Жаңа жыл кезінде қай жерлерде пиротехника қолдануға тыйым салынады
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласы төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Бабаев Жаңа жыл мерекесіне арнап шырша тігу мен пиротехника қолданудың тәртібін түсіндірді.
— Шыршаларды құламайтындай етіп, дұрыстап бекіту керек. Сонымен қатар эвакуация кезінде қолданылатын шығу жолдарына орнатуға болмайды. Шырша безендіруге арналған электрлі әшекей шамдар зақымдалмаған, зауыттан шыққан болу керек, — деді ол өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Сондай-ақ, ол базардан пиротехника сатып алған кезде неге мән беру керектігін айтты.
— Ал пиротехниканы ашық алаңда қолдану керек. Автокөлікпен пен ғимараттардан 50 метр қашықтық сақтап қолдану қажет. Балаларға беруге, желді күні қолдануға, шатыр асты мен ағаштардың қасында тыйым салынады. Пиротехниканы сыртындағы нұсқаулық бойынша қолданған жөн. Базардан сатып алсаңыз, сертификатын талап етіңіз, — деді ол.
Бүған дейін өңірлерде жаңажылдық шырша бағасы қанша екенін жазған едік.