы байланыс абоненттік құрылғысының тиісті сәйкестендіру кодтарын шектеулердің немесе бұғаттаудың бар-жоғы тұрғысынан тексеруге міндетті, — делінген заңда.

Сонымен бірге, телекоммуникация және пошта байланысы салаларына да бірқатар талап қойылып отыр.

— Байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтері — телекоммуникациялар және пошта байланысы секторында бекітілген, уәкілетті орган әзірлейтін және бекітетін байланыстың көрсетілетін қызметтерінің ең аз тізбесі, оларды кез келген елді мекенде байланыстың көрсетілетін қызметтерін кез келген пайдаланушыға тағайындалған мерзімде, белгіленген сапада және осы көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ететін баға деңгейінде көрсету әмбебап қызмет көрсету операторлары үшін міндетті болады, — делінген құжатта.

Онда байланыс операторларының қызметіне қатысты шарттар да қамтылған.

— Байланыс операторының өтініші бойынша, уәкілетті органмен келісу арқылы байланыс операторларының ұялы немесе спутниктік байланыс жабдығына арналған антенна-діңгекті құрылысжайларды және (немесе) тіреуіштерді салуы үшін электрмен жабдықтау жүргізілген орындарды береді, — делінген заңда.

Дегенмен, байланыс операторларының құрылғылары талапқа сай болмаса, оны өшіруі не басқа жерге көшіруі керек.

— Байланыс операторларының геостационарлық емес спутниктерінің абоненттік құрылғылары электрмагниттік үйлесімділіктен өтпейді. Геостационарлық емес спутниктік байланыс операторының абоненттік құрылғысы басқа техникалық құралдарға басқа жиіліктерде радиобөгеуілдер жасаған кезде геостационарлық емес спутниктің абоненттік құрылғысының иеленушісі байланыс қызметтері сапасының техникалық параметрлерін өлшеу әдістемесіне сәйкес, уәкілетті органның талабы бойынша мұндай құрылғыны ажыратуға не оның орнын ауыстыруға тиіс, — делінген құжатта.

Байланыс операторларына қатысты өзге де міндеттемелер бар.

— Ұялы байланыс операторлары әлеуметтік және мемлекеттік мәні бар мобильді қосымшаларға әрбір пайдаланушының тәулік бойы және тарифтелмейтін қосылуын қамтамасыз етеді, мұндай қосымшалардың тізбесін уәкілетті орган айқындайды, — делінген құжатта.

Заңда спутниктік байланыс операторларына қойылатын талаптар да қарастырылған.

— Спутниктік байланыс операторларында абоненттік құрылғыларды басқару пультінің болуы және олар Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісу бойынша уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының телекоммуникация желілеріне жалғау (қосу) нүктесін құруға міндетті, — делінген құжатта.

Сондай-ақ, байланыс операторларына:

• абонентті сәйкестендіру және (немесе) аутентификациялау кодтарын, оның ішінде бірінші дыбысбелгіге дейін немесе одан кейін үзілетін шақыруларды;

• алдын ала жазылған дауыстық хабарламаларды өткізу бойынша байланыс операторларымен өзара іс-қимыл жасау талаптары шартта көзделген жағдайларды қоспағанда, осындай хабарламаларды беру үшін жасалатын генерацияланған автоматты шақыруларды өткізуге тыйым салынады.

Бұл талаптар интернет алаяқтықтың алдын алуға арналған.

— Байланыс операторлары құқыққа қайшы әрекеттерді болғызбау мақсатында байланыс желілерінде алаяқтық әрекеттер үшін пайдаланылатын нөмірлер мен трафик белгілері туралы өзара ақпарат алмасуға міндетті, — делінген заңда.

Айта кетейік, аталған заңға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың 19 маусымында қол қойды.

Заң 2027 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 7-тармағы 3-тармақшасының үшінші абзацын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Еске салайық, бұған дейін СҚО-да 30-дан астам интернет алаяқтыққа қатысы бар бес «дроповод» сотталғанын жазғанбыз.