Жаңа заң шағын бизнестің белсенділігіне береке кіргізсе игі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда бизнесті белсенді ете түсу бүгінгі күн тәртібінің өзекті мәселесіне айналды. Биыл кәсіпкерлерді жосықсыз тексеру тыйылып, тексеру атаулыға мораторий жарияланды. Осылайша, бизнесті өркендету арқылы экономиканы дамытудың нақты тетіктері қолға алынып отыр. Ал ондай тиімділіктің тетігіне саналатын зор мәселенің бірі - бизнесті жүргізуге қатысты берілетін рұқсаттар мен хабарламалардың санын барынша азайту.
Елбасы Үкімет алдына осы тапсырманы жүктеп, тиісті заң жобасын Парламентте енгізуді әрі оны шұғыл деп жариялауды жүктеген болатын. Конституцияға сәйкес, Елбасы шұғыл деп жариялаған заң жобалары Парламентте бір айдың ішінде қаралып шығуы шарт. Осыған орай, кеше ғана Мәжіліс «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» заң жобасын қарап, құжатты бірден екі оқылымда мақұлдады.
Қазақстандағы бизнеске береке кіргізуді көздейтін заң жобасы негізінен үш бөлімнен тұрады. Оның бірінші бөлімінде лицензиялау саласындағы проблемалар ескеріле отырып, «Лицензиялау туралы» заң толығымен енген. Екінші бөлім хабарламалар (ескертпелер) туралы ережелерді толық қамтып, онда «Әкімшілік рәсімдер туралы» заң нормалары қамтылған. Үшінші бөлімі толығымен жаңадан жазылған және лицензия болып табылмайтын рұқсат рәсімдерінің мәселелерін регламенттейді. Сонымен қатар, заң жобасының қосымшасына тізім ретінде қарастырылған 736 құжат еніп отыр, соның ішінде 703-і рұқсат, 33-i хабарлама.
Тұтастай алғанда, заң жобасы рұқсат беру жүйесін бірыңғай қағидаттар мен тәсілдерді пайдалана отырып реттеуге бағытталған. Сонымен қатар, құжат негізінен еліміздегі кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға, бизнесті жандандыруға, оның қызмет аясын кеңейтуге жұмыс істемек. Осыған орай, рұқсаттамалар және хабарламалар саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі қағидаттары құжатта қамтылып отыр. Атап айтқанда, ол бойынша тұтынушылар, кәсіпкерлер мен мемлекет мүдделерінің теңгерімі, рұқсат беру мен хабарлама жасау тәртіптерін енгізудің тиімділігі, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен ақпараттың қолжетімділігі қамтамасыз етілетін болады.
«Заң жобасы Қазақстандағы рұқсат беру жүйесінің проблемаларын шешуге бағытталған. Атап айтқанда, қолданыстағы рұқсаттамалардың толық тізбесі жасалады. Жаңа рұқсаттар беруді енгізуде реттеуші әсерлерді талдау қолданылады, рұқсаттар қауіптілік дәрежесі бойынша санаттарға бөлінеді», - деді Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев. Мәселен, оның айтуынша, рұқсаттардың бірінші санатына -лицензиялар, екіншісіне - барлық өзге рұқсаттар, үшіншісіне хабарламалар жатқызылған.
Бұдан бөлек, барлық рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асырудағы бірыңғай стандартталған тәсілдерді бекіту және «жалғыз терезе» қағидаттарын неғұрлым кеңінен қолдану көзделген. Сонымен қатар, ендігіде бизнес ашқысы келетін азамат осы заңдағы қаралған «үнсіз қалу - келісімнің белгісі» атты қағидатты арқау етіп, ешкімге, жосықсыз кедергілерге қарамастан өз ісін дөңгелетуге кірісе алады. Осы тұста «үнсіз қалу - келісімнің белгісі» деген қағидатты қарапайым тілмен түсіндіріп көрсек. Айталық, егерәки қандайда бір шенеунік лицензия беру уақытын бүгінгідей созбалаңға салып, жүріп алса онысынан түк шықпайды. Кәсіпкер де оған соншалықты мән бермейді, бизнес ісі де жапа шекпейді. «Бұл ретте лицензия, егер оның берілуі үшін белгіленген мерзім өтіп кетсе, берілген болып саналады. Осы үшін заң жобасының 26-бабында «рұқсат беруші орган бес жұмыс күні өткенше рұқсатты бермеген жағдайда, рұқсат беру алынған болып саналады» деген норма айқын жазылып отыр», - дейді министр Болат Жәмішев. Ал осындай жағдайда кәсіпкердің қалтасында рұқсат беруді сұраған өтінішінің, яғни «өтінішті рұқсат беруші органда немесе Халыққа қызмет көрсету орталығында қабылданғанын растайтын құжаты» болса болғаны. Сол өтініштің өзі кәсіпкер қызметін заңды бастағандығын куәландырушы құжатқа айналады.
Осы заңның және бір жағымды жаңалықтарына тоқталсақ, құжат ең алдымен жаңадан рұқсат беру шараларын қабылдауға шектеу қоятын болады. Яғни рұқсат беру шаралары шектеліп, бизнесті дамытудың неғұрлым ашық тетіктерін жасауға жол ашылады. Сонымен қатар, ендігіде бизнес үшін жаңа рұқсат Қазақстан Республикасының заңдары және Президент жарлықтарының деңгейінен төмен емес нормативтік құқықтық актілерімен рұқсаттар тізбесіне енгізу арқылы жүзеге асатын болады.
Сонымен қатар, Үкімет заң жобасы аясында 53 рұқсат беру шарасын қысқартуды қарастырған. Қалған 736 рұқсат беру мен хабарландырудың арнайы тізбесі заң жүзінде қалыптасатын болады. Түйіндей айтсақ, ендігіде бизнес ашамын, іс қыламын деушілер қажетті рұқсаттардың тізімін заңнан қарай алады, ал ондағы тізімде болмаған нәрсеге енді рұқсат алу еш талап етілмейді.
Айта кетерлігі, бүгінгі күні кәсіпкерлерге қатысты 458 рұқсат беру құжатының 300-ге жуығы автоматтандырылған екен. Үкімет қалғанын ағымдағы жылдың соңына дейін автоматтандырылған жағдайға жеткізбек. Ал лицензияларға келсек, оларды беру қазірдің өзінде толық автоматтандырылған жүйе енгізілген.
Айта кетерлігі, заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс спикері Қабиболла Жақыпов шағын және орта бизнесті белсенді ету үшін қолдау шаралары, оларды кедергілерден арылту жұмыстары әлі де жеткіліксіз екенін айтқан болатын. Сөз арасында Төраға Қ. Жақыпов Қазақстанның экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі 17 пайызды құрайтынын, ал мұны кемінде 50 пайызға жеткізу керектігіне назар аударды. «Бұл бағытта рұқсаттар мен хабарламалар туралы заңның маңызы зор, біраз кедергілер жойылмақ. Дегенмен, бұл құжаттың өзі де экономиканың ауқымды үлесін, соның ішінде банктік саланы, рұқсат берулерді, жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз ету бойынша мәселелерді түгелдей шеше алмайды. Сондықтан да, мен Үкімет одан әрі осы бағытта жұмысын жалғастырады деп үміттенемін», - деді спикер. Оның айтуынша, бүгінгі күні рұқсат беру жүйелері әлі де тиісті деңгейде реттеліп отырған жоқ. Мәселен, заң жобасы арқылы рұқсат пен хабарламаның 54 пункті жойылса, әлі де 736-ы қалып отыр. «Бізде көптеген органдар бизнестің қандай да бір деңгейде өзіне тәуелді болғанын қалайды. Осымен күресуге тиіспіз. Бұған барынша салмақтылықпен қарап, шағын және орта бизнеске барынша жағдай жасауымыз керек», - деді спикер Қ. Жақыпов.
Сондықтан, Үкімет алдында әлі де қыруар шаралар баршылық. Дегенмен, бүгінгі күні атқарушы билік Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, барлық заңдарды тексеру жұмыстарын қолға алғаны да белгілі. Соған орай, қазірдің өзінде бизнесті дамытуға кедергі келтіретін 230-дан астам норма анықталыпты. Ендеше, алдағы уақытта ондай басы артық нормалардың күші жойылатын немесе олар түзетілетін болады.
Ендеше, бизнесті белсенді ету бағытындағы өзгерістер Қазақстанның жаһандық «Doing business» рейтингіндегі ұстанымын жақсарта түсетіні сөзсіз.