16:40, 06 Қаңтар 2009 | GMT +5
Жаңа жылда сержанттардың кәсіби дайындығына баса мән берілмек
ОРАЛ. Қаңтардың 6-сы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Жаңа жылда еліміздің ішкі әскерінде сержанттардың кәсіби біліктілігін арттыруға баса мән берілмек.
Бұл туралы Орал қаласындағы №5515 және 5517 әскери бөлімдерінде өткен жиында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осыған орай арнайы келген ҚР ІІМ Ішкі әскерлер қолбасшысының орынбасары, полковник Әбдісадық Ережепов биыл келісімшарт бойынша қызмет атқарып жүрген сержанттардың кәсіби дайындығына ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Сонан соң ол өткен жылы қару-жарақ сатып алмақшы болған қылмыскерді қолға түсіруге жәрдемдескен №5546 әскери бөлімінің кіші сержанты Руслан Бейсеновке ҚР Ішкі істер министрінің атынан «Құқық тәртібін қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін» мемлекеттік наградасын табыс етті.
Ішкі әскердің Батыс құрамасының командирі, полковник Бауыржан Әбжанов өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы мақсат-міндеттер турасында баяндап берді.
Дәстүр бойынша жыл Батыс құрамада қысқы жауынгерлік оқу-жаттығумен басталып, офицер, сарбаздардың алдына жаңа міндеттер қойылды.