Жаңадан ашылған шағын және орта бизнес нысанын үш жыл ішінде тексеруге тыйым салынады - заң жобасы
АСТАНА. 25 маусым. ҚазАқпарат - Жаңадан ашылған шағын және орта бизнес нысанын үш жыл ішінде тексеруге тыйым салынады.
Бұл туралы бүгін Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде Экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайынов мәлім етті. Естеріңізге сала кетейік, комитетте «Қазақстан Республикасының кейбір занамалық актілеріне рұқсат беру құжаттарын қысқарту және мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылған болатын.
Вице-министрдің айтуынша, заң жобасы арқылы шағын кәсіпкерлікті бақылау-қадағалау қызметтері реттеледі. «Бұл бағытта заң жобасымен шағын кәсіпкерлік субъектілеріне тіркелген мерзімінен бастап үш жыл бойына жоспарлы тексерулер жүргізуге тыйым салуды қарастырылады. Бұдан бөлек, кәсіпкерлікке қарсы құқық бұзушылықтардың барлық құрамына тек тексеру нәтижелері бойынша ғана әкімшілік жаза қолдану туралы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі нормасының аясы кеңейтіледі. Сонымен қатар, кәсіпкерлік субектілеріне жатқызу критерийлері қайта қаралатын болады. Мәселен, бүгінгі көзқарас бойынша кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің орташа жылдық саны және активтерінің орташа жылдық құны пайдаланылады. Ал ұсынылған өзгерістерге сәйкес объективті активтерінің шекті орташа жылдық құны бекітілетін болады», - дейді заң жобасы бойынша баяндаған Экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайынов.
Оның айтуныша, құжатты қабылдау бизнеске әкішілік ауыртпашылықты азайтады. Кәсіпкерліктің одан әрі дамуына қарқын береді.