Жаңадан ашылатын жекеменшік мектептер мемлекеттік тапсырысты орындай алмайды - Балаева
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында жекеменшік мектептердің жұмысы қалай реттеліп жатқанын айтты.
- Бүгінде білім беру саласында пилоттық режимде жекеменшік мектептерді цифрлық есепке алуды, негізгі процестерді автоматтандыруды және бюджеттеу жүйесімен синхрондауды көздейтін жаңа тетік енгізілді. Нәтижесінде 785 жекеменшік мектеп толық цифрландырылды, - деді ол.
Аида Балаева мемлекеттік қаржыландыру енді тек өңірдегі нақты қажеттілік бар жекеменшік мектептерге ғана бағытталатынын атап өтті.
- Бюджет қаражатын тиімді әрі мақсатты пайдалану үшін жаңа жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырысты орналастыруға мораторий енгізіледі.
Мемлекеттік қаржыландыру енді тек өңірдегі нақты қажеттілік бар жекеменшік мектептерге ғана бағытталады. Бұл ретте мемлекеттік мектептердің болмауы, үш ауысымды оқытуды жою және апатты мектептердің орнына жаңа білім беру нысандарының салынуы негізгі басымдық ретінде айқындалып отыр.
Білім саласына жекеменшік инвестицияны тарту үшін мемлекеттік тапсырыссыз, тек инвестициялық шығынды өтеу механизмі сақталды.
Осы шаралармен қатар, Оқу-ағарту министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жекеменшік мектептерге лицензиядан кейінгі бақылау жүргізеді. Бақылау аясында білім беру сапасының сақталуына, педагог кадрлармен қамтамасыз етілуіне және балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударамыз, - деді вице-премьер.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі 60 орындық жеке меншік мектепке 600 оқушының ақшасын бөлгені мәлім болған еді.