Жаңа жылда тамақтан уланып қалмаңыз — эпидемиолог кеңесі
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында алматылық эпидемиолог тамақтан уланбаудың қарапайым ережелерін түсіндіріп берді.

Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гаухар Каткенова тамақтан уланудың алдын алу шаралары туралы айтып, жаңа жылдық үстелге арналған өнімдерді қауіпсіз етіп таңдау ережелерін еске салды.
— Мереке қарсаңында біз санитарлық дәрігерлер ретінде жаңа жылдық дастарханға тамақ өнімдерін таңдау және тұтыну кезінде қауіпсіздікті сақтаудың маңыздылығын еске саламыз. Тамақтан уланып қалмас үшін қарапайым ережелерді сақтау маңызды: балғын өнімдерді таңдау, жарамдылық мерзімдерін тексеру және жабайы базарлардан тамақ алмау, — деп атап өтті Г.Каткенова.
Сарапшы сонымен қатар тағамды сақтау мен дайындау кезінде назар аударуды қажет ететін тұстарды атады.
Атап айтқанда:
— Азық-түлік таңдау: балғын өнімдерді сатып алыңыз, жарамдылық мерзімін, қаптаманың сапасын тексеріңіз және жабайы базарлардан сатып алудан аулақ болыңыз.
— Сертификаттар: тауарлардың сапа және қауіпсіздік сертификаттары бар екеніне көз жеткізіңіз.
— Сақтау: температуралық режимді сақтаңыз, әсіресе сүт және ет өнімдері үшін, шикі және дайын тағамдарды бөлек сақтаңыз.
— Гигиена: тамақ дайындау кезінде қолыңызды үнемі жуыңыз және санитарлық нормаларды сақтаңыз.
— Термиялық өңдеу: ет пен балықты жақсылап пісіру керек; дайындықты тексеру үшін пісіру термометрін қолдануға болады.
— Тамақтану: тамақты үстел үстінде екі сағаттан артық қалдырмаңыз және асты бірнеше рет қыздырудан аулақ болыңыз.
— Сусындар: алкогольдік сусындардың қаптамасының зақымдануын және жарамдылық мерзімін тексеріңіз.
— Біз ата-аналарды балаларға гигиена негіздерін үйретуге және жүрек айну, құсу немесе диарея сияқты улану белгілері туралы сөйлесуге шақырамыз. Мұндай белгілер пайда болған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгінген жөн, — деп ескертті эпидемиолог.
Оның айтуынша, ұсынылған ұсыныстарды сақтау тамақтан улануды болдырмауға және мереке күндерін қауіпсіз және қуанышты етуге мүмкіндік береді.
Осыған дейін, Алматыда жаңа жылдық шыршалар жәрмеңкесі өтіп жатқаны туралы жазған едік.