Жаңа жылда полицияға 11 мыңнан астам қоңырау түсті — ІІМ
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Ішкі істер министрлігі ел аумағында Жаңа жыл мерекесінің тыныш әрі қауіпсіз өткенін хабарлады. Министрліктің мәлімдеуінше, мерекелік кезеңде полиция қызметкерлері күшейтілген қызмет режиміне көшкен.
31 желтоқсан мен 1 қаңтар аралығында полицияның «102» жедел желісіне 11 448 қоңырау түскен. Оның ішінде 3 082 өтініш түнгі уақытта тіркелген. Хабарламалардың басым бөлігі анықтама алу сипатында болған.
ІІМ мәліметінше, тұрғындар көбіне пиротехникалық бұйымдарды пайдалану тәртібі, мұз айдындары мен жаңа жылдық шыршалардың орналасқан жері туралы сұраған. Сонымен қатар сырғанақтарда адасып кеткен балалар, дұрыс қойылмаған көліктер мен жолдан шығуға байланысты қиындықтар жөнінде де хабарламалар түскен.
Жалпы алғанда, ведомство дерегіне сәйкес, Жаңа жыл түні елде елеулі құқықбұзушылықтар тіркелмеген. Қоғамдық орындар мен көшелерде ауыр және аса ауыр қылмыстар болмаған.
Айта кетейік, Алматыда Жаңа жыл түні пиротехникадан 20 адам зардап шеккен.