Жаңа ЖИ министрлігінің жұмысын мемлекет шығындарының үнемделуімен бағалау керек – Омар Сұлтан Әл-Олама

АСТАНА. KAZINFORM – Біріккен Араб Әмірліктері жасанды интеллект министрлігін алғаш болып құрған ел болып есептеледі. Осы елді Жасанды интеллект, цифрлық экономика және қашықтан жұмыс істеуге арналған платформалар мәселелері жөніндегі министр Омар Сұлтан Әл-Олама Kazinform тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді.

министр по вопросам искусственного интеллекта, цифровой экономики и приложений для удаленной работы ОАЭ
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

- Сіз 2017 жылы-ақ ең алғаш жасанды интеллект министрі болдыңыз. Қазақстан осындай министрлікті енді құрып жатыр. Тәжірибеңізге сүйеніп қандай қателіктерден сақ болуға кеңес бере аласыз?

- Мұндай ведомствоны жоқ жерден құрып жатқан болсаңыздар, ұзақ мерзімді бағыттарға назар аудару қажет. Мысал келтірейін. Бұрын жасанды интеллектімен байланысты технологиялар адам басқаруынсыз жүретін көлік түрлеріне, қуатты есеп машиналарына керек деген түсінік болды. Үлкен тілдік модельдер туралы көп айтылмайтын. Біздің ел бұл саланы дамытуда нақты бір бағдарламалармен әуестеніп кетпей, жалпы адами капиталды дамытуға күш салды. Осының арқасында біраз нәтижеге жеттік те.

Мен Президенттен және осы салаға жауапты министрден Қазақстан да осындай бағытқа бет алғанын естідім. Демек Қазақстан да алысқа бағдар тігіп отыр. Мемлекеттеріңіз жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар толқынын қалыптастыра алатынына сенімдімін.

- Жасанды интеллект министрлігінің «жетістігі» қандай нәтижелерден көрініс табу керек?

- Қазақстанға үш негізгі бағытқа назар аударуды ұсынар едім. Біріншісі – үнемдеу. Яғни цифрлық шешімдер мемлекеттің шығынын күрт азайта алу керек. Алайда, қанша ақша үнемделгені ғана емес, азаматтардың өмір сүру сапасы қаншалықты жақсарғаны да маңызды.

Екінші көрсеткіш – жасанды интеллектіні техникалық тұрғыдан тиімді қолдана алатын мамандар саны. Азаматтар жасанды интеллектіні мейлінше жақсы қолданса, еңбек өнімділігі барынша артады. Бұл елдегі жалпы еңбек өнімділігін көтеруге серпін береді.

Үшінші өлшем – ЖИ-ге бағдарланған отандық компаниялардың саны. Мысалы, біз БАӘ-де ЖИ компанияларға арнайы сауда лицензияларын бердік. Бұл аталмыш кәсіпорындардың дамуын бақылауға көмектесті.

- БАӘ араб тілін жасанды интеллект жүйелеріне біріктіру, тілдік модель құру арқылы өз позициясын нығайтты. Қазақстанда қазақ тіліне ұқсас міндет тұр. Сіздер қандай негізгі қиындықтарға тап болған едіңіздер?

- Бір елде тиімді болған тәсіл басқа елдерде табысты бола бермеуі мүмкін. БАӘ мен Таяу Шығыста араб тілінің диалектісі көп. Жасанды интеллект осы диалектілердің бәрін түсіну керек болды. Мұндай қиындықтар Қазақстанда да өзекті болса, тиісті деректерге үлкен тілдік модельдерді оқыту арқылы шешуге болады. Бұл нәтижелердің сапасын жақсартады.

Мемлекет басшыларыңыздың қазақ және ағылшын тілдерінен басқа бірнеше тілді меңгергені мені таңғалдырды. Мен Қазақстанға тілдік шешімдерді әзірлеуде тыңнан түрен салуға талпынбай-ақ, жинақталған жетістіктерді пайдалану арқылы күшті лингвистикалық экожүйе құра алған елдермен ынтымақтасуды ұсынар едім.

- Еуроодақ та, АҚШ та, БҰҰ да ЖИ саласын реттеудің заңнамасын, стандарттарын бекітуге талпынып отыр. Бірыңғай жаһандық ереже әзірлеу мүмкін деп ойлайсыз ба? Әлде реттеу тәсілдері аймақтар мен блоктар арасында бытыраңқы күйде қала ма?

- Бұл керемет сұрақ. Мен бұған екі аспекті бойынша қарайтын едім. Фейктен туындайтын мәселелерді жаһандық нормаларсыз тиімді реттеу мүмкін емес. Өйткені мұндай технологиялар бүкіл әлемге таралуы мүмкін. Бұл жағдайда халықаралық ымыра мен үйлестіру керек.

Ал Қазақстанға өзі үшін маңызды мәселелер бойынша реттеу тетіктерін жедел енгізуге мүмкіндік беретін икемді заңнамалық процестің болғаны маңызды. Ал ұлттық шеңберге сыймайтын мәселелер бойынша жаһандық альянстар мен халықаралық ұйымдарға қосылу керек. Басқаша айтсақ, бұл істе де жергілікті бастамалар мен халықаралық ынтымақтастық арасында тепе-теңдік сақталу керек.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті.

 

Соңғы жаңалықтар